Бетперде таңдап отыратын уақыт емес...
Бетперде таңдап отыратын уақыт емес...
177
оқылды
Әлемді жайлаған коронавирус індеті елімізге де келіп жетті. Қорғаныс құралы саналатын бетперде (медициналық маска) тапшылығы жаман аурудың сыбысы естілген сәттен-ақ бас­талған болатын. Енді тіпті үдейтіні анық. Дәріханалар меди­­циналық маскаларды жаппай емес, аптаға бөліп сату бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Денсаулық сақтау басқар­малары үшін бұл мәселе едәуір проблемаға айналды. Қош, сонымен біздің айтпағымыз не? Қорғаныс құралының бұл түрі әлемде болып жатқан толқулар кезінде тапшылығын жоймайтыны белгілі. Ендеше бетперде жетіспеу­ші­­лігінің орнын ертеректе ұмы­­ты­лып кеткен кәдімгі дәке­ден жа­салатын маскамен алмастыра­тын уақыт жетті. Әрине, мұндай бетперделер синтетикалық маска­лар сияқты үлкен сұранысқа ие емес. Сонда да қазіргі таңда мұн­дай бетперделерді дәріханалар желі­­сінен кезіктіруге болады. Дәл қа­зір­гі таңда іздегеніміз жоқ екен деп, таңдау жасап жүретін уақыт емес. Ең бастысы, сырттан келетін ви­русты жұқтырып алмаудың қа­мын жасауымыз керек.
Жуырда әлемде бетперде тап­шылығы сезілгеннен кейін шым­­кенттік кәсіпкер дәкеден бет­­перде жасауды қолға алды. KazTex­Industria ЖШС мұ­ның алдында жа­ңа туған нәрестелер мен меди­ци­налық халаттарға арналған стерильді киім жиынтығын шы­ға­­­рып жүрген болатын. Енді ақ­пан айының басынан өнді­ріс­ке өнімнің жаңа түрін қосты. «Маған бұл ой бұ­қаралық ақпарат құрал­дары мен әлеуметтік желі­лер­де ме­ди­ци­налық маскалардың жоқтығы туралы ақпарат пайда бола баста­ған­да келді. «Халықты неге төрт­қа­батты дәке таңғыштарымен қамтамасыз етпеске» деп ойла­дым. Дәкенің синтетикалық мас­­­калардан айырмашылығы – ал­­­лергия тудырмайды, терінің жақ­сы демалуына мүмкіндік бе­­реді», – дейді серіктестік ди­рек­­торы Н.Иманакунова. – Олар­ды пайдалану кезінде ыл­ғал пай­­­­да болмайды және бұл өзіңіз бі­­­­­летіндей, вирустар мен бак­те­­рия­ларға жақсы қорған бола ала­­ды. Сонымен қатар ол өте тиім­­­­ді. Өйткені дәке бетпердесі бір­­­реттік емес, біраз уақытқа де­йін пай­далануға болады. Оны әр­­­­дайым ыстық сумен, кір са­бын­­­мен жуу керек. Егер қала­са­­ңыз, қайнатып және үтіктеу ар­­­қылы бактерияларды жоюға мол мүмкіндік бар. Мәселен, син­­­­тетикалық медициналық мас­ка­ларды арнайы орынға тастау ке­рек болса, ал дәке тез ыдырайды және қоршаған ортаға зиянын ти­гіз­бейді.
Серіктестік басшысы Наргиза фармацевт мамандығы бойынша бі­лім алған. Бірнеше жыл бойы ше­телдік фармацевтикалық ком­па­­нияда жұмыс істеп, 2010 жы­лы өзі­нің жеке кәсібін ашуға бел буып­­ты. Бастапқыда стериль­ді қол­­ғаптарды шығаруды жоспар­ла­ға­нымен, оған қомақты қаржы керек болады. Сондықтан бұл идеясынан бас тартуға тура келген. Ал жаңа туған нәрестелерге арнал­ған киім шығару жобасы сәтті бол­ды. Бүгінгі таңда бұл өнімдер Қазақ­станның дәріханаларында саты­луда. «Бұл стерильді ішкиім им­мундық жүйесі жұмыс істей бастаған нәрестелерге арналған. Киім сәбиді инфекциядан қорғай­ды. Біз жаңа туған сәбилерге қа­­жетті жейделер, шапкалар, сыр­ғыт­­палар мен жаялықтарды Ре­­­сей­­дің шыт матасынан тігеміз. Өнім­­дер бактериологиялық және ток­си­кологиялық зертханалар­да тексеріліп, бірнеше сатыда сына­лады. Өнімдеріміз босанғаннан кейін ауруханада да, үйде де қол­­дануға арналған. Сәбилерге ар­нал­ған бұл бұйымдар мөрленген қап­­тамада сақталады. Біздің ком­­па­ния таяу күндері босанған әйел­дерге ар­­налған стерильді киім – ха­латтар мен жейделер тігуді жос­­­парлап отыр. Қазіргі таңда компанияның Ал­маты облысы мен Шымкент қала­сында екі тігін шеберханасы жұмыс істеп тұр. Сайрамдағы ша­ғын шеберханада 37 тігінші қызу жұ­мысқа кіріскен. Компания өнім­нің жаңа түрін жақында жа­рия­лағандықтан, тапсырыстар енді-енді жиналып жатыр. Әзірге Шым­кент дәріханаларынан ауыс­пай тұр екен. Сонымен қоса Түр­кіс­тан облысының Келес ауданына дәке бетперденің 1000 бумасы жөнелтіліпті. Оның әрқайсысы 20-50 және 100 данадан тұрады. Ал біз медицина маманы Нар­ги­заның дер кезінде қолға алған ісі­­не риза болып қалдық. Ендеше дәріханаларда синтетикалық мас­ка жоқ болса, оның орнына дә­ке­ден ті­гілген бетперде алсаңыз да ұтыл­май­­сыз...  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы