Жуырда әлемде бетперде тапшылығы сезілгеннен кейін шымкенттік кәсіпкер дәкеден бетперде жасауды қолға алды. KazTexIndustria ЖШС мұның алдында жаңа туған нәрестелер мен медициналық халаттарға арналған стерильді киім жиынтығын шығарып жүрген болатын. Енді ақпан айының басынан өндіріске өнімнің жаңа түрін қосты. «Маған бұл ой бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде медициналық маскалардың жоқтығы туралы ақпарат пайда бола бастағанда келді. «Халықты неге төртқабатты дәке таңғыштарымен қамтамасыз етпеске» деп ойладым. Дәкенің синтетикалық маскалардан айырмашылығы – аллергия тудырмайды, терінің жақсы демалуына мүмкіндік береді», – дейді серіктестік директоры Н.Иманакунова. – Оларды пайдалану кезінде ылғал пайда болмайды және бұл өзіңіз білетіндей, вирустар мен бактерияларға жақсы қорған бола алады. Сонымен қатар ол өте тиімді. Өйткені дәке бетпердесі бірреттік емес, біраз уақытқа дейін пайдалануға болады. Оны әрдайым ыстық сумен, кір сабынмен жуу керек. Егер қаласаңыз, қайнатып және үтіктеу арқылы бактерияларды жоюға мол мүмкіндік бар. Мәселен, синтетикалық медициналық маскаларды арнайы орынға тастау керек болса, ал дәке тез ыдырайды және қоршаған ортаға зиянын тигізбейді.Серіктестік басшысы Наргиза фармацевт мамандығы бойынша білім алған. Бірнеше жыл бойы шетелдік фармацевтикалық компанияда жұмыс істеп, 2010 жылы өзінің жеке кәсібін ашуға бел буыпты. Бастапқыда стерильді қолғаптарды шығаруды жоспарлағанымен, оған қомақты қаржы керек болады. Сондықтан бұл идеясынан бас тартуға тура келген. Ал жаңа туған нәрестелерге арналған киім шығару жобасы сәтті болды. Бүгінгі таңда бұл өнімдер Қазақстанның дәріханаларында сатылуда. «Бұл стерильді ішкиім иммундық жүйесі жұмыс істей бастаған нәрестелерге арналған. Киім сәбиді инфекциядан қорғайды. Біз жаңа туған сәбилерге қажетті жейделер, шапкалар, сырғытпалар мен жаялықтарды Ресейдің шыт матасынан тігеміз. Өнімдер бактериологиялық және токсикологиялық зертханаларда тексеріліп, бірнеше сатыда сыналады. Өнімдеріміз босанғаннан кейін ауруханада да, үйде де қолдануға арналған. Сәбилерге арналған бұл бұйымдар мөрленген қаптамада сақталады. Біздің компания таяу күндері босанған әйелдерге арналған стерильді киім – халаттар мен жейделер тігуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда компанияның Алматы облысы мен Шымкент қаласында екі тігін шеберханасы жұмыс істеп тұр. Сайрамдағы шағын шеберханада 37 тігінші қызу жұмысқа кіріскен. Компания өнімнің жаңа түрін жақында жариялағандықтан, тапсырыстар енді-енді жиналып жатыр. Әзірге Шымкент дәріханаларынан ауыспай тұр екен. Сонымен қоса Түркістан облысының Келес ауданына дәке бетперденің 1000 бумасы жөнелтіліпті. Оның әрқайсысы 20-50 және 100 данадан тұрады. Ал біз медицина маманы Наргизаның дер кезінде қолға алған ісіне риза болып қалдық. Ендеше дәріханаларда синтетикалық маска жоқ болса, оның орнына дәкеден тігілген бетперде алсаңыз да ұтылмайсыз...
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы