Елімізде дәретханасы далада орнатылған мектептердің 60 пайызы Түркістан облысында орналасқаны және тозығы жетіп тұрған дәретханалардың жағдайы тіптен сын көтермейтіні жайлы мақала жарияланған болатын. Алайда облыстағы салаға жауапты құзырлы орган басшылығы аталған олқылықтардың күзге дейін реттелетінін айтты. Дегенмен редакцияға Түркістан облысында дәретханаларды салу үшін ұстаздар мектеп бітіріп кеткен түлектерден көмек сұрап жатыр деген ақпарат түсті. Жоғарыда айтылған мәселенің анық-қанығын білу мақсатында облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының (бұрынғы білім басқармасы) басшысы Рахымбек Жолаевқа хабарласқан едік. Басқарма басшысының айтуынша, тұрғындар саны басқа аймақтардан едәуір көп Түркістан облысында білім саласында орындалатын жұмыстар көп болса, шешуін таппай жүрген мәселелер де жетерлік екен. Айталық, облыста апатты жағдайдағы білім ордалары мен саз балшықтан салынған мектептер әлі күнге дейін бар. Ал мектептегі дәретханалардың басым бөлігі ескірген, тіптен көбі талапқа сай емес. Облыстың бас ұстазы білім ошақтарының далада орналасқан дәретханасы жайлы да айтып берді. «Облысымыздағы 907 (900 – мемлекеттік, 7 – жекеменшік) мектептің 796 ауылдық елді мекендерде, ал 110-ы қалалық жерлерде орналасқан. Осы 796 мектептің дәретханалары орталықтандырылған кәрізбен байланысы жоқ. Елді мекендерде ауызсу, ішкі су және орталықтандырылған кәріз жүйесінің болмауы күрделі мәселе болып тұр. Сондай-ақ 906 мектептің 172-нің ғимараты ыңғайластырылып салынған. Оның ішінде саман қыштан салынған мектептің саны – 52», – деді басқарма басшысы. Рахымбек Қуатбекұлының мәліметінше, қазіргі таңда 584 мектептің ішкі дәретханаларын және ғимараты ыңғайластырылған 172 мектептің ауласында орналасқан дәретханаларды ретке келтіру үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан жобалау-сметалық құжаттамалар әзірлеуде.
«2020 жылғы 1 қыркүйекке дейін барлық мектептердегі ішкі дәретханалар қалпына келтіріліп, сыртқы дәретханалар санитарлық талаптарға сәйкестендіріледі. Қазіргі таңда аудан, қалалық бюджеттен 407,9 млн теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүруде. 2020-2022 жылдарға арналған аудандық бюджетті нақтылау кезінде қаржы қаралатын болады», – деді Рахымбек Қуатбекұлы.Осы орайда, жергілікті әкімшіліктер «мектептердегі ескіріп, құлауға айналған дәретханаларды күрделі жөндеуден өткізіп, реттеу үшін немесе жаңасын салу үшін жергілікті әкімдіктегілер қаржы бөлуі тиіс. Дей тұрғанмен, дәретхана салу үшін кейбір аудандарда жергілікті билік өкілдері мектеп басшылығы мен мұғалімдерге ақша жинатып жатыр екен» деген қауесеттің барын алға тарттық. Сондай-ақ мұғалімдер мектеп бітіріп кеткен түлектерден көмек сұрап жатқаны жайлы да айтылды. «Дәретханалардың құрылысына немесе қайта жөндеу жұмыстарына ата-аналардан қаржы жиналып жатыр» деген ақпарат негізсіз, «жергілікті басқару орындарының қаржыны демеушілер арқылы іске асырып жатқаны заң шеңберінде жүргізілуі мүмкін. Мұғалімдерден ақша жинау, құрылыс жұмыстарына тарту қатаң тыйым салынған» деген жауап алдық. Ауылдардағы мектептердің жағдайын білмек болып, Кентау қаласына қарасты Бабайқорған ауылдық округінің Абай ауылындағы «Абай» атындағы жалпы білім беретін орта мектептің директоры Ізетулла Адаевқа хабарласып едік, «мектебіміздің дәретханасы далада қашықтау жерден салынған. Тозығы жеткендіктен, тіптен құлайын деп тұр. Дегенмен биыл Кентау қаласының білім бөлімі басшыларының араласуымен жергілікті әкімдіктен 5 млн теңге қаржы бөлініп жатыр. Қазір салынатын нысанның жобасы сызылып, дайындалуда», – деді.
Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы