Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде қылмыстық топтың төрт белсенді мүшесі ұсталды.
Интернет арқылы есірткі таратқан қылмыстық топ құрықталды (видео)
Фото: polisia.kz
1,024
оқылды

Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы басқа да полиция бөлімшелерімен бірлесіп жүргізген арнайы жедел-іздестіру  шаралары нәтижесінде, интернет желісі арқылы есірткі мен психотроптық заттарды заңсыз өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Тергеу барысында аталған қылмыстық топты Алматы қаласының тұрғыны ұйымдастырғаны анықталды. Ол интернет-дүкендер құру арқылы Батыс Қазақстан облысы аумағында есірткі заттарын таратуды жүйелі жолға қойған. Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде топтың төрт белсенді мүшесі ұсталды.

Ұсталғандардың бірі – 27 жастағы Алматы қаласының тұрғыны, ол қалааралық курьер ретінде Орал қаласына есірткі жеткізіп отырған. Жеке тінту кезінде оның үстінен 145 оралған есірткі дозасы тәркіленді.

Сондай-ақ Орал қаласының 25 жастағы тұрғыны, есірткі тасымалдау желісіндегі "оператор-қоймашы" рөлін атқарған азамат ұсталды. Оның пәтерінен мефедрон, марихуана, электронды таразы мен орау материалдары тәркіленді.

Қылмыстық схеманың тағы екі қатысушысы – Орал қаласының тұрғындары есірткі жасырушы ретінде анықталып, олардан 100 zip-пакетке салынған дайын есірткі заттары алынды.

– Қазіргі уақытта топ ұйымдастырушысына қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 262-бабы 1-бөлігі бойынша ("Ұйымдасқан қылмыстық топты құру және басқару"), ал қалған қатысушыларға 262-баптың 2-бөлігі бойынша ("Қылмыстық топтың құрамында әрекет ету") қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының жіті бақылауында, –  делінген ақпаратта.

Жалпы алғанда, құқық қорғау органдары шамамен 1 000 бірреттік дозаны заңсыз айналымға жіберудің жолын кесті. Қазіргі таңда ұйымдасқан топтың басқа да мүшелерін анықтау және жауапкершілікке тарту бойынша тергеу амалдары жалғасуда.