Батыс Қазақстан облысы орманшылары мен төтеншеліктер бірлесіп орман және дала өртінің алдын алуға арналған «Өрт» республикалық оқу-жаттығу жиынын өткізді. Оқу-жаттығуға облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы мен орман шаруашылығы саласының қызметкерлері қатысты. Оқу-жаттығу жұмысының барысын бақылау үшін облыс әкімінің аппарат басшысы Нұрділда Ораз қатысты.
Орман алқаптарын өрттен қорғау маңызды
2,530
оқылды

Батыс өңірі – жасыл желек­ке бай өңір. Облыста 216 мың 815 гек­тардан асатын орман ал­қабы бар. Бұл орман алқабын кеңіту мақ­сатында жылда жас те­рек­тер егі­леді. Бұдан бөлек, бар ағаш­­тар­ды қорғау маңызды. Яғни, жаз ай­ларында орман алқабын өрт­тен қорғау үшін орманшылар кір­пік қақпай кезекшілік атқарып еңбек етеді. 

Жаз – өрт қаупінің күшейетін кезі. Өрт осы маусымда, әсіресе ор­мандар мен дала алқаптарында жиі байқалады. Мұның себебі не­гізінен азаматтарымыздың жаз ай­ларында бұл қауіпті елемей, нем­құрайлы қарауынан болып жүр. Оған далалық өрт деп жеңіл-жел­пі қарамау керек. Далалық ал­қаптарда тұтанған өрт маңайын­дағы елді мекендерге де қауіп төн­діреді. Үлкен материалдық шы­ғын әкеледі. Адамдардың ден­саулығына зиянын тигізіп, сақ­тан­баса өмірлерін де жалмауы мүм­кін. Сондықтан өрт қаупіне әр­кез абай болған жөн.

Өкінішке қарай, адамдардың өрт қауіпсіздігі шараларына нем­құрайлы қарау салдарынан орман ал­қаптарында қызыл жалын тұ­та­нып тұрады. 2024 жылы бір орман өрті тіркеліпті. Осындай орман ал­қап­тарында өрттің болмауын қам­тамасыз ету үшін әрі өрт бола қал­ған жағдайда оны тез өшіруді ұйым­дастыру үшін далалық жер­де­гі оқу-жаттығу жиындарының бе­рері мол. 

Жыл басталғалы бері облыс ау­ма­ғында 183 өрт оқиғасы тір­кел­ген. Жаз басталып үлгермесе де, осы жылдың өзінде бір дала өрті тір­келіп үлгерген. 

Статистикалық талдау мәлі­мет­­теріне сүйенсек, орман өртінің 10 жағдайының 9-ы сөндірілмей қалған оттардан, тастай салған те­мекі тұқылынан және сіріңке ша­­­ғудан, құрғақ шөпті өртеу се­беп­терінен болады екен. Әсіресе, аса ыстық, аптапты күндері сәл ұш­қынның өзі далалық шабын­дық­та өрттің тұтануына жеткілікті.

Міне, бүгінгі оқу-жаттығу жиы­нына азық болған сценарий үл­гісі де осындай. Алдын ала бе­кі­тілген сценарийге сәйкес шөп шауып жүрген шаруаның трак­то­рының ұшқыны Барбастау өзені бойындағы орман алқабының өртенуіне әкеліп отыр. Айнала лез­де қара түнекке айналды. Тө­тен­шеліктер дереу атқа қонды. Мақ­саттары айқын. Орман алқа­бындағы өрттің жайылып кетпеуін қадағалау, айналадағы елді мекен­дерге өрт ұшқынын жібермеу. 

– Мұндай оқу-жаттығу жиын­да­ры төтеншеліктердін дайын­ды­ғын пысықтайды. Қазір бұл жерде БҚО ТЖД 150-ге жуық қызметкері бар. 40-қа жуық техника жұмыс іс­теп жатыр. Бұл – жылда өтетін оқу-жаттығу жиыны. Тек былтыр өңірдегі су тасқынына байланысты өт­пей қалды. Себебі біз былтыр дәл осы уақытта саяжайлықтарды су­дан құтқарып, бөгет тұрғызу жұ­мыстарына жұмылдырылдық. Биыл міне қайтадан далалық оқу-жат­тығу жиынын өткізіп, дайын­ды­ғымызды шыңдап жатырмыз. БҚО ТЖД техникалық базасын жақ­сартуды да жоспардан тыс қал­ған емес. Себебі дала өртін сөн­діру үшін жақсы техника қа­жет. 2023 жылы республикалық бюд­жеттен бөлінген қаржыға 8 тех­ника сатып алсақ, жергілікті бюд­жеттен бөлінген ақшаға 12 тех­ника алдық. Ал 2024 жылы тек рес­публикалық бюджеттен 8 тех­ника сатып алдық. Биылғы жылы республикалық бюджеттен 5 тех­ника, ал жергілікті бюджеттен 19 тех­ника алдық. Өздеріңіз көріп тұр­ғандай, жергілікті және рес­пуб­ликалық деңгейде де қолдау ба­рын айтқым келеді, – деп атап өтті БҚО ТЖД басқарма басшысы Дамир Салихов. 

Төтеншеліктер далаға дема­лысқа шығатындар от жағудың ере­жесін сақтаса екен дейді. 

– От жағудың өз ережелері бар. Егер оны сақтамаған жағдайда де­малыс азапқа айналуы әбден мүмкін. Отты 0,5 метрден кем емес минералдық жолақпен қор­ғал­ған орында жағу керек. Ол қыл­қан жапырақты ағаштардан, ағаш бұтақтарынан, құрғақ шөп­терден қашық болу керек. Сондай-ақ демалған орыннан қайтар кезде отты міндетті түрде сөндіріп кету қа­жет. Егер де жақын жерде су бол­маса, оны топырақпен көму қа­жет. От шоқтары әбден сөніп бол­ғанша, оның қасынан кетпей, қа­да­ғалаған жөн, – деп атап өтті төтен­шеліктер. 

Кезекті іс-шара басқару ор­­гандарының, азамат­тық қорғау аумақтық кіші жүйесі күштері мен құралдарының та­би­ғи өрттер туындаған кездегі іс-қи­мылдарға дайындық деңгейін арт­тыру мақсатында ұйымдас­ты­ры­лады.

Семейдегі орман өртінен кейін орманшыларға да көңіл бө­лін­­гені белгілі. Оның игілігін ба­тыс­­қазақстандық орманшылар да көрді. 

2023 жылы Президент тапсыр­ма­сына сәйкес және облыс әкі­мі­нің тікелей қолдауымен облыстық бюд­жеттен 1 миллиард 187 млн қар­­­­жы бөлінген еді. Сол кезде ол қар­­жыға 25 трактор, 13 автокөлік, 78 қажетті құрал алынғаны есі­міз­де. Кейін облыстық бюджеттен 78 млн қаржы бөлініп, оған 420 ра­ция және 135 аспалы су шашқыш, 6 өрт сөндіруге арналған кешенді көлік, 4 дрон алынды. БҚО бойын­ша өртті бақылауға арнал­ған 8 мұнара бар. Сол сегіз мұнара­ға бейнекамера қойылды. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, Батыс Қазақстан облысы