Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары қазіргі уақытта «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын талқылап жатыр. Мамандар «Жасанды интеллект туралы» заң – ол жай құжат емес, адам құқығы мен технология арасындағы тепе-теңдікті табуға жасалған талпыныс, жеке адамдардың, жеке деректердің қауіпсіздігі және құпиялылығы мәселелері екенін ескертеді. Біз газетіміздің «Алаң» айдарында жасанды интеллекттің мектеп бағдарламасына ену мүмкіндіктерін талқылаған едік.
Ақылды мектеп: болашақтың кілті кімнің қолында?
574
оқылды

ЖИ технологияларының үздіксіз әрі тез дамуы және оның мүмкіндіктері шек­теусіз екені кейбір жағдайда алаңдаушы­лық тудырады. Бірнеше жыл бұрын қиял-ғажайып болып көрінетін дүниелер қазір шындыққа айналып келеді. Кейінгі кез­дері «дүниеге келген» адам секілді жас­ан­ды интеллект үлгілері батыл гипотезаның мүмкін екенін мойындатып отыр. Бірақ ЖИ чат-боттарын шындық машиналары деп қабылдау – үлкен қателіктерге ұрын­дыруы әрі қауіпті болуы мүмкін. Сондық­тан Еуропа қауіпті ЖИ жүйелеріне тыйым салып жатыр. АҚШ адам қадірін сақтау туралы талап қойса, Қытай deepfake пен ұсыныс алгоритмдерін қатаң реттеп отыр.

Академиялық адалдық қағидаты сақталуға тиіс

– Дайындалып жатқан «Жасанды ин­тел­лект туралы» заң жобасында мұғалімдер мен оқушылардың ЖИ-ді қалай немесе не үшін пайдалануы керектігі туралы қандай нормалар бар? Сондай-ақ ЖИ-дің мектеп­тер­ге енудегі пайдасы мен зиянының аражі­гін қалай ажыратуға болады? 

Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Мәжіліс депутаты:

– Қазіргі кезде Парламент Мәжілісінде «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы жан-жақты талқылануда. Қоғамда тал­қы­лан­­ып жатқан жасанды интеллектке қа­тыс­ты сұрақтардың барлығы осы заң жо­ба­сының аясында қарастырылып, құқықтық тұрғыдан реттелуі көзделуде.

Заң жобасында жасанды интеллектті әртүрлі салаларда, соның ішінде мемле­кет­тік органдарда қолдану ерекшеліктері қарастырылған. Осы тұрғыда жасанды ин­теллектті білім беру жүйесіне енгізу ер­ек­ше маңызға ие. Жасанды интеллектті білім беру ұйымдарына енгізудің негізгі мақсаты – білім сапасын арттыру, оқу процесін жетілдіру және оқушыларды заманауи технологияларға икемдеу. Жас­анды интеллект әрбір оқушының қажет­тілігіне бейімделген білім беру бағдарла­маларын ұсынуға, жеке ұсыныстар беруге мүмкіндік береді. Мұғалімдерді кейбір әкімшілік және әдістемелік міндеттерден босатуға септігін тигізетін болады.

Оқушылар жасанды интеллектті білім алудың, зерттеудің, шығармашылықпен ай­на­лы­судың тиімді құралы ретінде пай­да­лануға тиіс және оның тек көмекші құ­рал ­екенін, ол адамның логикалық ой­лау­ын алмастырмайтынын терең түсінуі қажет. Олар академиялық адалдық қағи­да­ларын сақтау, жасанды интеллект көме­гі­мен көшіруге жол бермеу және осы тех­ноло­гияны мектептің ішкі тәртібіне сай дұрыс пайдалану тұрғысынан жауапкерші­лікке ие болуға тиіс. Сонымен қатар оқу­шы­ларда цифрлық сауаттылық пен жас­ан­ды интел­лект ұсынған ақпараттың ма­з­­мұны мен мақсатын түсініп, оны саналы түрде пайда­лану мәдениетін қал­ып­тастыру қажет.

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, Мәжіліс депутаты:

– Жасанды интеллект мектептерге әлі енбеді. Енгізу үшін ең алдымен академия­лық адалдық ережесі енгізіліп, жасанды ин­тел­лектті қашан қолданады, қалай қол­данады, аражігін ажырату қажет. Жас­анды интеллект – білім сапасын арттыру, оқу­шы­­лардың жеке қабілеттеріне сай оқу траек­ториясын құру және оларды бола­шақ­тың цифрлық дағдыларына бейім­деуде оқушылар үшін тек көмекші құрал, ойлау, талдау, іздену, шығармашылық қа­білет­терін ұштауда да тек қана көмекші құрал. Оқу­шылар жасанды интеллектті саналы түрде, академиялық адалдық қа­ғи­д­аты негізінде пайдалануға тиіс. Бұл де­геніміз – академия­лық адалдықты сақ­тау, барлық ақпарат көздеріне сыни көз­қараспен қарау, өзіндік ойлау қабілетін төме­ндетпей, AI-ды тек көмекші құрал ретінде пайдалану. Сонымен қатар дербес деректердің қауіпсіздігін сақтау, этиканы сақтау оқушылардың жауапкершілігіне кіреді.

Жасанды интеллект – заманауи құрал. Бірақ ол педагогті алмастырмақ емес. Кері­сінше, ұстаздың рөлі мен кәсібилігіне жаңа серпін деп санаймын. Білім берудің өзегінде адам тұруға тиіс. Сондықтан қан­дай дамыған технология болмасын, басты шешім де, басты жауапкершілік те ұстазда. Халықаралық тәжірибе осыны дәлелдейді. Финляндия білім жүйесінде жасанды ин­тел­лект оқу процесін жекелендіру мен саралауда пайдаланылады. Бірақ шешуші рөл – ұстазда: ол оқушының нақты жағ­дай­ын, психологиялық күйін, әлеуетін ба­ғалай алады. Ал Жапонияда технология тек көмекші құрал ретінде қарастырылып, әрдайым педагогтің бақылауында болады. Ұстаз – тек білімді үйретуші ғана емес, тәр­биеші, бағыттаушы және шабыттан­дыру­шы тұлға. Германияда да оқыту бар­ы­сында ЖИ қолданылса да, сабақ маз­мұны мен формасын таңдауда соңғы сөз – мұғалімде. Бұл елдерде жасанды интел­лект – тек талдау, ұсыныс, автомат­тан­дыру құралы. Ол балаға эмоциялық қолдау көр­сете алмайды, оның талантын терең сезіне алмайды, тәрбиелік ықпал жасай алмайды. Ал бұл – тек мұғалімнің кәсіби шеберлігіне байланысты.

Жасанды интеллект – көмекші құрал, бір­ақ шешуші рөлде емес. Білім сала­сын­дағы шешуші рөл әрдайым Ұстазда. Оның кәсіби таңдауы, жүрекпен оқытуы, шә­кірт­ке деген шынайы ықыласы ешбір техноло­гия­мен алмастырылмайды. Жас­ан­ды ин­теллектті оқу процесіне қолдану­дың қатаң тәртібі – бұл білім беру жүйе­сін­д­е ЖИ технологияларын пайдалану кез­ін­де нақты ережелер мен бақылау мех­анизмдерін білдіреді. Сонымен қатар балалардың жеке мәліметтері, оның ішін­де биометриялық деректер де бар, ешбір жағ­дайда коммер­циялық немесе өзге де рұқсат етілмеген мақсаттарда пайдаланыл­мауға тиіс. Бұл заң жобасында нақты қа­р­ас­тырылды. Осы нормалардың орын­далу­ын арнайы уәкілетті мемлекеттік ор­ган­дар тұрақты түрде бақылап, қажет бол­ған жағдайда тиісті шаралар қабылдай­тын болады. Яғни, ЖИ қолдану тек технология­лық ілгерілеу емес, сонымен қа­тар эти­ка­лық жауапкер­шілік пен баланың мүддесін қорғау мәдениетінің бір бөлігіне айналуы шарт.

Ырысбек МӘУІТ, Республикалық математиктер бірлесті­гін­­ің төрағасы, ZERDELI ақыл-ой дамыту орталықтары мен мектептер желісінің негізін қалаушы:

– Өз басым бір жылт еткен жаңалық шыға қалса, мектепке енгізейік дегенге қарсы адаммын. Бірақ жасанды интеллект дәуірі басталды. Сондықтан осыған бай­лан­ысты заң әзірленуі өте маңызды әрі тиім­ді деп ойлаймын. Себебі қазіргі жас­ан­ды интеллекттің жаппай қолданылуы бір жағынан дұрыс пайдаланбаса, оқушы­лар­дың ойлау жүйесін, ойлау қабілетін бел­гілі бір дәрежеде шектеуі мүмкін. Сон­дық­тан дұрыс пайдалануды мектепке ен­гізудегі басты мақсаттардың бірі деп санай­мын. Әрине, барлық жаңа мүмкін­діктер білім сапасын арттыруға қызмет етуі керек.

Оқушылардың жауапкершілігі мәсе­лесіне келетін болсақ, мұнда академиялық адалдық принципі өте маңызды деп ой­лай­мын. Былайша айтқанда, қазір оқу­шы­лар арасында тапсырманы ЖИ-ден сұрай салатын, оның көмегіне сүйене са­ла­тын жағдайлар көбейіп кетті. Бұл оқушылардың жеке басының дамуына көптеген кедергі­лер келтіруі мүмкін. Сон­дықтан осыған қатты мән беру керек және жауапкершілік болуы керек. Сыни көз­қа­р­ас­пен қарағанда ЖИ-дің жасап берген­інің бәрін дұрыс деп қарамай, оны талдай алу керек. Сонымен қоса, адамгершілік эти­каны сақтау, біреу­дің мүддесіне қай­шы, зиян келтіретін мақ­сатта пайдаланбау деген сияқты шарт­тар ескерілуге тиіс.

Цифрлық тәуелсіздіктің негізгі баспалдағы – отандық өнім

– Мектептерге жасанды интеллектті ен­гізу бойынша қандай бағдарламалар әзір­ленуі керек деп ойлайсыз? Білім беру бағ­дарламаларын, оқыту тәсіл­дерін әзірлеуде бірыңғай отан­дық жүйе қарастырылған ба?

Нұртай САБИЛЬЯНОВ:

– Қазақстанда AI Movement бірыңғай ұлттық экожүйесі құрылуда. Оның басты ма­қ­саты – азаматтарды жасанды интел­лект дағдыларына оқыту, мектептерге біріздендірілген оқу бағдарламаларын енгізу, педагог­терді даярлау және отандық цифр­­­лық платформаларды қол­дану. Соны­м­ен қатар деректерді талдау және ChatGPT бойынша онлайн-курстар қол­жетімді. Аталған бастамалар ортақ әдісте­мелік негізге сүйенеді және отандық жо­ба­ларды да­мыту­да оң әсерін тигізеді. Бұл өз кезегінде жасанды интеллект техно­логияларын мектепке қауіпсіз әрі жүйелі түрде енгізуге мүмкіндік береді. Жасанды интеллектті мектептерде этикалық тұрғы­да пайдалану нақты нормативтік актілер мен стандарт­тар арқылы реттелуі қажет. Бұл жағын біз қазір қарастырудамыз.

«Жасанды интеллект туралы» заң жо­басы бойынша Парламент Мәжілісіндегі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті бас комитет болып табыла­ды. Қаралып жатқан заң жобасы шеңбе-

р­інде жоғарыда аталған сұрақтар толығы­мен қарастырылып, тиісті нормативтік құқық­тық актілерге енгізілетін болады. Ең алдымен, оқушылардың дербес дерек­терінің қауіпсіздігі, қолданылатын ал­горитмдердің ашықтығы қамтамасыз етілу­ге тиіс. Жасанды интеллект оқушы­лардың әділ бағалану, білімге тең қол жет­кізу және ой еркіндігі құқығын бұз­бауы керек. Мектеп ортасына енгізілетін барлық жасанды интеллект құралдары этикалық және құқықтық нормаларға сәйкестігі тұрғысынан алдын ала сарапта­мадан өтуі қажет. Жасанды интеллектпен байланысты заңбұзушылықтар орын алатын болса, тиісті шаралар қабылдана­тын болады және оны қолдануда мұғал­імдерге бірнеше маңызды міндеттер мен жауапкершіліктер жүктелуі мүмкін.

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА:

– Ең алдымен, отандық контекске бей­імделген бірыңғай білім беру экожүйе­сін құру қажет. Бұл жүйеде AI құралдарын қолдану бойынша әдістемелік нұсқаулық­тар, цифрлық сауаттылықты арттыру бағ­дар­ламалары және мұғалімдерге ар­нал­ған арнайы оқыту курстары қамтылуға тиіс. Сонымен бірге, оқушылардың жас ерек­ше­ліктеріне қарай түрлі деңгейде бағдарланған модульдер жасалып, ұлттық маз­мұндағы ресурстармен толықтырылуы өзекті деп санаймын. Біз бүгінгі заң жоба­ларын әзірлеу кезінде халықаралық тә­жіри­бені мұқият зерттеп, ескеріп жатыр­мыз. Заң құжатында балаларды ЖИ-дің теріс ықпалынан қорғау шаралары қарас­тырылған. Атап айтқанда, білім беру өн­імдерінде ЖИ-ді пайдалануға байланысты ашықтық талаптары енгізілді және бар­лық платформалар ЖИ технологиясының табиғаты мен оның жұмыс қағидаттары туралы нақты ақпарат ұсынуға тиіс, соны­мен бірге жұмыс топтарында оқытудың толық автоматтандырылуына жол бермеу туралы ұсыныстар да талқылануда. Бұл оқушылардың сыни ойлау, шығармашы­лық және аналитикалық қабілеттерін сақ­тау үшін өте маңызды.

ЖИ жүйелерінің иелеріне қойылатын жаңа талаптар арқылы білім контентінің сапасын және оның мемлекеттік стан­дарт­тарға сәйкестігін бақылауға мүмкіндік бар. Демек, трансформация жүріп жат­қанда ең басты назарда – оқушының дамуы мен қауіпсіздігі болуға тиіс. Жасан­ды ин­теллектті білім беру процесіне енгізу барысында біз тек мүмкіндіктерді ғана емес, сонымен қатар оқушылардың құ­қық­тарын қорғауға қатысты этикалық және құқықтық міндеттемелерді де ес­керуіміз тиіс. Әсіресе, оқушылардың жеке деректерінің тарап кету қаупі бар. Осы қауіп-қатердің алдын алу үшін ЖИ негіз­ін­дегі білім беру платформаларына дерек­терді қорғаудың жоғары стандарт­тарын сақтау жөнінде нақты талаптар енгізілді. Яғни, барлық цифрлық шешім­дер бала­лардың жеке өміріне қол сұқпау қағидатын басшылыққа алуы тиіс.

Ырысбек МӘУІТ:

– Нақты бағдарлама бекітілуі керек және ұлттық білім берудің ЖИ-ға байла­н­ыс­ты да цифрлық платформасы болуы керек деп ойлаймын. Сол платформада ең маңызды бастамалар, бағдарламалар және арнайы курстар топтастырылуы керек. Заманауи талаптарға сәйкес жасақ­талған платформада оқушының немесе мұғалім­нің уақытын үнемдеуге, тез ақ­парат алуға, мотивациялық тапсырмалар­ды орындауға арналған бағдарламалар қол­жетімді болса, алған ақпаратты ары қарай әрбір қолдану­шы қажетіне қарай өзі жетілдіруіне мүм­кін­діктер жасалса деген ұсынысым бар. Тағы бір ескеретін мәсе­ле – адам дайынға, жеңілге жүгіре беруі мүмкін, шығарма­шы­лық ойлаудан гөрі техникалық жақтарына кетіп қалуы мүм­кін. Сондықтан мектепке ЖИ-ді пай­да­ланудың арнайы дәрістерін, сабақ­тарын кіргізу керек. Пайдасы мен зиянын ар­найы түсіндіру қажет. Арнайы практи­ка­лық зерттеу жұмыстары болуы керек деп ойлаймын. Заң жобасы қалай дайын­далып жатқанынан және оқушылар­ды даярлауды қалай жүргізгелі отырғанын нақты ха­бар­ым жоқ. Бірақ ең алдымен мұғалімдер өзі ЖИ құралдарын толық біл­уі керек және оны дұрыс бағытта пай­да­лану жағы­нан талап қойылуы керек. Мұ­ғалім өзі дұ­рыс пайдалана алса, оқу­шы­ға үлгі бола алады.

ЖИ қазір мектепке де келіп жатыр, оқушылар оған бірден бейімделіп кетті. Ал көптеген мұғалімдер жас ерекшелік­тері­не байланысты бейімделе алмай, қол­дана алмай жатқан жағдайлар өте көп. Сондық­тан мұғалімдердің ЖИ-ді игеруіне қат­ты мән беру керек, біліктілігін арттыру курс­тарынан өтуге мән беру керек. Білім саласының өзінде көптеген біліктілікті арттыру курстары бар екенін білемін, алайда олардың қаншалықты тиімді бағытта жасалып жатқанын білмеймін. Мәселен, 175 бұйрық деген сияқты курс­тар жасауға арналған үлгілер бар, соны алады да кез келген адам өз пайдасы үшін курс жасай береді. Оның сапаны дамытуға қан­шалықты үлес қосып жатқаны бақыл­анбайды. Соны да қадағалайтын жүйе болса деген ойым бар. Формализм емес нақты сапаға жұмыс жасайтын бағыттарды қолға алуымыз керек деп ойлаймын. 

Отандық стартаптар халықаралық аренада бәсекеге қабілетті

– Елімізде цифрлық технологиялардың жылдам енуі шетелдік импорт негізінде тез жүзеге асып жатыр десек, қате емес. Осы орай­да жасанды интеллектті дамыту үшін отандық ғылыми орталықтар мен стартап­тар­ды қолдау нақты қандай бағытта дамуы қажет?

Нұртай САБИЛЬЯНОВ:

– Жалпы, елімізде жасанды интеллект­ті дамыту үшін Қазақстанның ғылыми орта­лықтары мен стартаптарын салықтық жеңілдіктер, инфрақұрылым, қаржы, ма­ман­дарды даярлау бағыттарында қолдау маңызды. Мәселен, бізде стартаптар мен инвесторлар үшін бірегей байланыс алаңы Astana Hub арқылы қалыптастырылған. 21 мамырда Парламент Мәжілісі Astana Hub-тың қызметін жетілдіруге қатысты заң жо­басын қабылдады. Кәсіпкерлерге қа­жет­ті салықтық жеңілдіктер, инфрақұ­рыл­ым, инвестициялық қолдаулар қарас­тырылды. Сонымен қатар шетелдіктермен стратегиялық серіктестіктер орнатылған. Бұл байланыстар қазақстандық стартап­тардың жаһандық инновациялық тізбеге қосылуына мүмкіндік береді. 

Қазір отандық стартаптар халық­ара­лық аренада табысты бәсекелестікке қол жет­кізе бастады. Сондай-ақ жасанды ин­тел­лект бойынша халықаралық орта­лық­тың іске қосылуы – озық зерттеулер­дің, стартаптардың дамуына және маман­дарды даярлауға түрткі болады. Айта кету керек, Қазақстан бүгінде IT дамытудың өзіндік ерекше моделін қалыптастыруда – бұл модель ашық, интеграцияланған және болашаққа бағытталған. Егер жас­анды ин­теллект технологиялары дұрыс енгізіл­се, бұл оқушылардың зияткерлік дамуын шектемейді, керісінше, оқуға деген қызы­ғушылығын арттырады, цифр­лық сауатты­лықты, сыни ойлау мен прак­ти­калық дағ­дыларды дамытады.

Мектеп ортасында болатын өзгеріс­тер – бұл оқытудың жекелендірілген тә-с­ілдерге, икемді білім беруге және оқушы­лардың шығармашылық әлеуетін арттыру­ға көшу. Осы өзгерістерге оқушыларды бейім­деуде әлеуметтік жағдайына немесе дайындық деңгейіне қарамастан, оқушы­ларды кең ауқымда тартуға жағдай жасау керек. Жасанды интеллектті мектептерде эти­калық тұрғыда пайдалану нақты нор­ма­тивтік актілер мен стандарттар арқылы реттелуі қажет. Бұл жағын біз қазір қарас­тырудамыз. Ең алдымен, оқушылардың дербес деректерінің қауіпсіздігі, қолдан­ыла­тын алгоритмдердің ашықтығы қам­тамасыз етілуге тиіс. Жасанды интеллект оқушылардың әділ бағалану, білімге тең қол жеткізу және ой еркіндігі құқығын бұз­бауы керек. Мектеп ортасына енгізіле­тін барлық жасанды интеллект құрал­дары этикалық және құқықтық нормаларға сәйкестігі тұрғысынан алдын ала сарап­тамадан өтуі қажет. Жасанды ин­теллектпен байланысты заңбұзушылық­тар орын алатын болса, тиісті шаралар қабыл­данатын болады. 

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА:

– Бұл бағытта отандық әлеуетті арт­тыруға негіз болатын нақты бастамалар бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы аясын­да еліміздің жетекші университеттері ал­ғаш­қы суперкомпьютерлерін алды. Соны­мен бірге, NU жасанды интеллектті да­мы­туға арналған Ақылды жүйелер мен жас­анды интеллект институты жұмыс істейді. Бүгінде ғылым саласына арналған заң жоба­лары суперкомпьютерлерді, бұлтты платформаларды және мамандандырылған жасанды интеллект жүйелерін ғылыми-зерттеу мақсатында пайдалануға мүмкіндік береді. Мұндай инфрақұрылым мен есеп­теу қуаты отандық университеттер мен ғылыми орталықтарға әлемдік деңгейдегі зерттеулермен айналысуға және халық­аралық жобаларға қатысуға жол ашады.

Демек, бізге қажет бағыт – осындай ғылыми орталықтарды жүйелі түрде қолдап, стартаптар мен университеттер арасында кооперация орнатып, нақты өнім мен технология жасайтын орта қалыптастыру. Бұл тек цифрлық тәуел­сіздікке емес, сондай-ақ ұлттық кадр­лар­ды даярлауға да зор мүмкіндік.

Әрине, біз бұл технологиямен байлан­ысты қауіптерді де ескеруге міндеттіміз. Соның ішінде ең өзектілерінің бірі – жас­анды интеллекттің балалардың когни­тивтік қабілеттеріне ықпалы. Оқытуды авто­маттандыру, ЖИ-ге негізделген білім беру платформалары мен цифрлық ассис­тенттерді кеңінен қолдану, егер тиісті бақы­лау болмаса, оқушылардың сыни ойлау мен шығармашылық қабілеттерін тежейді. Халықаралық тәжірибе бұл алаң­даушылықты нақты растайды. Мәселен, Еуропалық Одақ «Жасанды интеллект туралы» (AI Act) заң қабылдап, білім беру саласында қолданылатын ЖИ жүйелеріне айқындық пен түсініктілікке жоғары та­лаптар қойып отыр. Мұндай платфор­ма­лар, мысалы, контенттің алгоритм арқылы жасалғанын нақты көрсетуі және оның қалай жұмыс істейтінін ашық түсіндіруге тиіс. Сол сияқты Қытайда да бұл техно­логияның мектептерде қолданылуына қойылатын талаптар, ЖИ жүйелерін әзірлеушілер мемлекеттік сертификат­таудан өтуі және оқушылардың дерек­тері­нің қауіпсіздігіне кепілдік беруі міндетті.

Ырысбек МӘУІТ:

– Отандық ғылыми орталықтар бұл жағ­ына тез бейімделуі керек деп ойлай­мын. Яғни, осы жасанды интеллектке байла­нысты бөлімдер тез құрылуы керек. Ғылыми зерттеу орталықтарының бұл жағынан да аяқалысы жаман емес сияқты. Бүгінде Назарбаев университетінде ЖИ және смарт жүйелер институты жұмыс істеп жатыр. Оқу орнындағы Жасанды интеллект институты (ISSAI) әзірлеген қа­зақ тіліндегі ірі тілдік модель қазірдің өзінде қазақ, орыс және ағылшын тілдер­ін­де мазмұн генерациялау, сондай-ақ түрік тілін қолдау арқылы көптілділікке бейім­делу мақсатында жұмыстар жүргізіп жат­қан көрінеді. Meta компаниясының LLaMA архитектурасына негізделген, 

8 және 70 миллиард параметрлік нұсқалары бар бұл модель мәтінді аудару, реферат жасау, сұхбаттасу, контент генерациялау, сондай-ақ болашақта дыбыс пен бейне өңдеу мүмкіндіктерін жоспарлай отырып, модельдің бірнеше нұсқасын Hugging Face платформасында CC-BY-NC лицензия­сымен қолжетімді етіп қойған екен. Яғни, қазақтілді контенттің ЖИ-дегі дамуы да жаман емес. Жақында қырғыздар ЖИ қырғызша сұрасақ, қазақша жауап береді деп алаңдап жатты. Демек, қазақтілді контенттің даму көрсеткіші жаман емес деген сөз. Қазір қолданыстағы ЖИ-дің пайдалы жақтары көп екенін байқаймын. Бастысы, жалпы нормаларды орындауға, баланың жеке деректеріне байланысты құпиялылықтарға, баланың психо­ло­гиялық ахуалына абай болу. Отандық ғы­лыми орталықтар мен стартаптарды қолдау бағытын мамандар заңнама не­гізін­де нақты шешетін шығар деп ойлай­мын.

Дайындаған Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ