Қарағандыдағы Ту тұғыры алдындағы алаңда қала тұрғындары мен қонақтары Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті. Мерекеге мектеп оқушылары, кадеттер, студенттер, еріктілер, ардагерлер, қоғам өкілдері мен шығармашылық ұжымдарқатысты. Үш мыңнан астам адам Әнұранды орындады.
Көк байрақ көкте қалықтап
1,850
оқылды

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мерекеге қатысушыларды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.

– Бүгінде Қазақстанның рәмізі бүкіл әлем­ге танымал, бұл өз елімізге деген мақ­­­таныш тудырады, отаншылдыққа тәрбиелейді. Әрбір азамат өз елінің патриоты ретінде мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауы тиіс. Біздің міндетіміз – жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу. Жастар еліміздің бай тарихы мен ұлы тұлғаларын білуі керек, – деді облыс басшысы.

Мемлекеттік рәміздер күні бес ерікті Қарағанды облысы әкімінің алғысхаттарымен марапатталды. Олардың арасында Аян Құдайбергенов пен Анастасия Савенко бар. Олар қарттар мен жалғызбасты аналарға көмектеседі. Аяжан Орынбек қазақ тілін насихаттаса, Ержан Рахметов жануарларға көмек көрсетумен айналысады. Ал Шарлин Калел болса, есірткіге қарсы күреседі және экологиялық бастамаларға қатысады.

– Бүгін айтулы күн – Қазақстанның мемлекеттік рәміздері күні! Осындай форумға қатысу – біз үшін қуаныш пен құрмет. Мен көптен бері еріктімін. Біз қарттарға, ардагерлерге және мұқтаж жандарға көмектесеміз. Түрлі экологиялық акция өткіземіз, – дейді Шахтинск технологиялық колледжінің химия пәнінің оқытушысы және Еріктілер клубының үйлестірушісі Анастасия Савенко.

Сондай-ақ колледждердің бес түлегіне, түрлі халықаралық және республикалық конкурстардың жеңімпаздарына 100 мың теңгенің сертификаттары табысталды.

– Бұл – одан әрі даму үшін үлкен қолдау және ынталандыру. Әрі қарай да жеңіс­терге жеткім келеді, – дейді Қарағанды тех­никалық-құрылыс колледжінің түлегі, Шэньчжэнде өткен өнеркәсіптік дизайн бойынша халықаралық чемпионатта бірінші орын алған Виктор Репин.

Сондай-ақ 30 оқушы «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына қосылды. Олар ант беріп, арнайы галстук тақты.

– Мен осы ұйымның бір бөлігі болғанымды мақтан тұтамын. Бұл – үлкен жауапкершілік, – деді №19 мектептің оқушысы Әмина Төлеуғали.

Мерекелік шара жастар саясаты жөніндегі басқарманың қатысуымен өткен «Көк тудың желбірегені» флешмобымен және этномәдени бірлестіктердің солистері орындаған Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әніне би ұжымдарының өнер көрсетуімен аяқталды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы