«Сендерге тарихты айтқаннан гөрі, өмірлік сабақ болатын оқиғамды айтқаным пайдалы» деп бастады әңгімесін белгілі тарихшы Қойшығара Салғараұлы.
Қойшығара Салғараұлы, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: Жақсы жандар жолымды ашты
2,550
оқылды

Сексен бестің белесінен асқан кемеңгер жазушы болашақ журналистермен кездесесіз дегенде бірден қуана келісті. Себебі көбі оны тарихшы ретінде таныса да, Қойшығара Салғараұлының әу баста таңдап алған мамандығы – журналистика. Кәсіби еңбек жолын да радиодан бастаған. «Әңгімем бір жас буынға ой салса, еңбегімнің ақталғаны» деп ойлайтын жазушы өмір жолы мен ұлт тарихын айтып, кездесуде кеңінен көсілді.

Абылайхан Дүйсенбек: Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ауыл­­ы­нан шыққаныңыз тарихшы бол­у­ы­ңызға әсер етті ме? Жалпы, ол за­ман­да Ахметтің кім екенін білдіңіз бе? 

– Кез келген бала ақыл-есі кір­ген­нен кейін алдына биік мақсат қоя білуі керек. Сол мақсатқа жету жол­ын­да кездесетін қиындықтар­дың бәріне төзуі қажет. Дүниеде бір әке, бір шешеден туған ағайындар­дан да артық жақындық  – мүдделес адам­дардың туыстығы. Біз отырған Aiqyn газетінің аудиториясының қабырғасында суреті тұрған Әли­хан, Міржақып, Ахмет үшеуі үш қи­­ыр­дың адамы. Бірақ үшеуі ел мүд­де­сі жолында біріккен жандар. Мен осы Ахмет Байтұрсынұлының ауылынанмын. Бірақ Кеңес одағы кезінде Ахметтің ауылында тұрсам да, Алаш арысының атын білмей өстім. Ахмет түскен үй де, оның туыс­тары да халық жауы атанып, тү­гел сотталып кетті. Біз сондай заманда өстік, айналайындар! 

Ақгүл Қуанышбай: Әңгімені балалық шағыңыздан бастайықшы. Осы жерде отырған жастардың көбі бала кезімізден журналист боламыз деп армандадық. Ал сіздің журналис­ти­каға келу жолыңыз қандай?  

– Қазір біз сөз түсінуден қал­дық. Сіздер таңдаған мамандық дәл бүгін таптырмайтын мамандық. Хал­ыққа ең жақын және кез келген тақырыпты халыққа жеткізетін мамандық. Өз басым 1-сыныптан 7-сыныпқа дейін жақсы оқыдым. Мектептің алды болдым. Әкем шо­пан еді. Ал шопанның балаларына 7-сыныптан кейін басқа ауылға барып оқуына интернат беретін. Осылайша, орта мектепте сабақ оқы­майтын балалардың ықпалында кеттім. Мектеп бітіргенде аттеста­тым­да бір төрт болған жоқ. Кілең үш­тік баға болды. Менің есте сақтау қабілетім мықты еді. Мұғалім не сұ­раса, соны жатқа айтып беретін­мін. Дәл біз мектеп бітіретін жылы, сыныбымызбен қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданына ауыл шаруашылығы бойынша жұ­мыс істеуге жіберді. Әкем әскерден келгеннен кейін денсаулығы сыр беріп, зорға жүр еді. Содан ауылға бар­ып, екі жыл қой бақтым. Әкем бір жылдан кейін қайтыс болып кетті. Кеңес үкіметі саясаты бойын­ша әр саладан бір адамды алға шы­ғарып, басқаларға үлгі ететін. Мен де сондай шопан болдым. Жасым толмай партияға да өттім, «Құрмет» грамотасын да алдым. Танымайтын біреулер «Қойшығара туралы» деп мені мақтап мақала да жазады. Ал қазақ «Үш күн қой баққаннан ақыл сұ­ра­ма» дейді. Менде қандай білім болсын. Бірақ Құдай бағыңды ашайын десе, жақсы адамды жол­ық­тырады екен. Орта сыныпқа дей­ін оқыған мектебімде ботаника­дан сабақ берген мұғалімім болды. Мек­теп бітіріп, елге келіп қой ба­ғып жүрген кезде совхозға сол ағай­ым басқарма басшысы болып кел­ді. Бір шаруамен алдына барғанымда жер-жебіріме жетіп ұрысты. «Сенсіз колхоздың қойы бағылмайды дей­сің бе? Әкең де, атаң да қой баққаны саған аз болды ма?» деп айтпағанды айтты. Сүмірейіп, үндемей каби­не­ті­нен шығып кеттім. Әкем қайтыс болғаннан кейін сол ағайым келіп: «Қазаққа қойшы керек емес, білімді адам қажет. Қазіргі саясат қазақтың баласын көгертпейді. Мен сенен мектепте оқып жүрген кезде үміт күтетінмін. Қойды таста да, оқуға кет» деді. Өзімнің де Кенен Әзірбаев айтпақшы, «Құтылар күн бар ма екен, осы қойдан» деп жүрген кезім еді. Даладағы жұмыстың бейнетінен емес, жалғыздығынан қаштым. Те­бін­дік­те жатып, кітап оқитынмын. Сол жерде басқарма басшысына «Оқитын ақшам жоқ. Шешем де жал­ғыз» деп ашығын айттым. Ол қой қырқу маусымынан кейін жі­бере­тін болып келістік. Басқарма басшысы: «Өл, ті­р­іл оқуға түс. Келесі жылы оқи­мын деп, қалада бос жүрме» деді. Жақ­сы адамның шарапаты деген осы екен. 

Ауылдан кеткенде «мұғалім бо­л­а­мын» деп кеттім. Ал қандай мұ­ғалім болатынымды білгенім жоқ. Қалада мені ауылымыздың сол жақ­та оқып жүрген балалары күтіп ал­ды. «Қай факультетке барасың?» деп сұраса, не дерімді де білмеймін. Ақылдасатын да адамым болмады. Миыма келгені «қай жерге бала көп тап­сырса, сол жақсы оқу» деген ой болды. Сөйтсем, ең жеңіл оқуға адам көп түседі екен ғой. Барлық фа­культ­етті аралап жүріп, Журнал­ис­тика бөліміне оқуға тапсырдым. Мектепте қабырға газетіне, аудан­дық газетке өлең жазатынмын. Жур­налист деген журнал шығара­тын адам, журнал шығарсам да жа­ман болмаспын деп сонда тап­сырып жібердім.

Газет мені адам қылды

Аружан Нұрмаханқызы: Ал­ғашқы еңбек жолыңызды журнал­истикадан бастасаңыз да, жұрт сізді тарихшы-жазушы ретінде көбірек таниды. Әдебиетке келуіңізге не түрт­кі болды?

– Оқу бітіргеннен кейінгі он жыл аймақта меншікті тілші болып істедім. Кейін «жазушы боламын» деп армандап, Алматыға қайта кел­дім. Журналист болып жүргенде жаз­ған әңгімем жабық байқаудан 1-орын алған еді. Содан өзімді жазушы сезіндім. Келсем «Қойшығара де­ген жазушы келеді» деп ешкім күтіп отырған жоқ екен. Не Жазу­шы­лар одағына қабылдамады, не баспаға да жұмысқа алмады. Ал жур­налистикаға қайта баруға на­мыс­ым жібермеді. Сөйтіп жүр­ген­де тағы бір жақсы адам кездесті. Ол студент кезімде жұмыс істеген ра­дио­дағы бастығым Хайдолла Тіле­місов еді. Ол кісі менің әрі ұс­таз­ым, әрі әкем болды. Мен өз айт­қаным­ды істемей қоймайтын адам­мын. Біреу ақыл айтса «жарай­ды» деймін де, бірақ өзім қалағанды істеймін. Оқу бітірген жылы Хай­дол­ла Тілемісов «Алматыда қал» деп айтқан еді, бірақ мен оның сөз­ін тыңдамай кетіп қалғанмын. Он жылдан кейін Алматыға келген­де ағама барып, жұмыс сұрауға ұялдым. Ақшам да таусылды. Пәт­ер­дің иесі үйді босатуымды  күн­де сұрайды. Сөйтіп жүргенде Пан­филов көшесінің бойынан Хай­дол­ла Тілемісовпен кездесіп қалдым. Мен амандасқаннан артық, ештеңе демедім. Бетіне қарауға ұялдым. «Бәрін естіп, сенің жағдайыңды бі­л­іп жүрмін. Басыңды көтер. Өмір­де бәрі болады. Енді ондай қателік жіберме. Ертең маған кел, қызмет табылады» деді. Әйелім ұл тапқан­дай қуанып, үйге бардым. Хайдолла аға ол кезде «Қайнар» баспасының дирек­торы еді. Баспаға жұмысқа алатын шығар деп ойладым. Бірақ мені «Социалистік Қазақстан» га­зеті­нің әдебиет бөліміне қызметке жіберді. Ол кезде «Социалистік Қа­зақстанға» шығу Ғабит Мүсір­епов­тердің өзіне бедел болатын. Шығармасын біреуден беріп жі­бер­мей, өздері әкеліп тапсыратын. «Әде­биет бөлімінде істесең, бүкіл жазушы сенің қолыңда болады» деді Хайдолла Тілемісов. Сөйтіп, мен қайтадан журналистикаға кел­дім. Осы газет мені адам қылды. Сіз­д­ер қазір кітаптан оқып, атын ес­тіп жүрген ұлы тұлғалардың та­лайы­мен сұхбаттастым. Солармен сөйлескеннен көзім ашылды. Жазу­шы болудың өзі мен ойлаған­дай оңай емес екенін, бір ойды айту керек екенін ұқтым. Сол сұхбат ал­ған адамдарға іні болып кеттім. Олар айтқан елдік мәселелер мені 180 градусқа өзгертті. 

Салтанат Жандарбекова: Тар­ихты жазу үшін кез келген жазу­шыда білім мен қор болуы керек қой. Ал сіздің алғашқы тарихи зерттеуіңіз не жайлы еді? 

– Мыңжылдықта ескірмей, адам­­зат баласына қызмет ететін «жер» ғана. Жер мәселесін көтеруі­ме, қазақтың оңтүстігін жаулап ал­ған Қоқан хандығы себеп болды. Олар­дың Қызылорда облысына жа­саған әрекеттерінің бәрін біле­мін. Өйткені Қоқан хандығында төр­т­інші билік иесі болған датқа бізге туыс болады. Иман Жүсіптің әкесі Құт­пан, Құтпанның әкесі Тұрғанбай датқа. Сол датқа Қоқан­ның қорлы­ғы­на шыдай алмай, кө­тер­і­ліске шы­ғып жеңіледі. Қоқан хандығы «халық көтеріліп кетпесін» деп айла жасап, ынтымақтастық құруға елші жібереді. Сонда Тұр­ған­бай датқа «Мені алдап шақырып жатқанын білемін. Мен өлгеннен кейін сендер­ге тимейді. Бұлай қа­шанғы өмір сүреміз. Не қаруымыз жоқ. Ал олар орыстан қару алып алды» деп басын құрбан етеді. Оны қоқандықтар тұтқынға алып, базар­дың дәл орта­сын­да қол-аяғын төрт бағанға керіп, үстінен қайнаған су­ды құйып азап­тап өлтіреді. Жал­ғыз әйел баласы мен датқаның ұлы Құт­панды алып, елі қырылып жат­қан кезде қашып құтылады. Екі ба­ла­мен қашу қиынға соққанда, өз кін­дігінен шыққан ба­ланы тастап, дат­қадан ұрпақ қалсын деп Құтпан­ды алып кетеді. Сол Құт­панды Ақ­мо­ла облысындағы баласы жоқ бай асырап алады. Кенесарының көтер­і­лісіне Құтпан қатысқан. Ал Иман Жү­сіпті өздерің білесіңдер. Осыл­ай­ша, Қоқан хандығын зерт­тедім. Бір тарауын жазып, жазушы Кәрі­бай Ахметбекұлына оқыттым. Ол «Мына кітабың шықпайды. Шық­са сен сотталасың. Не жазып жатқан­ың­ды өзің білесің бе? Цен­зурадан өтпейді» деп қолжазбамды қолыма ұстатты. 

Бізге шынайы тарих үйретілмеді

Дильназ Рафаилова: Сіздің Қытай еліне арнайы іс-сапармен бар­ғаныңыз бәрімізге мәлім. Қытай жыл­намаларындағы мұрағат дерек­тер­ін пайдаланып, қазақ тарихын зерт­теу барысында қандай қиындық­тарға тап болдыңыз?

– Тарих атасы Сыма Цяньның еңбектері мені жарық дүниеге қайта алып шықты. Қытайда жүріп тарих­ты зерттеп, роман жазып бастадым. Ол кезде біздің не бір тарихшымыз, не бір жазушымыз Қытайдың мем­лекеттік мұрағатына кіріп көрмеп­ті. Ал кімнен сұрасаң да «біздің тарих – Қытайда» дейді. Мен мем­лекеттің қол­дауымен Қытайдың мұрағатына кіріп, халқымыздың тарих­ын түген­дедім. Бірақ Қытай жоқтан құпия жа­сай­тын ел. Сондықтан мен ол жақ­қа өзімді жазушымын деп та- н­ыс­тырдым. Мен архивтің дирек­тор­­ын үйге шақырып: «Қазақта егер жол түсіп шетелге бара қалсаң, ал­ғашқы кездескен адамың сенің туыс­ың болады» деген мақал бар деп айттым. «Қазақстанға келсең сен­ің туысың мен, Қытайға келсең мен­ің туысым сен. Қытай мен қазақ бүгін араласып жатқан жоқ. Көпте­ген ғасырда айтыс та, тартыс та, шабыс та болды. Мен осы халықтың терең­ге сүңгіген достығын жазайын деп келдім. Басқасында шаруам жоқ» дедім. Содан кейін олар мен із­деген кітаптарды лезде тауып отырды. Олардың мұрағаты бір қа­ла­дай. Әр кітаптың үш түрлі нұс­қас­ын береді. Біреуі қазақша, біреуі мандюрша, біреуі қытайша. Осылай мен біраз пайдалы мағлұмат алдым. Міне, бұл жақсы адамдардың көп кездескені­нен. 

Асыл Жиенбай: Қазір біз өзі­мізді «данышпан халық едік» деп мақ­тан тұтамыз, бірақ өткеннің ауыр са­бақ­тарын ұмытып кеткендейміз. Сіздің ойыңызша, шын мәніндегі тари­хи таным мен ұлттық сананы қал­пына келтіру үшін не істеуіміз керек?

– Иә, бұл ащы да болса, шын­дық. Көпшілігіміз ата-бабамызды «данышпан», «кемеңгер» деп айт­қан­ды жақсы көреміз. Бірақ «Не­лік­тен сол данышпан халық 300 жыл­дай бодандықта болды?» деген сұраққа келгенде бәрі тосылып қа­лады. Мұның себебі бізге шынайы тарих үйретілмеді. Біз мектепте де, университетте де өзіміздің терең, тұтас тарихымызды оқымадық. Кеш­е­гі күнге дейін Қазақстанның тарихы қазан төңкерісінің қарсаңы­нан басталатындай көрініс беретін. Одан бұрынғы мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, өркениетке қосқан үлесі­міз көмулі күйінде қалды. Сон­дықтан да мен өзім тарих іздеп Афинадан бастап, Ыстанбұл, Ан­кара, Петроград, Мәскеу, Қытайға дейін шолып өттім. Іздендім. Ізден­істен шындық туады. Қазір сіздер бақыттысыздар. Интернет, жасан­ды интеллектіге дейін қолжетімді. Бірақ бір ескерерлігі бәрі бірдей ақи­қат емес. Қай дерек дұрыс, қай­сысы бұрыс екенін білу үшін көп оқу керек. Түрлі көзқарас, түрлі де­рек, түрлі автор. Сонда ғана шын­дық айқындалады.

Өмір деген – тау. Ол таудың басына шығу оңай емес. Дауылы болады, тас түседі, көре алмайтындар, қызғанышпен қарайтындар, аяғың­нан шалатындар табылады. Бірақ бір шындық бар: егер талпын­ып, тыры­сып, адал жүрсең етекте қал­майсың. Әр адам өз биігіне жет­еді. Мұның бар­лығының түп-та­мыры – таным мен түсінік. Таным д­еген не нәрсе, кім деген сұраққа жауап табу. Ал түс­і­нік – сол таным­ның нәтижесі. Тан­ым-түсінігі дұ­рыс адамнан өткен дан­ыш­пан жоқ. Өзіңді тану арқылы ғана ұлтыңды, тарихыңды, адам­затыңды түсінуге болады.

Біздің буын – шын данышпандардың соңғы көлеңкесі секілді

Жанель Еркинбаева: Ұлы Абай: «Сөз ұқпайтын ақымақтан күн­де жеңілемін» деген екен. Қазіргі қо­ғам сөздің қадірін түсініп жүр ме? 

– Тарих сөзде жатыр. Ал сөз – адам­ның жаратқан ең ұлы қаруы. Ғылым да, дін де адам ақыл-ойы­ның жемісі. Эйнштейн айтқандай, бұлардың үшеуі – бір алып ағаштың бұтақтары. Бір-бірінен бөліп қа­рауға болмайды. Дінсіз ғылым – ақсақ, ғылымсыз дін – соқыр. Ал осыны ұғындыратын тарих. Тарих деген – ата-бабаның ізімен қалған өмірбаян. Адамның сәбилік шақтан бастап пендешілікке дейінгі барлық қадамын шежіредей шертіп береді. Адам алғаш жаратылғанда пәк еді, санасы таза еді. Ол алтын дәуір болатын. Кейін адам бойына нәпсі мен пендешілік араласа бастаған сәт­тен-ақ құлдырау кезеңі бастал­ды. Біз қазір бесінші өркениетте тұрмыз. Бірақ тарихтағы әр өркен­иет шыңға жеткен сәтте қайтадан күй­реген. Бұл да заңдылық. Бүгінгі жағдайға қарасақ, біз де сол күй­реудің қарсаңында тұрғандаймыз.

Ең үлкен қателік адамның өзін ұмытуы. Өзінің кім екенін, қайдан шыққанын, қандай құдіретке ие екенін білмеуі. Біз өзімізді емес, өзгелерді тыңдаймыз. Өз сөзімізден емес, бөгденің сөзіне сенеміз. Сол себепті халық өз құдіретін жоғалта­ды. Абай айтқандай, «Қараңғыны қармап жүріп күнді күту» халіміз – осы. Адам баласының түзелуі – сана түзелгенде ғана мүмкін. Оған ешқандай үкімет, ешқандай ұран көмектеспейді. «Құдайдың екінші аты – халық» деген сөз тек халық оянғанда, халықтық сана биікке жеткенде ғана ақиқатқа айналады. Ал сана оянбаса, халық тобырға ай­налады. Кім көрінгеннің жетегін­де кетеді. Сөз – ұлы күш. «Таяқ ет­тен өтеді, сөз сүйектен өтеді» дей­ді. Сөз – тіріні өлтіріп, өліні тірілтетін құдірет. Мөңке бидің «Естіге айтқан асыл сөз  шыңға тіккен тумен тең» дегені осыдан. Есті құлақпен есті сөз тыңдалса, елдің де, ердің де бағы жанады. 

Шыны керек, біздің буын – шын данышпандардың соңғы көл­ең­кесі секілді. Бұрынғы ақсақалдар тост сөйлемейтін. Олар сөздің қа­дір­ін білетін, елдің жайын, ұлттың мұратын сөйлейтін.

Аружан Нұрмаханқызы:  Аға, жаңа бір сөзіңізде, біз бесінші өркениетте тұрмыз және құлдырап жатырмыз де­діңіз. Енді тарихымызды тану, білу тұрғысынан неден ұтылдық?

– Бұл сұраққа нақты жауап беру үшін, меніңше, университет қабыр­ғасында бір семестр дәріс оқып шығу қажет шығар. Өйткені бұл – аса ауқымды әрі терең тақырып. Де­генмен түпкі мәніне үңілер бол­сақ, ғұламалар баяғыдан айтып кет­кен бір-ақ сөздің айналасында топ­тасады. Ол «Өзіңді таны!» деген кемеңгер қағида. Кейін бұл сөзді кейбір ғалымдар «Өзіңді-өзің таны» деп түрлендіріп, терең мағына жүк­теді. Яғни, адам өзін өзгеден бұрын, өзгеден артық тануы керек.

Меруерт Сәбитова: Сіз түркі халқының шығу тарихын зерттеп жүр­сіз. Өркениеттің түріктерден шық­қанын әлем халқы қаншалықты мойындады? 

– Жазу-сызуға бізден бұрын еуропалықтар жетті. Өркениетті солар жасады дейміз. Ал олар бізді «малдың соңынан жүрген жабайы­лар» дейді. Сол өркениеттегі адам­дар­дың ішінде ерекше болып та­рих­­қа енген мақтаныштарының нақыл сөздерін келтірейін. 

XIII  ғасырда ағылшынның Род­жер Бэкон деген философтың: «Мен Еуропа халықтарының түрік­тер­ді жабайылар дегенін түсінбей­мін. Адамгершіліктің, рухани мә­ден­иет­тіліктің, ұлттық бірліктің үл­гі­сін көрсеткен түріктерді қалай жа­байы деп айта аламыз. Адамзат балас­ында бұларға жеткен ешкім жоқ» деген сөзі бар. XIV ғасырда не­міс­тің әрі саясаткері, әрі дін­басы­сы Мартин Лютер: «Ей, неміс­тер! Түріктерді бөгемеңдер. Олар Гер­манияны жаулап алсын. Әділет­ті­лік пен зақымдылықтың не екенін бізге солар үйретеді» дейді. XVII ғасырдың жазушы, философы Шарль Луи де Монтескьё өзінің бір сөзінде: «Әлем халықтарының іш­інде жаугершілік ерлік көрсету­ден бірде-бір халық түріктерге жет­кен жоқ. Түріктер шын мәніндегі әлем­нің билеушісі болды. Құдай басқа халықтарды соларға қызмет етсін деп жаратылғандай етті» деген екен. Тағы сол сияқты XVIII ғасыр­дың ға­лымы Альфонс де Ламартин­де түріктер туралы: «Адамзат бала­сына мәдениетті, өркениетті алып келген түріктер еді. Сол арқылы адам­зат баласын даңқа бөлектеген де түрік­тер еді. Түрікке дұшпан болу деген сөз бүкіл адамзат баласына дұшпан болу. Құдай мені сондай күпірліктен сақтасын» деген екен. 

Мен білмеймін демеңіздер. Ин­тернеттен бір ғалымды іздеп зертте­сең­іздер, ол талай басқа ғалымдар мен кітаптарға алып шығады. Осынд­ай ізденіспен оқысаңыздар сол саланың ең білгірінің бірі бола­сыздар.

Адамды биік ететін – ­ақыл мен тәрбие

Гүлнаурыз Соян: «Өркениеттің бесінші сатысында тұрмыз» деп айттыңыз және рухани құлдырауда­мыз дедіңіз. Осы адами құлдырау не­ден басталады деп ойлайсыз?

– Адам баласы пенде емес, періште болып туды. Пенделікке көшкен – өзі. Әуелде мынандай сөз бар: «Өз­ің­ді таны» деген. Қазір әркім өзін өзгеден артық санайды. «Өзіңді өзің таны» дегенге ешкім мән бер­мейді. Меніңше, өзіңді тану дегені­міз – Алла әуелі жануарлар мен тіршілік иелерін жаратып, содан кейін олардың мықтыларынан бір-бір қасиетті адамның бойына дары­т­ып, өз тарапынан адамға адамдық қасиеттерді беруі. Яғни, адамдық – адамда ғана бар, ал өзге жануарлар­дың бәрінің қасиеттері біздің бойы­мызда бар. Енді ойлаңыз, біз – адам­ның баласымыз, кейпіміз – адам ғой… Міне, адам екенімізді білу, адамдық кейпімізді сақтау, адам­дық қалпымызды бұзбау, адам­ша өмір сүру деген сөздердің барлы­ғы осы өзіңді тануға саяды. Соны­мен, өзіңді өзің танысаң ғана пен­де­лік жолға түспейсің, адамдық жол­ға түсесің. Біз бәріміз ақыл, қа­білет, күш тұрғысынан бірдей бол­ып жаратылдық. Сондықтан Құдайдың берген қабілетін пайда­лан­уы­мыз, өзімізді дамытуымыз керек. 

Ерсұлтан Алпысбай: Сізге өмір­лік бағыт-бағдар берген әкеңіздің қал­дырған рухани мұрасы жайлы не айтар едіңіз?

– Мен кіндіктен жалғызбын. Ше­шем бірнеше құрсақ көтерсе де, бәрі шетінеп кетіпті. Кенжесі мен­мін. Қойшы болса да алдымызда жүрсе екен деп ырымдап «Қойшы­ғара» қойыпты. Менің әкем – жады­сы тасқа таңба басқандай мық­­ты, көрген-білгенін ұмытпай­тын ерек­ше жан еді. Есте сақтау қабілеті – бір бөлек әңгіме. Менің балалық ша­ғым­да, оның зердесін­дей зерделі адамды кезіктірмеппін. Бірақ сон­шалық қабілетпен, ол тек қой бағып жүрді. Иә, аты қойшы болғанымен, заты  қойшы болмады, тірі кітаптай еді. Көзін жұмып алып, қисса-дастандарды толғап отыра­тын. Әлдебір ескі жырлардың ішіне еніп кететін. Тек жырмен шектел­мей, елге еңбегімен еленген азамат­тар­дың да атын атап, бізге үлгі ете­тін. Ненің ақ, ненің қара екенін, ненің әділ, ненің әділетсіз екенін сол кең далада жүріп-ақ үйретті. Ол кезде ақсақалдар нағыз дана еді. Олар ардақ тұтылатын, ар­зан сөзге бар­май­тын. Ел тағдыр­ын таразылай­тын, сөз салмағын білетін. Мен үшін әкемнен үлкен­нің бәрі әке болды. Олардың әр ісі, әр әңгімесі – өмірге ұстаздық етті. Менің жүрегімде, менің болмысым­да сол әкенің ізі бар. Өмірде егер бір жақсылыққа ұмтылып, бір жарыққа қарай бет алсам – бұл әкем мен ше­шем­нің маған берген тәрбиесінің жемісі. Себебі адамды биік ететін ақыл мен тәрбие ғой! Абай айтқан­дай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек…»

– Әңгімеңізге рақмет!

Дайындаған Көктем ҚАРҚЫН, Әсет ҚАЛИ