Maqsut Narikbayev University базасында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заң жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Мемлекеттік қызмет туралы заң жобасы талқыланды
186
оқылды

Дөңгелек үстел жұмысына Мем­лекеттік қызмет істері агентті­гінің төрағасы Д.Жазықбай, Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасы Т.Нәрікбаев, Парламент Мә­жілісінің депутаттары М.Әбе­нов және М.Башимов, Конститу­циялық Сотының төраға орын­ба­сары Б.Нұрмаханов, Ұлттық эко­но­мика вице-министрі А.Дарбаев, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Б.Нұрғазиева, Парла­ментризм институты директоры­ның орынбасары Б.Бекжанов, «Қо­ғамдық пікір» зерттеу инсти­туты­ның директоры Б.Ракишева, Заң­нама және құқықтық ақпарат инс­титутының директоры И.Әубә­кі­рова сондай-ақ мемлекеттік ор­гандар жанындағы Қоғамдық кеңестердің төрағалары, заңгер-ғалымдар, мемлекеттік басқару са­ласындағы сарапшылар мен мамандар қатысты.

Жаңа Заң жобасы Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымда­ма­сын іске асыру аясында әзір­ленді. 

Агенттік төрағасы өз сөзінде Заң жобасында мемлекеттік қыз­меттің миссиясы, міндеттері мен та­лаптары жаңаша айқындалғанын атап өтті. Ол азаматтардың сұра­ныстарына және қажеттіліктеріне жауап беретін сервистік мемле­кеттік аппаратты қалыптастыруды одан әрі заңнамалық тұрғыдан жетіл­діру барысы туралы айтты.

«Мемлекет басшысының «адам мемлекет үшін емес, мемле­кет адам үшін деген» іргелі қағида­сы мемле­кеттік аппараттың жұ­мысын ашық, адамға бағдарланған сипатта іл­герілетуді талап етеді. Жаңа Заң жо­басы мемлекеттік қызметшілер­дің мінез-құлқының адамға бағ­дарланған үлгісін бекіту­ді көздейді. Отансүйгіштікті, ашықтық пен кәсібилікті, клиент­ке бағдарлану мен құқықбұзу­шылықтарға төзбеу­ші­лікті қам­титын талаптарды заң­на­малық тұр­ғыдан бекіту жоспар­лануда», – деді Дархан Жазықбай.

Заң жобасында кәсібиліктің, әдеп­тіліктің, адамгершіліктің сондай-ақ мемлекеттік қызметші­лердің мемлекеттік және қоғамдық мүдделерге адалдығын қамтамасыз етуге бағытталған мінсіз бедел инст­итутын енгізу қарастырылған. 

Елімізде мемлекеттік қызмет­тің гибридтік моделін енгізу шара­лары  аясында  бағалау, оқыту және тағылымдама нәтижелерін ескере отырып бір лауазым шеңберінде «Б» корпусы қызметшілеріне дең­гейлес көлденең өсу тетіктерін қал­ыптастыру жоспарлануда. Ат­ал­ған норма мемлекеттік қызмет­ші­лердің кәсіби өсуін қосымша ынталандыратын болады.  

Заң жобасында мемлекеттік қызметшілерге мемлекет пен қо­ғамның мүдделерін қорғау қажет­ті­лігі туындаған жағдайда жауап­кершіліктен және бюрократиядан қаймықпай басқарушылық ше­шім­дер қабылдауға мүмкіндік беретін нормалар қарастырылған. 

Тағы бір өзгеріс – ішкі кон­курс­тарды жою. Бұл кадрлық ірік­теу мүмкіндігін кеңейтіп, мемле­кет­тік қызметке білікті мамандар­ды тартуға жол ашады деп күтілуде.

Сонымен қатар Жапония мен Сингапур тәжірибесіне сүйеніп, жастарды мемлекеттік органдарға тарту мақсатында мектеп және университет деңгейін қамтитын ерте кәсіптік бағдарлау институты құрылады. Бастама дарынды жас­тар­ды мектеп жасынан бастап мем­лекеттік қызметке ынталан­дыру­ғ­а мүмкіндік береді.

Дөңгелек  үстелге қатысушылар Агенттік әзірлеген мемлекеттік қыз­­мет туралы жаңа Заң жоба­сы­ның негізгі жаңашылдықтарын жан­жақ­ты талқылады. Қатысу­шы­лардың пікірінше, ұсынылып отыр­ған заң­на­малық шаралар мемлекет­тік ап­па­рат­тың тиімді қыз­мет етуі­не, сон­­дай-ақ мем­ле­кеттік орган­дардың қыз­метіне қо­­ғам сенімінің артуына ықпал етеді.

А.Бердімұрат