2 миллиард теңге – науқан алдындағы өнімнің танымалдылығын арттыруға арналған маркетинг.
«100 пәтер тарату – қайырымдылық емес, маркетингтік айла»: Қызметкерлеріне үй берген Тұрсын Алагөзовті бұрынғы әйелі сынады
2,038
оқылды

Кәсіпкер Тұрсын Алагөзовтің бұрынғы жұбайы Ляйсира Марат Instagram парақшасында ашық мәлімдеме жасап, оның қызметкерлеріне пәтер беруін маркетингтік айла деді. Ол жазбасында отбасылық бизнестің көлеңкелі жағын ғана емес, қарызға белшесінен батқан компанияны қалай аяғынан тұрғызғанын және кейін одан қалай айырылғанын айтып берді, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты.

Оның айтуынша, мүлікті бөлісу кезінде ол Galanz Bottlers компаниясының 43,25% акциясына ие болған. Ал туған әпкесінің еншісінде – 7,5% акция. Осылайша, олар бақылаушы акция пакетін иеленіп, 2016 жылы компанияны басқаруға кіріскен.

 – Тұрсыннан біз компанияны 13 миллиард теңге қарызымен қоса алдық. Оның айналымдағы қаржысы 10 миллиард теңге ғана еді. «Цесна банк» техникалық дефолт жарияламақ болғанда Дәурен Жақсыбековпен жүздесіп, аяғына жығылып, банк алдындағы міндеттемелерді орындауға бір жыл уақыт сұрадым, – дейді Ляйсира.

Сөйтіп 2018 жылы компания жағдайы тұрақтала бастағанда Тұрсын Алагөзов Сатыбалды әулетіне жүгініп, компанияны апалы-сіңліден тартып алған көрінеді.

 – Сол кезден бастап бізге қысым күшейді, қылмыстық іс қозғалды. бір сөзбен айтқанда ұжымды күйзеліске түсірді. 2021 жылдың ортасына қарай сату көлемі 35 миллиард теңгеден асты. Компания міндеттемелерден құтылып, өніміміз нарықта танымал брендке айналды. Сол кезде, яғни 2021 жылдың жазында мені компаниядан шығарып жіберді. Егер қарсылық білдірсем, бәлкім, қазір тірі де болмас па едім, – деді Ляйсира Марат.

Ол қызметінен кеткен соң бір апта ішінде директор және директорлар кеңесінің төрағасы болып қайта Тұрсын Алагөзов тағайындалған. Оның айтуынша, компания мұндай қайырымдылық акциясын ұйымдастыруға сол кезде-ақ қауқарлы болған. Қазір бұл акцияны ол таза маркетингтік амал деп есептейді. Өйткені қайырымдылық жасаушы әдетте аты-жөнін көрсетпей, өзін жарнамалаудан қашатын еді ғой. Осы жолғы 2 миллиард теңге – науқан алдындағы өнімнің танымалдылығын арттыруға арналған маркетинг, бұл – бюджетінің жартысына тең. Шай сатылып, қоймада қалып қоймауы керек. Екінші жағынан, бұл – адамның имиджін көтерудің бір жолы, – дейді Ляйсира Марат.