Бұл төлемдер әр айдың 20-сынан кешіктірілмей түсіп тұруы керек.
Қуандық Бишімбаевтың түрмедегі табысы қанша екені белгілі болды
1,728
оқылды

Аса қатыгездікпен адам өлтіргені үшін сотталып, жазасын өтеп жатқан Қуандық Бишімбаев жақында алимент мөлшерін азайтуды сұраған. Экс-министрдің нақты қанша табыс табуы мүмкін екенін және оның иелігінде қандай активтері жайында Orda.kz жазған, – деп хабарлайды Аikyn.kz.

Orda.kz жазуынша, Бишімбаев бұрынғы әйелімен 2020 жылы нотариалды түрде бекітілген келісімі бар. Онда ол үш кәмелетке толмаған баласын асырауға ай сайын 1,6 миллион теңге төлеуге міндеттелген. Бұл төлемдер әр айдың 20-сынан кешіктірілмей түсіп тұруы керек.

Егер Қуандық Бишімбаев осындай қаражат төлеуге келіскен болса, оның ай сайынғы табысын шамамен есептеуге болады. Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 139-бабына сәйкес, үш және одан да көп балаға төленетін алимент төлеушінің табысының 50 пайызын құрайды.

Осы сүйене отырып, Қуандық Бишімбаевтың ай сайынғы табысы шамамен 3,2 миллион теңге болуы мүмкін. Алайда бұл қаржы сот шешімі емес, ерікті түрде жасалған келісім бойынша белгіленген. Сондықтан оның нақты табысы бұдан да көп болуы ықтимал. 1,6 миллион теңге – Назым Қахарманмен өзара келісілген ақша ғана.

Естеріңізде болса, Қуандық Бишімбаевтың туыстары келесі компанияларға иелік етеді: Ezy Park – жылжымайтын мүлікті жалға беру және пайдалану саласында жұмыс істейді,  Sapa Logistics  ЖШС – қоймалау және сақтау қызметтерімен айналысады, «Техникалық лицей» жеке мекемесі, Alawwal Partners Ltd  ЖШС – қаржылық қызмет көрсетеді, Success ABN  ЖШС – құрылыс жобаларын әзірлеумен айналысады.

Сондай-ақ Бишімбаевтың анасы мен әпкесі Астана мен Шымкент қалаларында жылжымайтын мүлікке иелік етеді. Былтыр Астанада Ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысы Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру ісі бойынша апелляциялық іс қаралды.