Елордадағы Ырыскелді қажы атындағы мешіттің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы Қазақ радиосына сұхбат беріп, Құрбан айт қарсаңында тыңдаушылар сауалына жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Эфир барысында тыңдаушы сатып алған қойы қашып кеткенін айтып, имамнан кеңес сұраған. Нұрлан Байжігітұлы осыған орай Құрбан айт кезінде басынан өткен қызық оқиғаны айтып берді.
«Қай саланың адамы екенін айтпай-ақ қояйын, бір қызметтегі кісі қой құрбандыққа шалатын болды. Көзімді жұмып, дұға оқып жатыр едім. Бір кезде мені түртті. «Неге түртіп жатыр екен?» деп ойладым да, жалғастыра бердім. Тағы түртіп, «Қой кетті!» деді. Көзімді ашсам, қой қашып бара жатыр. Бәріміз қойды іздедік. Ол бір семіз қой екен, ұстатқызбады. Содан басымды шауып алса да, айтайын деп, «Бұл малды өз ақшаңызға алдыңыз ба?» деп сұрадым. «Айлығымнан алып едім» деп жауап берді. Енді қызығы, бұл нәрсе кітапта бар екен. Егер соятын мал қашып кетсе, яки өліп қалса, бай адам болса, қой алсын дейді. Нақты солай жазылған. Егер бай адам болмай, бар ақшасына алған болса, онда құрбан шалған болып есептеледі екен», - дейді ол.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.