Зиялы қауымның тағдыры ел тағдырынан әсте тыс қалған емес. Саяси қуғын-сүргіннің аяусыз құрбандары болған ұлт зиялыларының тұлғасы әрқашан биік тұрары сөзсіз. Озық ойлы қазақ зиялылары сауаттылықтан басқа саяси көзқарас қалыптастыруға, отаршыл үкіметтің шешімдеріне қарсы тұруға мәжбүр болды. Солардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры Әлімхан Ермеков еді. Алаш арысы ұстаздық еткен жолда талай шәкірт тәлім-тәрбиесін көрді.
Оның бірі ғалым Савет Сағынтайұлы Aiqyn газетінің тілшісіне берген сұхбатында өз естелігін айтты берді.
Әлімхан Ермековтің есімін алғаш рет студент кезімде естідім. Жалпы, өзім математика тарихына қызығатынмын, қазақтың көрнекті математиктері туралы көп оқитынмын. Сол кезде оның есімі жиі кездесетін. Университет бітіргеннен кейін жас мамандарды түрлі орынға жұмысқа жіберетін. Бір күні деканымыз Тұрлыбек Келтенов кабинетіне шақырды. Барсам, жанында бір кісі бар екен.
Сәлем бергеннен кейін: «Міне, мына кісі – қазақ халқының тұңғыш математигі, бірнеше кітаптың авторы Әлімхан Ермеков», – деп таныстырды. Сөйтсем, мені ұстазбен таныстыру үшін шақырыпты. Сосын: «Сағынтаев, сен техникалық университетке мұғалім болып барасың», – деді. Деканымыз өте тік мінезді, сөзін қысқа, бұйрық райда айтатын адам еді. Мен сасып қалдым. Жасым небәрі 22-де, психологиялық жағынан да дайын емес едім. «Бара алмаймын», – дедім. Себебі ол жақтағы талаптың жоғары екенін, білімді студенттердің көп екенін еститінбіз. Содан болар, бойымда қорқыныш болды. Сол кезде жанында отырған Ермеков: «Савет, қорықпа. Қазір сыртқа шығып сөйлесеміз», – деді.
Осылай мен Әлімхан Ермековпен алғаш рет таныстым. Сыртқа шыққан соң, ол кісі мені үйіне алып кетті. Ленин көшесімен жүріп бара жатып, маған жылы сөздер айтты. «Мен де алғаш Ташкенттегі Жоғары педагогикалық институтқа мұғалім болып барған кезде дәл сен сияқты қорыққанмын. Уайымдама. Сен кездейсоқ таңдалып тұрған жоқсың – факультеттің деканы мен мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағаларының ұсынысы», – деді.
Сосын үйіне барып, шай іштік. Кейін өзі жетектеп жүріп, политехникалық институтқа ертіп барды. Кафедрадағы жауапты адамдармен таныстырып, жұмысқа орналастырып кетті. Сол кездесуден кейін ол кісіні көп көре алмадым. Сол кезде ойлап қарасам, Ермеков ағамыздың жасы 71-де екен.
Сұхбатты мына сілтемеден толық оқи аласыз.