Министрдің айтуынша, биылғы байқау салалық ұсыныстар мен пікірлерді ескере отырып, жаңартылған ережелер бойынша өтуде. Конкурстық үрдіс енді бірнеше кезеңнен тұрады: алдымен басым тақырыптар жарияланып, сценарий жазуға екі ай уақыт беріледі; бірінші кезеңде тек сценарийлер мен сценарийлік жоспарлар қабылданады; сараптамалық кеңес жобаларды анимациялық, көркем және деректі фильмдер санаты бойынша іріктейді; ал екінші кезеңде толық құжаттар топтамасы тексеріліп, қателерді түзетуге үш күн уақыт беріледі. Питчинг кезеңіндегі ашық қорғау 9-12 маусым аралығында өтеді. Оның ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында онлайн трансляция қарастырылған.
Аида Балаеваның мәліметінше, биыл питчингке барлығы 99 жоба ұсынылған. Министр бұл үдерісті жеке бақылауына алып отырғанын атап өтті.
– Біздің ортақ мақсатымыз – отандық киноның көкжиегін кеңейту. Мемлекет қаржысына түсірілетін фильмдер – халқымыздың мәдени мұрасының бір бөлігі. Сондықтан кинематографистер өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарап, мазмұнды әрі сапалы туындылар ұсынады деп сенемін, – деді министр. Оның айтуынша, кино – тек өнер ғана емес, сонымен қатар ұлттың тарихы мен болмысын айшықтайтын мәдени және идеологиялық құрал. Осы бағытта министрлік ұлттық киноны жүйелі түрде қолдауды жалғастыра бермек.
Мейір ЖАСЫН