Ресейдің Пермь қаласында өткен Азия саяси партиялары халықаралық конференциясы (АСПХК) Тұрақты комитетінің 43-отырысы аясындағы қоғамдық-саяси тыңдауларға Қазақстан делегациясы қатысты. Делегацияны «AMANAT» партиясының Орталық аппаратының басшысы Мәди Оспанов бастап барды.
Мәдени диалогті кеңейту керек
210
оқылды

Іс-шараны «Единая Россия» пар­тиясының қолдауымен Азия саяси партиялары халықаралық конференциясы ұйымдастырды. Форумға ТМД, ШЫҰ, АСЕАН және басқа да аймақтық бірлес­тіктерден 300-ден астам делегат – саяси партиялар, парламенттер мен сарапшылық қауым өкілдері жиналды. Жиынның басты тақы­рыптары – Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік, гуманитарлық және жастар ынтымақтастығын кеңейту, сондай-ақ партияаралық диалогті дамыту болды.

Пленарлық отырыс пен та­қы­рыптық пікірталастарда саясат, құқық, экономика және гуманитар­лық саладағы өзекті мәселелер талқыланды. Қазақстандық деле­гация гуманитарлық бағыттағы пікір алмасуға белсенді атсалысып, Орталық Азия өңірінің тұрақты дамуы үшін жастар мен мәдени бастамалардың маңыздылы­ғын ерекше атап өтті.

Пленарлық отырыста сөз сөйлеген, «AMANAT» партиясы Орталық аппа­ратының жетекшісі Мәди Оспанов гума­нитарлық бағыт халықаралық ынты­мақтастықтың жүйеқұраушы элементіне айналуға тиіс екенін айтты. Ол Еуразия ке­ңістігінде жастар мен мәдени бай­­ланыстарды күшейту маңызды екенін айтты, себебі бұл – өзара бір-біріне сенім артуға, сөйлесуге және бейбіт өмір сүруге жол ашады.

«Мәдени-гуманитарлық ынты­мақ­тастықта шекара болмайды. Бұл – қарудың емес, рухтың, идея­ның және өзара құрмет­тің күші бағаланатын әлемді қалыптас­тыратын келісім. Біз өркениеттік тұрғыдан бірегей аймақта өмір сүріп отырмыз. Мұнда мәдениеттер диалогі әрдайым тұрақты даму мен татулықтың негізі болып келеді. Қазақстан жастар мен академия­лық алмасуды, партияаралық әріптестік­ті дамыту және өзара сенім қағи­даттарын ілгерілету бастамаларын әрдайым қолдайды», – деді ол.

Сонымен қатар «AMANAT» пар­тиясының парламенттік дип­ломатия, жастар ұйымдары және волонтерлік жобалар аясындағы бастамалары таныстырылды. Мә­селен, былтыр Алматы облысында ШЫҰ аясында халықаралық саяси жастар лагері ұйымдастырылды. «Жастар Рухы» жастар қанатының бастамасымен халықаралық эко-волон­терлер штабы құрылды. Партия депутаттары ҰҚШҰ Пар­ламенттік Ассамблеясы, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, Түркі мемлекеттерінің Ассамблеясы (ТүркПА) және Халықаралық Парламенттік Одақ сияқты құрылымдармен тығыз әріптестік байланыс орнатқан.

Жиын соңында Азия саяси партиялары халықаралық конфе­ренциясы Тұрақты комитетінің отырысы өтті. Оған да «AMANAT» партиясының өкілдері қатысып, қазіргі геосаяси жағдай мен ха­лық­аралық сын-қатерлер аясында Азия және Еуразия партиялары арасын­дағы ынтымақтастықтың басым бағыттары айқындалды.

«AMANAT» партиясы өзара құрметке, қолдауға және сындарлы ұстанымға негізделген тең құқықты халықаралық диалогті жүйелі түрде жақтайды. Мұндай халықаралық алаңдарға қатысу – Қазақстанның өңірлік әріптестік пен орнықты даму қағидаттарына берік екенінің көрінісі.

Айта кетейік, биыл Азия саяси пар­тиялары халықаралық конфе­ренциясының (ICAPP) құрылғанына 25 жыл толып отыр. Аталған ұйым 2000 жылы Филиппин астанасы Ма­нилада құрылып, Азия мен Мұ­хит аймағы елдерінің саяси пар­тияларын біріктіретін басты диалог алаңына айналды. ICAPP бүгінде Латын Америкасы, Африка және басқа да өңірлердегі серіктес құрылымдармен тығыз байланыс орнатқан.

«AMANAT» партиясы Азия саяси партиялары халықаралық конференциясы Тұрақты коми­тетінің мүшесі ретінде 2008 жылдан бері атсалысып келеді. 2009 жылы Астанада Азия саяси партиялары халық­аралық конференциясы­ның 5-ші Бас ассамблеясы және Тұрақты комитеттің 10-отырысы өткен болатын.