«Астана Опера» театрының балет әртісі, жарқын әрі жас хореограф Сұлтанбек Ғұмардың ерекше идеялары, HasSak ансамблі, сондай-ақ композитор Хамит Шаңғалиевтің аспаптық музыкасы үйлесім тапқан кеш болды.
Қала тұрғындары мен қонақтары «Астана Опера» балет труппасының орындауындағы бірегей хореографиялық қойылымдарды тамашалады. Атап айтқанда, А.Райымқұлованың музыкасына қойылған «Мәңгүрт» қойылымында балет солисі Серік Нақысбеков пен әртіс Лимара Айдарова өнер көрсетті.
Кеш бағдарламасында сондай-ақ HasSak ансамблінің музыкасына қойылған «Той бастар», «Аралым», RUH және Х.Шаңғалиевтің музыкасына жазылған «Әлем» туындылары болды.
Жоба авторларының айтуынша, мұндай бастамалардың ірі халықаралық фестивальдер аясында ұсынылуы қазақстандық мәдениетті әлемдік сахнада кеңінен насихаттауға ықпал етеді.
Әсемай РИНАТҚЫЗЫ