«...Көркем шығармада, мейлі, қанша кейіпкер болмасын, оның басты кейіпкері біреу-ақ. Ол шығарма атты кең сахнада бүкіл рөлді жалғыз ойнап шығатын ұлы актер – автордын өзі. Ол қай кейіпкерінің аузынан сөйлесе де, алдымен оның характерін ашуға, одан типтік бейне жасауға, сосын шығарманың ішкі иірімінде өзінің өмірге, коғамға деген жеке көзқарасын білдіруге, адамдар арасындағы күрделі, күресті қарым-қатынастардың сыр-сипатын ашуға ұмтылады; сан түрлі құбылыстарға өзіндік бағасын береді; осы арқылы өзі өмір сүріп отырған ортаның немесе белгілі бір уақыттың психологиялық болмысын көрсетеді» дейтін еді ұстазымыз. Ұстаз дегеніміз – Дидаға, жазушы Дидахмет Әшімханұлы.
Біз Дидағаны қаршадай кезімізден бастап таныдық. «Түркістан» газетінің табалдырығын алғаш аттаған сәттен бастап-ақ ол бізге жақын еді. Біз де ағаның алдын көруге, сөзін естуге ынталы едік. Дидағаны бізбен жақындатқан рухани әлем, мәдени кеңістік болатын. Ол біздің рухани ұстазымызға айналды.
Бейімбетшіл еді
Дидаға әңгімені әдемі айтатын. Әңгіменің бәрі ұлтқа, ұлттың әдебиетіне келіп тірелетін. Ол кісі ең алдымен қазақтың қара сөзін ерекше қадір тұтты. Қара өлеңді көркем сөзбен кестелеген қаламгерді қасиет тұтты. Дидаға ерекше жақсы көрген жазушының бірі Бейімбет Майлин еді. «Биаға» деп бастайтын әңгімесін үнемі. «Биаға» деп аяқталатын әңгіме соңы.
«Бейімбетті неге ерекше жақсы көрді екен» деп ойлайтынбыз. Сұрайтын едік әуелі. Ол кісі: «Өзің қарашы, Бейімбеттің әрбір сөзі сурет болып төгіліп тұрған жоқ па? Әңгімені Бейімбеттей шебер жазған ешкім жоқ. Бейімбет көпсөзділіктен қашты. Әңгімелерінің бәрі жұп-жұмыр, жып-жинақы. Артық-ауыс, кесіп-қырқып тастайтын дүние жоқ. Сенбесеңдер, өздерің оқыңдар» дейтін. Дидаға бізді Бейімбетке осылай ғашық етті. Біз де «Шұға десе, Шұға еді» деп бастап кеп жіберетінбіз.
«Түркістанда» жүргенде Дидағаны іздеп келетін ақын-жазушылар көп болатын. Қалихан аға (Ысқақ) жиі бас сұғады. Ол кісінің әңгімесін тыңдау – бір ғанибет. Дидаға да соны жақсы біледі: Қалихан аға келсе, қасына бізді жинай қоятын.
Бірде ағадан: «Мәдениетті қазақ прозасы, тіпті драманың өзі осы Жүсіпбектен басталады. Тек бір ғана Аймауытовтан айырылуымыздың өзі біздің әдебиетімізді жарты ғасырға кейінге ысырып тастады. Бір Аймауытовтың өзі бір көркем қол, бір әскер сияқты еді! Әуезовтің өзі Жүсіпбектің шапанынан шыққан» деген Қалихан аға әңгімесін еске түсіріп, «Сіз Бейімбет шығармаларын жиі айтасыз. Ал Қалихан аға Жүсіпбек Аймауытовты жоғары қояды» деп сұрадым.
«Қара шалдың Жүсіпбекті биік қоятын жөні бар. Жүсіпбектің шығармалары ақ өлең боп төгіліп тұр. Сурет қандай, сөз қандай! Қалихан ағаңның өзгеше қадір тұтатыны сондықтан. Бірақ мен үшін Бейімбеттің жолы бөлек» деуші еді.
Дидаға Мұқағали ақын туралы көп айтатын. Ерекше жақсы көргенін де жасырмайтын. Жұмекен Нәжімеденов деп жыр шертетін. Арасында Жарасқан Әбдіраштың әлеміне бір сүңгіп алатын. Шерхан Мұртазаны ерекше қадір тұтты. «Шерағаңдай бас редактор болмайтын шығар, сірә» деуші еді. Ол кісіні үнемі «редактор-генератор» санауы да сондықтан. Шерағаңнан алған тәлім-тәрбие, Қалтай Мұхамеджановтан бойға сіңірген ерекше қасиет – шәкірттерін тәрбиелеуге жететін жүз жылдық азық, мың жылдық қор еді. Ол сол тәрбиені өзінің айналасына жиналған жас дарындардың бойына сіңіре білді. Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей салған журналистикадағы соны соқпақ Дидахмет Әшімханұлының мектебіне ұласты. Дидаға үнемі ақын-жазушылармен болатын сұхбаттарға жіберетін. Сұхбатқа бармас бұрын ағадан ақыл-кеңес алатыным бар. Ол кісі үнемі кейіпкерімнің ерекше қырын, айрықша жазу стилі туралы ой толғайтын. Бағыт-бағдар беретін.
Дидаға жетелеген тағы бір әлем бар: ол – Мұратбеков әлемі. «Алғашқы қар», «Менің қарындасым», «Қылау», «Райгүл» бізді бұрыннан қызықтыратын. Алғаш рет Сайын ағадан сұхбат алғаным да есімде. Аға редакцияға өзі алып келді. Суреттерінен көргенім болмаса, алғаш кездесуім. Ағаның әңгімесі де, жылы жүзі де жадымда қатталып қалды.
Ақылдым
Екеуі бір-бірін қатты еркелетті. Дидаға «Жұртбаеееп» дейтін фамилиясын созып. Тұрсын аға болса, редакцияға кірер-кірместен «Әшімқаныппп бар ма?» дейтін даусы гүрілдеп. Тұрсын аға екеуінің достығы аңыз боп қалды. «Ақылдым еді» дейді Тұрсын аға досы туралы.
«Ол әдебиетке «Тасмонша» арқылы келді. Ол өзінің сол тасмоншасын Қалиханның «Бұқтырмасы» мен Оралханның «Мұзтауының» арасына мінезі кісікиік шалдың көмегімен салды және қайта бұзылмайтындай етіп салды. Оның бұл «Тасмоншасында» қаламды жаңа ұстаған балаңдық жоқ, онда кәдімгі кәнігі тасқалаушының тастаңбасы аңғарылатын. Таудың текшесіндегі тасмонша. Жұпыны, бірақ сырты тап-тұйнақтай, қиуы қашпаған шымыр тастар. Кірсең, ішінің түсі суық. Ал пештің көмейін көсесең, қырыс-тырысыңды жазып, алпыс екі тамырыңды иітетін ыстық. Жаның да, тәнің де жадырап шыға келеді. Тура осындағы кісікиіктеу шалдың көңіл күйі Дидахметтің де өмірлік құлақ күйіне айналды. Жеке мінезі де, жазғаны да сол бір шалдың шапанының қаусырмасынан шығып жататын. Оның қалған мақсат тіршілігі «сары самауырынын» тұтатып, «сарыатанға сағым кештіріп», «асу асырып», ағайындарын аралай өтіп, «бөріше ұлып», «Ақшоқыға» ұмтылумен өтті және өзінің Ақшоқысына шықты. Менің ойымша, ол өзінің ант мезгілінде де, таң сызылып ағарып келе жатқан зауал таңында да Талғардың шыңын жанарына іліндіріп барып көзін жұмғанына иманым кәміл. Адамдықтың да, қаламгерліктің де Ақшоқысына жанкештілікпен ұмтылумен өткен мұндай мақсат иесі дегеніне жетпей демін тартып, жүрегінің соғуын тоқтатпас еді» дейді Тұрсын Жұртбай.
Ол өле-өлгенше өзін осы деңгейге жеткізген барлық адамға қарыздар екенін айтып кетті.
«Бірақ сауатымды ашып, қазақ тілін бақайшағына дейін шағып шыққаным үшін бір адамға қарыздармын. Маған қаламды ұстауға үйреткен – күрек! – деп айтып едім ғой. Күрек ұстаған саусақ қуатты болды. Сөзің нық, сенімді жазылады. Күректі дұрыс ұстамасаң – қолың ойылады. Мені сол күрек жетелеп әкеп, Алматы құрылыс комбинатына әкелді. Мектептегі грамматикаға, орфоэпияға, морфологияға, ережеге кім қарапты. Тек жазуға деген ұлы құштарлық қана болды. Содан оқуға түсуге келгенде, тіл-аузым байланып қалды. Әскерде тағы мүмкіндік болмады. Қойшы, емтиханнан өтпедім. АДК-ға құрылысқа орналастым. Құдай менің бақытымды ашайын деген бе, сауатымды ашайын деген бе, ҚазПИ-ді бітіріп, үй-күйі үшін осында бригадир боп орналасқан Бейсекеңнің, сенің емес, менің Бейсекемнің қол астына тап келтіргені. Талабымызды білген соң шарт қойды. Шартын серт ретінде қабылдадық. Содан жұмыстан шаршап-шалдығып кеп, себезгіленіп аламыз да, Бейсекеңе барамыз. Аяз ба, ыстық па, сенбі ме, жексенбі ме, есеп жоқ, біз Бейсекеңнен дәріс аламыз. Әншейінде жұмсақ мінезді Бейсекең ондайда қатқан қарағайға айналады. Миымыз бір айда ашылды, екі айда гарамматиканы көркем шығарма сияқты қызығып оқитын болдық, үш айда терең түсіндік. Төрт айда мәнерлеп жазуды меңгердік. Мен университеттің өзінде де қайтып грамматиканың бетіне қараған адам емеспін. Қазір де ережелерді жатқа айтамын. Шіркін, сол Бейсекеңнің бойында ұлы ұстаздық талант өліп қалды. Демек, сендердің өз Бейсекелерің (Бейсенбай Кенжебаев), менің өз Бейсекем (Бейсембай Байғалиев) бар. Демек, біз екеуміздің де барып түйісетін жеріміз – Бейсекеңдер, – дейтін масаттанып», Бұл – Тұрсын ағаның Дидаға туралы айтқан бір сыры. Әдебиетке әкелген жандардың бәрінің өз орны бар шығар, бірақ Дидаға үшін Бейсембай Байғалиевтің орны бөлек-ті. Онысын мақтанып, досына жиі айтатыны да сондықтан болар.
Аға өмірінің соңғы жылдарында шағын бірнеше әңгіме жазғысы келіп жүргенін айтқан екен. «Әрі ол туындының біреуі туған күніне жеткенше тәмамдалуы тиіс еді» дейді Тұрсын аға. Өкінішке қарай, жазушы ол арманына жете алмай қалды.
«Туындысы емес, өзінің өмірінің тәмамдалғаны мәтқапылық өкініш. Неге соңғы демін ерте үзді? Неге: «Менің тәніммен қоштасқанда «Қоңырдың» айтуындағы «Сәулем-ай» әні айтылып тұрсын!» – деп аманаттады. Неге кешкі тоғызда уәделескен сөзден таңғы бесте айнып кетті? Неге «маңдайы жарылып тұрған» соңғы жинағының қолжазбасын маған беріп, алғысөзін жаздырып алмады? Неге... Білмеймін. Менің ойымды дәл қазір жауабы жоқ сұрақтар ғана буып тұр. Әлде Шерхан дегдар айтқандай: «Бірі кем дүние» деген сол ма?» дейді аға өкінішпен еске алып.
Тұрсын Жұртбай мен Дидағаның достығы (таныстығы) 45 жылға жуықтапты. Тіпті, өмірден өткеннен соң да ұзақ уақыт шайтанқұлақтан (Тұрсын аға ұялы телефонды осылай атайды – Г.Б.) Дидағаңа қоңырау шалып жүріпті. Өзі еркелетіп атайтын Дидашының үнін естігісі келген шығар. Ол кісінің жоқтығына көңіл сенбеген де болар. Дидаға қайтқаннан кейінгі жазбасында Тұрсын аға:
«Соңғы рет жоғалтып тапқан досымды енді жоғалтпайтыным анық. Өйткені ол менің шайтанқұлағымдағы ғана емес, санамдағы «Ақылдым» деген атын өшруді ұмытып кетіпті. Менімен бірге жарық дүниеде тағы да бір мерзімі белгісіз уақыт өмір сүргісі келген болар. Жетісімен қарайлас келген туған күнінде ұлы Дәулетке әкесінің шайтанқұлағындағы менің және оның «шымшыма» атын өшірмеуді өтіндім. Енді мен сол баяғы ғадетімше, кешкі он мен таңғы жетіге дейінгі бейуақтан басқа кездің бәрінде де маңызды-маңызсыз мәселелер туралы «Ақылдыммен» сөйлесіп тұратын боламын. Дидахметтің өзі өмір сүруін ұзартқысы келіп өшіруді әдейі «ұмытып кеткен» атын енді ешкім де өшіре алмайды. Мүмкін, дауысын естіп қалармын...
Содан бері де оның дүниеден қайтқанына қырық күн толғанша екі-үш рет хабарласып жібердім. Әзірше үнсіз. Ол жақтың қарбаласынан қолы тимей жатқан шығар. Бірақ бір күні дауысын еститініме сенемін. Ол сөзсіз маған:
– Иә, «Ақылдың тыңдап тұр! – жауап береді, иә, жауап беретін сияқты» деп жазады.
– Ол кеткенде (Дидаға) жазып едім, – дейді Тұрсын аға. – Өзің оқышы.
Сөйтті де, «Ақылдым» деген жазбасын қолыма ұстата салды.
«Күні кеше қалжыңдасып, қайсымыздың ақылды, қайсымыздың ақылсыз екенімізді шеше алмай, мына өмірдің мұңы болса, сейілтіп, ұмытқаны болса, еске алып, бірімізді-біріміз жұбататын адамдардың біразы жанымыздан кетіп жатыр. Соның бірі – Дидахмет. Өмір осы бір суық заңдылықтарымен адамдарды ойға қалдыратын сияқты. Бүгін барсың, ертең жоқсың. Бұл жалғанда бір-біріңе деген қадірің қандай болды? Ағайынға деген қадірің қандай болды? Еліңе деген қадірің қандай болды? Бәріміз де шіріген топыраққа айналамыз. Сонда біз шіріген топырақтың құрамы қандай болады деген ой санамызды торлап алды. Жаныңнан жақындарың кеткенде өмірдің мағынасын іздегендей болады екенсің»…
Дидаға мен Тұрсын ағаның қалжыңы да ерекше, әзілі де жарасып тұратын. Бір-бірін сөзбен қағысып тұрған бір сәтте Дидаға Тұрсын ағаға: «Мен қайтқан кезде «Қоңырдың» «Сәулем-айы» айтылып тұрсыншы» депті. «Сәулем-айдың» қай сөзі?» деп сұрайды. Сонда аға: «Сәулем-ай, өтті бір дүние дәурен-ай» деген жолын айтқан екен. «Дидахметтің де басынан дәурен өтті, бізден де өтеді. Бірақ бұл дәурендегі оның ізі көкейімізде мәңгі сақталып қалды» дейді аға.
Тау баласы тауға қарап өседі
Алғашқы күнделіктері жеңіл-желпі, қарапайым нәрселерден тұрғанын, кейін салмақты ойларды қағазға түсіре бастағанын айтатын.
Дидағаның тағы бір ерекше қасиеті – ұқыптылығы. Оқуға түскен сәтінен бастап күнделік жүргізгенін айтып еді. Бірде кабинетіне кірсем, ескі қағаздарды реттеп отыр екен. Дәптердің төрт беті толық толтырылған бір қағазды көрсетіп, «кімнің қолжазбасы екенін білесің бе?» деп сұрады. Үңіліп қарап едім, ұсақ-ұсақ жазуларды ажырату мүмкін емес. «Әлкей Марғұланның «Қазақ әдебиетінде» жүргенімде жазған хаты ғой. Ішінде көп мағлұмат бар» деді. Одан бөлек, жазушы Жайық Бектұровтың да хаттарын іріктеп отырды. Кейін ол эпостолярлық жанр ретінде газет бетінде де жарияланды. Дидаға өзіне жазылған хаттардың бәрін реттеп, ұқыптап жинап отыратын. Аға көзі тірісінде сол сары майдай сақтаған қағаздарын жинақтап, бір кітап шығарсам деген арманы бар еді. Өкінішке қарай, ол мақсатына жете алмады. Ол кітапта Абай, Шоқан, Ыбырай қолжазбаларынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі қолжазбалар енуге тиіс еді.
Дидаға Алтайды ерекше жақсы көрді. Өзі туып-өскен Қатон-Қарағайдың жөні бөлек еді. Алтайда туды, Алатауда есейді. «Тау баласы тауға қарап өседі» деген рас екен, Дидаға өле-өлгенше қара сөзбен Алтайын жырлады. Оның лебі жазушының әрбір шығармасынан сезіліп тұрды.
Алайда... бізде қазір өкініш басым. Дидаға егер әлі де тірі жүргенінде өзі айтқан шағын шығармаларының қаншамасы өмірге келер еді. Иә, біз ұстазымыздан аяқасты айырылып қалдық. Үйренгеніміз көп болды ма, аз ба, оны да білмейміз. Әйтеуір, ол кісі айтқан естеліктер бар жадымызда сақталған.
Дидағаның бір публицистикалық әңгімесінде әлдебір ақынның «Жауам деп келіп, жауа алмай кеткен бұлттар-ай!» деген өлеңін мысалға келтірген екен. Кейде бізге Дидаға да солай көрінеді. Тым жаумады деп те, ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Жазам дегені көп еді. Әттеген-айы – «көп жауа алмай қалған бұлтқа ұқсайтыны».
«Оның қазақ баспасөзінде, баспагерлігінде, қазақ прозасында өзі дайындаған ұл-қыздары бар. Сондықтан Дидахметтің ізі ешқашан өшпейді. Дидахметтің қазақ руханиятындағы сол бір демі мәңгілік сақталады» дейді Тұрсын аға. Иә, Дидағаның жанына жастар үйірсек еді. Жас буын да Дидағаны ерекше қадір тұтты.
Иә, солай. Тасқа қашалған таңба ескіруі мүмкін. Таңбалы тастағы бейнелер сан ғасыр бойы сыр сақтап тұр. Сол секілді адамның ісі мен ізі арттағыларға өшпес бір белгі. Дидахмет Әшімханұлының артында қалған мұрасы журналистикаға иек артқан жастарға да, жазуға ден қойған, суреткерлікке жүк артқан жастарға да үлкен мұра.
Гүлзина БЕКТАС