Оңтүстік Кореяның Чечхон қаласында спорттық гимнастикадан жасөспірімдер мен ерлер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды. Ұлттық құрама үш жарыс күнінде жеті жүлде еншіледі. Оның үшеуі – алтын, екеуі – күміс, қалғаны – қола.
Чечхондағы жеті жүлде
153
оқылды

Үш дүркін Азия чемпионы

Иә, 5-8 маусым күндері Оңтүстік Кореяда өткен бәсекеге ерлер мен жасөспірімдер атынан 12 спортшы аттанған-ды. Соның ішінде ерлер арасында 5 спортшы финалға өтті. Нариман Курбанов тұтқалы ат снарядындағы жаттығуын мүлтіксіз орындап, Азия чемпионы атанды. Финалда әлемдегі ең күрделі комбинацияны орындағаны тағы бар. Қазылар алқасы гимнастқа 14,933 ұпай берді. Бұл –  спортшының Париж Олимпиадасынан кейінгі ірі жарысы. Оның айтуынша, осы сарықұрлық чемпионатының жөні бөлек. Оған қоса, Курбанов чемпионатқа қатысқан гимнастардың деңгейі жоғары екенін атап өтті. 

«Финал алдындағы дене қыздыру кезінде қателестім. Бірақ ешқандай уайым болған жоқ. Ақтық сында снарядтың қасына барғанда өзіме сенімді болдым, күшім жететінін білдім. Әлемдегі ең күрделі, қиын комбинацияны орындадым. Соның арқасында маусымдағы ең көп ұпайға қол жеткіздім. Қуантарлық нәтиже, жаттығуды әлі де жетілдіре түсеміз», – деді ол.

Расымен, спортшының финал алдында жаттығу кезінде жіберген қателігі жанкүйерді бір сілкіп алды. Өйткені Нариман осы сында топ жарса, үш дүркін Азия чемпионы атанады. Өзі айтқандай, финалда толқыған, дегбірі қашқан атлетті байқамадық. Сабырлы күйінде тұтқалы атына «мініп», өзіне тән  стильде «қамшы басты». Қос аяқты тұғырда тең ұстап, тепе-теңдік сақтап, ұршықша айналды. Ал осы бір қиын комбинацияны орындап жатқанда қолдаушы біткен демін ішіне тартып отырды. Спортшының қос табаны кілемге тигенше жанкүйер жаны мұрын ұшында тұрғандай. Курбанов болса жеп-жеңіл қимылмен, құламай жаттығуын соңына дейін жеткізді. Одан кейін  Оңтүстік Корея өкілі Вун Хурға (14.633 ұпай) күміс медаль бұйырды. Вьетнам өкілі Дан Нгок Тхен (14.233 ұпай) қола жүлде еншіледі. Ал Курбановпен қатар ересектер арасында сайысқа қатысқан Ілияс Әзізов 13,933 ұпай жинап, бесінші орынға тұрақтады. Былтыр ол Ташкентте өткен Азия чемпионатында 15,600 ұпаймен алтын жүлде алған. Ал 2023 жылы Сингапурде 15,333 ұпаймен топ жарған-ды. 

Құрбанов сөзінің жаны бар. Спорт гимнастикасы – Азияда қарқынды дамыған спорт түрі.  Оған Париж Олимпиадасында ерлер арасындағы 8 алтынның жетеуі сарықұрлық еншісінде екені дәлел. Одан басқа күміс пен қоланың барын ұмытпаған жөн. Спорт және туризм министрлігінің мәліметінше, Жапония, Қытай гимнастары – кез келген байрақты бәсекенің басты фавориті. Сондай-ақ Қытайдың Тайпейі, Қазақстан, Филиппин, Оңтүстік Корея, Өзбекстан мен Иордания командасы тұрақты түрде нәтиже көрсетеді.

Үміт артқан атлетіміздің бірі Милад Карими күміс жүлде еншіледі. Еркін жаттығуда әлем чемпионатының қола жүлдегері мұнда да барын салды. Корей жеріне 24 елдің таңдаулы спортшысы келді десек, Карими өзінің бәсекеге қабілетті атлет екенін тағы бір рет дәлелдеді. Жарыс аясында еркін жаттығу мен керме бойынша финалға өтті. Еркін жаттығуда Карими 14,400 ұпай жинап, күміс жүлдегер атанды. Бұл этапта екі дүркін Олимпиада чемпионы филиппин Карлос Юло (14.600 ұпай) бірінші орын алса, ал үшінші орынды оңтүстіккореялық Мун Гын Ён (14.033 ұпай) иеленді. Ал керме жаттығуында 13,366 балл жинап, 6-сатыға тұрақтады. Ол жаттығу ортасындағы айналым кезінде кермеге қолы жетпей, құлап қалды. Өткен жылы Ташкентте өткен сары құрлық додасында кермеде Каримиге ешкім тең келмеген-ді.  Сондай-ақ еркін жаттығудан финалда Дмитрий Патанин де өнер көрсетіп, 13,833 ұпаймен төртінші орынға тұрақтады. Ол жүлдеге бір қадам жетпей қалды. 

Ат тұяғын тай басар

Жасөспірімдер арасындағы сында Курбановтың ізін басып келе жатқан Роман Хегай ешкімге дес бермеді. Қазылар алқасы өреннің өнеріне 13,800 балл берді. Тағы бір саңлақ Нұртаң Ыдырысов тұтқалы ат снарядында күміс жүлде еншіледі. Ол мұнымен қоймай  қос сырық дисциплинасында үздіктер көшін бастады.  Нәтижесінде, ақтық сында 13,933 ұпай иеленді. Осылайша, құрама қоржынына үш алтын жүлде түсті.  Жасөспірімдердің шабысы алда Қазақстан құрамасының сары құрлықта ғана емес, әлемде де арыға баратынын нұсқағандай. 

Азия чемпионатында ерлер құрамасы спорт гимнастикасынан командалық көпсайыста қола жүлдегер атанды. Жүлдені Нариман Курбанов, Милад Карими, Дмитрий Патанин, Роман Маменов, Ілияс Әзізов пен Әлішер Тойбазаров иеленді. Олар жалпы 240.301 ұпай жинады. Бірінші орында Жапония құрамасы (253.002 ұпай), ал екінші орында Қытай құрамасы (248.265 ұпай) тұр. Жасөспірімдер арасындағы командалық көпсайыс­та да құрама жігіттері қола медаль еншіледі. Жүлдерлер қатарында Нұртан Ыдырысов, Роман Хегай, Артём Ковалев, Владислав Бабушкин, Андрей Терман және Өмірсерік Досжан бар. Мұнда да бірінші орынды Жапония иеленсе, Оңтүстік Корея құрамасы екінші орынға тұрақтады. 

Ел құрамасы былтырғы XI Азия чемпионатында жалпы есепте 3-орын алған-ды. Ерлер, әйелдер, жасөспірімдер қосылып 3 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль иеленген. Осылайша, Ташкент турнирінде жалпы есепте Қытай мен Филиппин алтын мен күмісті өзара бөліскен еді. Ал осы жолы әйелдер арасындағы сайыс 12-15 маусым аралығында өтеді. Қазір құрама қыздары тыңғылықты дайындық жүргізіп жатыр. 

Естеріңізде болса, былтыр Ташкентте Аида Құрбанова әйелдер арасында   Азия чемпионатының алғашқы жүлдесін тарту еткен. Биыл  Аида Құрбанова, Дарья Ясинская, Медина Қапбасова, Арина Лебедева, Эвелина Ежова Чечхонда жүлдеге таласып көрмек. Алда әйелдер құрамасының нәтижесін бақылаймыз.

Қош, спорт гимнастикасы бекзада спорт түрі. Әрі мамандардың айтуынша, бастапқыда осы спорт түріне икемделген бала кейін басқа спортқа еркін ауысады. Нариман Курбанов Париж Олимпиадасынан күміс медаль еншілеген соң аталған спорттың елдегі беделі көтерілді.  Көбіне ата-аналар ұл-қызын танымал спорт түріне жетектеп апаратыны белгілі. Сондықтан дәрігерлер баланы ерте жастан бокс не дзюдоға жетелеп апармай, бас сүйек қатайған соң 11-13 жас аралығында беруді құптайды. Елімізде спорт гимнастикасы үйірмелері балаларды 4-5 жасынан бастап қабылдайды. Оның үстіне, басқа спорт түрімен салыс­тырғанда жарақат алу ықтималы төмен. Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері де жүрген жерінде спорт гимнастикасының қыр-сырын айтып, жеткіншектерді бекзада спортқа бейімдеуге тырысады.  

Айбике Жанасыл