Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының отырысына қатысу үшін Қазақстанға келген Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Нурланбек Тургунбекуулумен кездесті. Сұхбат барысында тараптар парламентаралық және екіжақты ынтымақтастықтың келешегіне назар аударды.
Қырғызстан Жогорку Кенешінің төрағасымен кездесті
170
оқылды

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Қазақ­стан мен Қырғызстан арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдарда жоғары дең­гейдегі достық байланыстардың ар­­қасында айтарлықтай нығайып, ын­тымақтастықтың жаңа деңгейіне кө­терілгенін атап өтті. Осыған байланысты ол мемлекет басшыларының бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қолдаудың және парламентаралық ынтымақтастықты жан-жақты, оның ішінде халықаралық ұйымдардың қыз­меті аясында одан әрі жандандырудың маңызды екенін айтты.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан – біздің елі­міз үшін бауырлас және одақтас мем­лекет екенін үнемі айтып келеді. Та­мырымыз бір Қырғыз елімен ғасырлар бойы қалыптасқан достық, ұқсас тіл, ортақ мәдениет пен салт-дәстүр және азаматтарымыздың өзара тығыз қа­рым-қатынасы байланыстырады. Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың былтыр Қазақстанға жасаған ресми сапары және Жоғары мем­лекетаралық кеңестің 6-отырысы екі­жақты ынтымақтастықты одан әрі ны­ғайтуға тың серпін берді. Соның ая­­сында қол жеткізілген маңызды нә­ти­желердің бірі Қазақстан мен Қыр­ғызстан арасындағы Одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартқа қол қою болғаны сөзсіз. Қазір екі ел арасында парламентаралық ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. Өңірдегі тұрақтылық пен орнықты дамуды нығайту ісінде Парламент депутаттары мен жергілікті өкілді органдар маңызды рөл атқаруға тиіс», – деп, Мәулен Әшімбаев биыл Бішкекте өтетін Орталық Азия мемлекеттерінің үшінші Парламентаралық форумы және онда өңір елдері арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайтуды көздейтін мәселелердің талқылануы маңызды екенін атап өтті.

Кездесуде заң шығару қызметін ұйымдастыру және әкімшілік процестер мен парламенттік қызметті қамтамасыз ету саласында тәжірибе алмасу жолдары да сөз болды. Сондай-ақ өңіраралық өзара іс-қимылдың әлеуетін дамытуға арналған міндеттер белгіленді.