Түркістан облысында биыл балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру ерекше маңызға ие болып отыр. Өңірде жаз мезгілінде 41 мыңнан астам оқушы 31 жазғы сауықтыру лагерінде демалмақ. Бұл туралы Түркістан облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте атап өтті. Айгүл Ерхалиқызы жиында жұмысшы мамандықтар жылына орай өңірдегі маңызды жаңалықтар туралы да айта кетті.
Түркістанда модульді лагерь бар
Жыл сайын оқушылардың жазғы кезеңдегі тынығуын тиімді әрі сапалы ұйымдастыру – облыс әкімдігінің, Білім басқармасының және аудан-қалалық жергілікті билік өкілдерінің басты назарында. Осы жылы алғаш рет модульдік жатын бөлмелермен қамтылған лагерьлер өз жұмысын бастады. Бұл бастама — өңірдегі балалар лагерьлеріндегі орын тапшылығы мен санитарлық жағдайдың жеткіліксіздігі секілді өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.
Биылғы жаз маусымында Төлеби ауданының табиғаты көркем аймағындағы бес лагерь – «Төлеби Нұры», «Тау шыңы», «Балауса», «Тау барысы» және «Балдәурен» – алғаш рет модульді конструкциялармен жабдықталды. Аталған лагерьлерге 52 модульді бөлме мен санитарлық тораптар орнатылып, бір ауысымда 1000-нан астам баланы қабылдауға мүмкіндік жасалды.
Модульдік құрылымдар – қазіргі заман талабына сай, тез орнатылатын, экологиялық таза әрі тиімді инфрақұрылым. Олар балаларды қысқа мерзім ішінде жайлы жағдаймен қамтамасыз етуге таптырмас шешім. Бұл лагерьлерде жаз бойы 10 мыңға жуық оқушы демалады деп күтілуде.
Сонымен қатар балалардың жайлы демалысы үшін санитарлық-гигиеналық талаптарға сай жуыну бөлмелері, әжетханалар мен асханалар жабдықталуда. Осы арқылы лагерьлердің инфрақұрылымы айтарлықтай жаңарып, қауіпсіздік пен қолайлылық деңгейі артты.
Аталған бастама Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауына алынған. Аймақ басшысы жазғы сауықтыру науқанына қатысты барлық тапсырманың сапалы әрі уақытылы орындалуын қадағалауды жауапты сала басшыларына тапсырды. Өңір әкімінің тапсырмасына сәйкес, жазғы маусымға дайындық аясында бірқатар лагерьде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Айталық, көп жылдан бері жаңғыртылмаған «Самал» жазғы сауықтыру лагері биыл 20 жылдан соң алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Мұнда терезелер мен есіктер жаңартылып, ғимарат ішіне заманауи әжетханалар орнатылды, қабырғалар сырланып, әктеу жұмыстары жүргізілді.
Жазғы лагерьлер — бұл жай ғана тынығу алаңы емес, балалардың тұлғалық, шығармашылық және рухани тұрғыда дамуына жағдай жасайтын маңызды орта. Осыны ескере отырып, облыстағы барлық лагерьде ойын-сауық, мәдени, спорттық іс-шаралар мен шығармашылық шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Балаларға арналған бағдарлама әр күнге жоспарланып, олардың белсенді әрі мазмұнды уақыт өткізуі қамтамасыз етіледі.
Айта кетейік, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облыста жазғы сауықтыру маусымы ресми түрде басталды. Бұл кезеңде барлық лагерьлер толық қуатта жұмыс істейтін болады.
Брифингте Білім басқармасының басшылығы бұдан бөлек, биылғы оқу жылын Түркістан облысы бойынша 553 мыңнан астам оқушы бітіріп жатқанын, оның ішінде 33 884 оқушы он бірінші сыныпты аяқтап жатса, олардың 2 300-ден астамы «Алтын белгіге», 2 400-і «Үздік аттестатқа» үміткер екенін жеткізді.
IT университеті бой көтеріп жатыр
Брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай өңірде бірқатар ілкімді істің бар екені жеткізілді.
«Жұмысшы мамандықтар – бұл еңбекқорлық, кәсібилік, жаңашылдық және даму мүмкіндігі мол сала», – деген Айгүл Ерхалиқызы қазір осы мақсатта облысымызда WOOSONG-TURKISTAN IT университеті бой көтеріп жатқанын баяндады. Онда «Жасанды интеллект және үлкен ақпараттар талдауы», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Әлемдік төртінші IT өнеркәсіптік революция» және «Мультимедия және Web дизайн» мамандықтары бойынша 4 факультетте 2 340 студент білім алмақ. Сондай-ақ өңірдегі 1 колледж IT бағытына көшіп жатыр.
Сонымен бірге биыл мамандарды даярлауға бөлінетін 15 мыңнан астам гранттың 9 500-ы, яғни 63,3 пайызы жұмысшы мамандықтарына бөлінбек. Аталған салаға берілетін гранттар 1 000 орынға ұлғайтылып, қазір техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау бағытында үлкен жұмыстар жүргізілген. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге өспек. Бұл колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, педагогтердің біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Биыл колледждерге 15 мыңнан астам грант бөлудеміз. Оқу бағдарламасын нарық талабына сай бейімдейміз. Аталған бағытта жаңадан 11 жұмысшы мамандығына лицензия алынып, ол кезең-кезеңімен ашылады. Талдау нәтижесі эстетикалық косметология, операторлық өнер, көпірлер мен көлік тоннельдері, радиотехника, жер асты құрылымдарының құрылысы, қашықтықтан басқарылатын авиациялық жүйе, гидротехникалық құрылыс, қалдықтарды қайта өңдеу салаларына сұраныс артқанын көрсетуде. Бұдан бөлек, пайдалы қазбалардың кен орындарын жер астында өңдеу, сүт және сүт өнімдерін өндіру, стомотология, фармация мамандықтары қосылды», – деген Білім басқармасының басшылығы, алдағы оқу жылының да жоспарларымен бөлісті.
Назгүл НАЗАРБЕК, Түркістан облысы