Орал қаласында туристік қызмет көрсету бойынша жасалған алаяқтық әрекет тоқтатылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Орал қаласының тұрғыны анасын жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, жалған туристік қызметін ұйымдастырған. Заңды бизнестің көрінісін жасай отырып, ол әлеуметтік желілерде жарнама таратып, клиенттермен ресми келісімшарттар жасап, фискалдық чектер берген және мессенджерлер арқылы байланыс жүргізген. Бұл адамдардың оның қызметіне деген сенімін қалыптастырған.
Алаяқтың құрбаны 15-тен астам адам болды, залалдың жалпы сомасы 25 млн теңгеден асқан.
Орал қалалық сотының үкімімен айыпталушы екі және одан да көп адамға қатысты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол туризм саласындағы кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан 7 жыл мерзімге және 5 жылға бас бостандығынан айырылды.