Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте ресми өкіл Айбек Смадияров Иран мен Израильде қазір қанша қазақстандық жүргенін айтты. Сондай-ақ екі ел арасындағы қақтығыстың ушығуына байланысты БАӘ-ден 300 қазақстандық үйіне қайта алмай отыр, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты.
"Қазір Иранда 132 қазақстандық, ал Израильде 219 қазақстандық бар. Консулдықтар азаматтарымызбен тұрақты байланыста", – деді Айбек Смадияров.
Ол қазақстандықтардың арасында қаза болғандар мен жараланғандар жоқ екенін жеткізді.
"Қазір БАӘ мен Қазақстанның кейбір әуекомпаниялары рейстерінің тоқтатылуына байланысты көбі туристерден құралған 300-ге жуық Қазақстан Республикасының азаматтарының ұшып кетуіне уақытша кедергі келтірілді. Дипломаттарымыз бұл мәселемен айналысып жатыр. Әуе компанияларымен жасалған келісімнің арқасында жақын арада азаматтардың жартысынан астамы еліне оралады деп күтілуде", – деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Министрлік өкілі Иран мен Израильдегі Қазақстан азаматтарын күшейтілген қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.
"Қазір Иран мен Израильде жүрген Қазақстан азаматтарын аса қажет болмаса тұрғылықты жерінен шықпауын, қырағы және сақ болып, жаңалықтарды қадағалап, жергілікті биліктің ұсыныстарын орындауын сұраймыз. Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігімен және Қазақстанның Иран Ислам Республикасындағы және Израиль мемлекетіндегі елшіліктерімен тығыз байланыста болуға кеңес береміз", – деді Смадияров.
Айбек Смадияровтың айтуынша, соңғы күндері Иран аумағынан шыққысы келген біраз қазақстандыққа көмек көрсетілген.
"14 маусымда Иранға іссапармен барған Қазақстан Республикасының алты азаматына Әзербайжан арқылы Отанына оралуға көмек көрсетілді. Ал 15 маусымда 68 қазақстандық, оның ішінде дипломаттардың отбасы мүшелері, Қазақстаннан іссапармен барған экономикалық ынтымақтастық ұйымы хатшылығының қызметкерлері, іссапармен жүрген азаматтарымыз Ираннан Түрікменстан арқылы шығарылды. Алдағы күндері барша отандасымыз елге оралады деген сенімдеміз", – деп мәлімдеді ол.
Ал Қазақстан Республикасының Ирандағы өкілдіктерінің қызметкерлері әдеттегідей жұмыс істеп жатыр.
Еске салайық, 13 маусымға қараған түні Израиль Қорғаныс армиясы Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастаған еді.