Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин жүргізген келіссөз нәтижесінде 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды.
Қытай-Қазақстан достығын нығайтып, екі елдің ынтымақтастығын одан әрі ілгерілетуге әзірмін - Си Цзиньпин
745
оқылды

Си Цзиньпин қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Президентке ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан ұлттық жаңғыру жолына түскенін, ел дамуында тың табыстарға қол жеткізіп келе жатқанын атап өтті.

– Тату көрші әрі стратегиялық серіктес ретінде біз Сіздердің жетістіктеріңізге тәнтіміз. Сіздер үшін қуаныштымыз. Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасы құбылмалы әлемнің сынына төтеп беріп, қарқынды дамып келеді. Бұл – тек географиялық тұрғыдан жақындықтың, ғасырларға ұласқан достықтың арқасы ғана емес, елдеріміздің өркендеу жолындағы табиғи сұранысы. Соңғы жылдары бірлескен күш-жігердің нәтижесінде тағдыры ортақ Қытай мен Қазақстан арасындағы ықпалдастық жаңа мән-мазмұнмен толығып жатыр. Бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асырылуы қос халыққа айтарлықтай пайда әкелді. Мен Өзіңізбен тізе қосып, Қытай-Қазақстан достығын нығайтуға, өңірдің және жалпы әлемнің дамуына елеулі үлес қосу үшін екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын одан әрі ілгерілетуге әзірмін, – деді ҚХР төрағасы.

Келіссөз барысында екі ел ынтымақтастығының барлық бағыт бойынша перспективасы талқыланды. Байырғы достық пен өзара құрметке арқа сүйеген екі ел басшылары емен-жарқын әңгімелесті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин жүргізген келіссөз нәтижесінде 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды.

Екі ел делегациясының мүшелері энергетика, аэроғарыш, цифрландыру, кеден, ауыл шаруашылығы, электронды сауда, туризм, зияткерлік меншік, медицина, медиа, ғылым, өңіраралық байланыс салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын құжаттармен алмасты. 

Олардың ішінде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау, техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдер бар.