Елімізде бір тетікті басып, бірсәттік ұтысқа үміттенетіндердің қарасы көбейіп жатыр. Мамандар құмаройын – ойын ғана емес, адамның тағдырын талқандайтын дертке айналғанын айтып дабыл қағуда. Әсіресе, жастар санасын улап, отбасыларды ойрандатып, қоғамның тамырына сызат түсіріп тұрған лудомания мәселесі түрлі мінберден айтылып жүр. Мемлекет басшысының Қауіпсіздік Кеңесінде бұл індетке қарсы пәрменді шаралар қабылдауды тапсырғаны – осы дерттің шын мәніндегі ауқымын айқындап отыр.
Бәс тігілген болашақ
229
оқылды

Жанды жұтты, заңды құртты

Президент осы жаман әдетке, әсі­ресе жастар әуес екеніне назар ау­дарып, мемлекеттік органдарға аза­маттардың жекелеген санат­тары үшін құмаройындарға  қа­тыс­ты шектеулерді күшейтуді тап­с­ырған еді. Мемлекет басшысы елі­мізде лудоманияның белең алуы­на қарсы бағытталған әлеу­мет­тік дағдыларды қалыптас­тыру­да қоғамның, дін қызмет­кер­лері­нің және бұқаралық ақпарат құ­рал­дарының атқаратын рөлі ерек­ше екенін атап өтті. «Соңғы жыл­дары елімізде құмаройынға тәуел­ділік белең алып барады. Кей­бір отбасылар үшін бұл үлкен қа­сіретке айналды. Лудоманияға қар­сы күресте тәрбие ісі мен тү­сін­­діру жұмыстарына ерекше мән бе­рілуге тиіс», – деп атап өтті Президент.

Статистикаға сүйенсек, лу­до­манияға шалдыққан науқастардың 60 пайызы құқық бұзады. 40 пайыз­ға дейі­ні өзіне қол жұм­сай­ды, 32-70 пайы­зында суицид жай­лы ой ке­ле­ді. Лудомания немесе ойынқұмар­лық, гэмблинг (лат.ті­лінен Homo ludens – ойнаушы адам) – субъектінің өмірінде басым рөл ой­найтын, әлеуметтік, кәсіби, ма­­те­риал­дық және отбасылық құн­­­­­дылықтардың төмендеуіне әке­­­летін патологиялық ойынқұ­мар­лық. Жалпы, лудоманияның қо­ғамға төндіретін қаупі орасан. Құ­маройындар мен бәс тігуге тәуел­ді адамдардың ішінде бар ақ­­ша­сын ұтылған соң таныс-та­мы­рынан қарыз алып, несиеге ба­тып, үйіндегі дүниесін сатып, ақы­­ры қылмысқа баратындары аз емес.

Бас прокуратураның дерек­тері­не сәйкес, 2022 жылы 157 мың­­нан астам қылмыстық құқық­бұзушылық жасалған, оның 20 пайызы құмаройындар негізінде жасалған. Ал шарасыз күйге түс­кен­дері өзіне қол жұмсауға дейін ба­рып жатады. 2022 жылғы ста­тис­тикалық деректерге сәйкес, 3 676 суицид фактісі тіркелсе, оның әрбір бесіншісін құмаройынға әуес адам жасаған.

Бұл дертке ұшыраған адамның бойында әлеуметтік, кәсіби, мате­риал­дық және отбасылық құн­ды­лықтар құлдырап, адамгершілік қа­сиеттері жойыла бастайды. Бұл проб­леманың біздің елде де өткір тұр­ғаны белгілі. Соңғы үш жылда қазақстандықтар құмаройындарға 1 трлн теңгеден астам қаражат сал­ған. Соңғы уақытта ойын авто­мат­тарының кең таралуына, көп­теген онлайн-казиноның, бук­мекер­лік кеңсенің пайда болуына бай­ланысты проблеманың ауқы­мы кеңейе түсті. Жалпы, ойын автоматтары әлемде бұрыннан кең таралып, адамдардың ара­сын­да үлкен қызығушылық тудырған еді. Мәселен, 1970 жылдарда Анг­лияда ойын автоматтары залдары ки­нотеатрларға келушілер са­ны­ның күрт азаюына әсер еткен. Тіп­ті, кинотеатрларды жабу қа­жет­тілігі туындаған. Ал 1990 жыл­дар­дың бірінші жартысында Ка­на­дада құмаройындарға тәуел­­ділер саны 75 пайыздан асып кеткен. Осыған байланысты сол кезде зерттеушілер құмаройындарды халықтың бір бөлігі үшін қауіп төндіретін өткір әлеуметтік мәселе деп санайды.

Күмәнді үміт – құмардың кілті

Кезінде белгілі кеңестік пси­хиатр Цезарь Короленко адамның мінез-құлқындағы құмаройын­дарға тәуелділікті көрсететін бір­қатар белгіні атап өткен болатын. Атап айтсақ, үнемі ойынға елігу, ойын­­да өткізетін уақыттың ұза­руы. Қызығушылықтардың өз­ге­руі, бұрын ынталандырған дүние­лер­дің ысырылуы, әрдайым ойын ту­­ра­лы ойлау, ойын комбина­ция­ла­ры­мен байланысты оқиғаларды елес­тету және осындай ойдың ба­сым болуы. Ойынға кезекті рет қат­ысқаннан кейін қысқа уақыт ара­лығында дамитын психо­ло­гия­лық дискомфорт. Ол бас ауруы, ұй­қының бұзылуы, ашушаңдық, алаң­даушылық, көңіл күйдің тү­суі, зейіннің бұзылуы секілді бір­қа­тар белгілер бойынша есірткі/ал­когольге тәуелді тұлғалардың абс­тиненциясына ұқсайды. Ойын­ға жиі қатысу, жоғары тәуе­кел­дерге талпыну. Қарсыласу қа­бі­летінің тез төмендеуі. Енді ой­на­мауға бел буғанымен, сәл аран­датушылық болған жағдайда (бұрынғы таныстарын кездестіру, ойын тақырыбында әңгімелесу, ойын мекемесі жанында болу т.б.) ойынға тәуелділіктің оралуы.

АҚШ-та құмаройынға тәуелді адам­дарға алғашқы болып кәсіби кө­мек көрсеткендердің бірі – ме­ди­цина ғылымдарының докторы Ро­берт Л.Кастер. 1972 жылы пси­хиатр АҚШ-тың Вирджиния шта­ты Брексвилл қаласындағы ауру­ха­нада ойыншыларды емдеуге ар­налған алғашқы стационарлық ор­талық ашқан. Дәрігер – құмар-ойын­дарға патологиялық тәуел­ді­лікті емделетін ауру деп болжа­ған алғашқы адам. Оның арқа­сын­да 1980 жылы америкалық пси­­­­хиатрлар қауымдастығы па­то­логиялық құмаройындарды пси­­хикалық бұзылыс ретінде жік­теді. Роберт Л.Кастер құмар-ойын­дар­ға тәуелділіктің дамуын үш ке­зең­нен тұрады деп анықтады: ұтыс ке­зеңі, ұтылыс кезеңі, түңілу ке­зеңі.

Елімізде лудоманияны мемле­кет­тік емханаларда тегін емдейді және емделушінің аты-жөні құпия сақталады. Қазір олар еліміздің барлық өңірінде бар. Бірақ бұларға жылына жалпы саны 20 адам ғана келеді. Ал букмекерлік кеңселер­дің жұмысы қызып тұр. Былтыр жыл­дық айналымы 1 триллион тең­геге жеткен. Биылдың өзінде 2 мил­лион адам онлайн ойыншы ре­тінде тіркелген. Соның 400 мыңы осы кеңселердің клиентіне айн­алған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны пси­хикалық сырқаттар санатына қос­ты. Былтыр ойынқұмарлық елі­міз­де де ресми түрде ауру қатарына қосылды. 

Cондай-ақ Үкімет құмар-ойын­­­­­мен күрестің екі жылдық жос­парын бекітті. Ол үшін жыл сайын кемінде 14 мың онлайн ка­зино мен букмекерлік сайттары бұ­ғат­талады. Ал лотерея ойын­да­рын жарнамалағандар ең аз де­генде 200 мың теңге айыппұл тө­лей­ді.

Асыл ЖИЕНБАЙ, ЕҰУ студенті