Мәжілістің осы аптада өткен жалпы отырысында депутаттар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарады. Мәжілістегі барлық саяси партия фракциялары ол есептерге өз бағаларын берді.
Ұласбек Сәдібеков, мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі: Қаражаттың көбі күнделікті шығыстарды жабуға жұмсалып жатыр
429
оқылды

Соның ішінде, «АМАNАТ» партиясы фракциясы депутаттар тарапынан айтылған ескертулерді ескере отырып, құжатты бекітуге болады деген қорытындыға келді. Жалпы, мәжілісмендер Үкіметтің есебін қанағаттанарлық деп бағалап, оны Сенаттың қарауына жолдау туралы шешім қабылдады. Осы ретте «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі, жұмыс тобының жетекшісі Ұласбек Сәдібеков өзінің қосымша баяндамасында бюджеттің атқарылу барысындағы көптеген мәселелерді кеңінен тарқатып айтып берді. Біз осы ретте Қаржы және бюджет комитетінің мүшесімен осы тақырыпта сұхбаттасқан едік.

– Ұласбек Сәдібекұлы, Қаржы министрінің айтуынша, былтырғы бюджет түсімдері 98 пайызға орындалып, шамамен 20 трлн теңге болған. Ал шығыстар – 23,6 трлн теңге, яки республикалық бюджет тапшылығы 3,6 трлн теңге немесе ішкі жалпы өнімнің 2,7 пайызын құрапты. Депуттар мұны қалай бағалап отыр?

– Ең алдымен айта кететін жайт – бюджет орындалды. Бірақ оның орындалу сапасына қатысты әлі де бірқатар мәселе бар. Бюд­жетті жоспарлау, жүзеге асыру және бақылау барысында жүйелі қиындықтар кездесіп отыр. Соны­мен қатар күтілетін нәтижелерге толық жете алмау, бақылаудың жет­кіліксіздігі және қаржыны тиімді пайдаланбау сияқты мә­селелер әлі шешілмей келеді.

Бюджет саласындағы бұзушы­лықтар жылдан-жылға көбейіп отыр. Сыртқы мемлекеттік аудит 861,9 миллиард теңге көлемінде бұзушылықты анықтады. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстыр­ғанда 64,8%-ға көп. Аталған сома­ның ішінде 154 миллиард теңге – нақты қаржылық бұзушылықтар, 708 миллиард теңге – бюджетті дұрыс жоспарламау және қара­жат­ты тиімсіз пайдалану, 10 мыңнан астам рәсімдік (құжаттық) қате­лік­тер бар. Сонымен қатар ішкі аудит те қосымша 81 миллиард теңге сомасында бұзушылықты анықтады.

Енді 2024 жылғы республика­лық бюджеттің орындалу қоры­тын­дысына қысқаша тоқталып өтейін. Жыл қорытындысы бо­йынша кірістердің орындалуы – 97,2%, шығыстардың орындалуы – 97,8% болды. Кірістер 2023 жыл­мен салыстырғанда 2,3 трил­лион теңгеге көбейді. Бұл көбіне трансферттердің 1,6 триллион теңгеге ұлғаюы және 1,7 триллион теңге көлемінде қарыз алынуы арқылы қол жеткізілді. Дегенмен кіріс жоспары толық орындалмады – 609 миллиард теңге жетпей қалды. Оның ішінде 367 миллиард теңге – жиналмаған салықтар, 242 миллиард теңге – салықтан тыс түсімдер. Кіріс көлемінің азаюына бірнеше негізгі себеп бар. Бірінші­ден, әлемдік нарықта металдардың бағасы төмендеді. Екіншіден, бір реттік, яғни уақытша түсімдер бұл жолы түскен жоқ. Үшіншіден, бірқатар ірі кәсіпорындардың табысы азайды. Сонымен қатар бұл жағдай тек сыртқы факторлар­мен шектелмейді, ішкі жүйелі мәселелер де бар. Кіріс көздерін кө­бейту үшін қолда бар мүмкін­діктер толық пайдаланылып жатқан жоқ.

– Бюджет тапшылығына не себеп болып отыр деп айтуға бо­лады?

– Бүгінде елімізде көлеңкелі экономика әлі де көп, бейресми жұмыс істейтін азаматтардың үлесі жоғары. Сондай-ақ экономикалық өсімді ынталандыру мен инфля­ция­ны бақылау шаралары жет­кілік­сіз болып отыр. Сонымен қа­тар мен фискалдық және эко­номикалық теңгерімсіздік мәселе­сіне жеке тоқталғым келеді. Мы­салы, өңдеу өнеркәсібі өсіп жатыр дегенмен, соңғы 5 жылда осы сала бойынша бюджетке түсетін кіріс­тердің үлесі 13,6%-дан 10,7%-ға дейін азайған. Бұл нені білдіреді? Өндіріс өсіп жатқанымен, одан түсетін салықтар сәйкесінше кө­бе­йіп жатқан жоқ. Яғни, бұл – са­лық саясатының негізгі қағида­ларына қайшы келетін жағдай.

Ұлттық қорға 3,8 триллион теңге көлемінде түсім түсті. Бұл жоспармен салыстырғанда 15%-ға аз. Бастапқы жоспар бойынша қорға 5,9 триллион теңге түсуі керек еді, бірақ бұл көрсеткіш кейін 1,5 триллион теңгеге қыс­қар­тылды.

2025 жылдың басында мемле­кеттің жалпы борышы (қарызы) 31,8 триллион теңге болды, бұл – ЖІӨ-нің 23,5 пайызына тең. Осы соманың 30,1 триллионы – Үкіметтің борышы (қарызы).

Мемлекеттік борышты өтеу мәселесі де үлкен алаңдаушылық тудырады. 2024 жылы үкіметтік борышты (қарызды) өтеу және оған қызмет көрсетуге жұмсалатын шығыстар артты. Егер 2023 жылы бұл көрсеткіш бюджет шығыс­тарының 28,3%-ын құраса, 2024 жылы ол 41,6%-ға (5,6 трлн теңге) жетті. Бұл өте алаңдатарлық жағдай, себебі борыш көбейген сайын, елдің дамуы үшін инфра­құрылымға және халыққа жұм­салатын қаржы азая береді.

Енді шығыстар туралы айтайын. Жыл ішінде бюджет бір рет нақтыланып, 12 рет түзетілді. Дегенмен 526 миллиард теңге игерілмей қалды. Осы соманың ішінде 422 миллиард теңгесі толық қаржыландырылмау болса, 92 миллиард теңге қаражат игерілмей қалды. Ең көп қаражатты игер­мегендер: еңбек министрлігі – 29,1 миллиард теңге, қаржы ми­нистрлігі – 24 миллиард теңге, көлік министрлігі – 22,5 миллиард теңге. Бұл қаражаттың үлкен бө­лігі жоспарланған нәтижеге жет­пей қалды, әсіресе маңызды ба­ғыт­тарда осындай жағдай болды. Бірнеше нақты мысал келтірейін: мәдениет министрлігі Астана қа­ла­сындағы «Бозоқ» сәулет кешені­нің құрылысына бөлінген 3,9 миллиард теңгені бюджетке қай­тар­ды. Жоба созылып кетті, ал оның құны 2020 жылдан бері 7,2 миллиардтан 17,4 миллиардқа де­йін, яғни екі есе немесе одан да көп өсті.

Қаржы министрлігі тарапынан өткізу пункттерін жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру жобасы бойынша 24 миллиард теңгеден астам қаржы игерілмеген. Жоспар бойынша 4 өткізу пунктін қайта жаңғыртып, техникалық жабдықтау көзделген болатын, алайда нәтиже – нөл. Бұл қаражат­тың қарыз есебінен бөлінетінін және біз оған сыйақы (5,7 млрд теңге) мен комиссия (1,2 млрд тең­ге) төлейтінімізді ескерсек, өт­кізу пункттері бюджетке өте қым­­батқа түскенін көреміз. Бұл – қарыз қаражаты есебінен жүзеге асы­рылатын жобалардың жоғары шығынмен қатар, тиімділігінің төмен екенінің нақты көрінісі. 

Енді «нәтижеге бағдарланған бюджет» туралы айтайын.

Оны енгізгенге 17 жыл болды, бірақ жүйе әлі де тиімді жұмыс істемейді. Кейде шығындар артқанда нәтиже нашарлап кетеді, ал кейде шығындар азайса да көрсеткіштер жақсарады. Бұл жоспарлаудың тек формальды түрде ғана жасалып жатқанын көрсетеді. Мысалы, Көлік минис­трлігіне бөлінген қаржы 96 мил­лиард теңгеден өзгермеді, бірақ жолдарды жөндеу ұзындығы 104 шақырымнан 124 шақырымға дейін артты. Ал басқа бағдарламада қаржы 3 миллиардқа азайып, жобалар саны кемігенімен, жөн­дел­ген жолдардың жалпы ұзын­дығы өзгеріссіз – 4,1 шақырым күйінде қалды.

Жоғары аудиторлық палата өз есебінде жоспарлау көрсеткіштерін көбінесе орындауға ыңғайлы дең­гейде белгіленетінін атап өткен. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдардың бюджетті орындау жөніндегі жұмыстары туралы объективті ақпараттың жоқ екенін көрсетеді. Мысалы, Ауыл шаруа­шылығы министрлігі азық-түлік­пен қамтамасыз етуді 106% орын­даған, ал жоспар тек 80% болған. Ал Денсаулық сақтау министрлігі саламатты өмір салтын ұстанатын азаматтар үлесінің 34,2%-дан 32%-ға азаюын жоспарлаған. Бұл жағдайлардың неге осылай болып жатқанын түсіну қиын.

Квазимемлекеттік секторда да мәселелер бар. 2024 жылы бұл салаға бюджеттен 757 миллиард теңге бөлінді. Шоттардағы қал­дықтар – 60 млрд теңге. Бұл ретте бюджетке түсетін дивидендтер 29%-ға азайды, субъектілердің қарызы 23,6 триллион теңгеге дейін өсті. Қаражаттың көбісі да­муға емес, күнделікті шығыстарды жабуға жұмсалып жатыр. Бір көзден сатып алу тәсілі арқылы жасалған сатып алулардың көлемі қысқарған жоқ. Конкурстық рәсімдерді айналып өтіп, сатып алу негіздері бұрмаланған жағдай­лар да болған. Бұл бюджетке тәуел­діліктің әлі де бар екенін және квази­мемлекеттік сектор компа­нияларының тиімділігі төмен екенін көрсетеді.

– Сонымен қандай қорытындыға келдіңіздер?

– Жалпы, 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің жос­парлы параметрлері орындалды. Шығыстар Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің тапсыр­маларын орындауға, өңірлерді дамытуға және ел азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталды. Жоғарыда аталған барлық мәселелер жұмыс тобының 10 отырысында толық талданып талқыланды. Бюджеттік бағдар­ламалардың 28 әкімшісі мен квазимемлекеттік сектор өкілдері тыңдалды. Мәжілістің барлық коми­теттері өз қорытындыларын дайындады. Үкіметтің есебіне қатысты ескертулер мен ұсыным­дар Қаржы және бюджет коми­тетінің қорытындысында қамтыл­ған. Айта кету керек, былтыр айтылған ұсыныстар толық орын­далған жоқ. Сондықтан Үкімет өз жұмыс әдістерін қайта қарап, тиімділігін арттыруы қажет. Биыл біз экономикалық өсім көрсет­кіш­терінің шынайылығына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Инфляция, салық түсімдері мен инвестиция көлемі ескеріле отырып, жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) қалай есеп­телетіні туралы сұрақтар туындау­да. Қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтару мәселесіне де мұқият қарау керек. Бұл бағытта толық тек­серу жүргізу қажет – қайтарыл­ған сома нақты экспорт көлемімен және компаниялар құрылымымен салыстырылуға тиіс. Мұндай қадам орынсыз төлемдердің алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар заң талаптарын қатаң сақтау маңыз­ды. Егер жобаға қажетті жо­ба­лық-сметалық құжаттар дайын болмаса, ондай жаңа инвес­тициялық жобаларды жылдың ортасында бюджетке енгізуге болмайды. Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаттарының ұсынысымен бұған дейін бюджетке енгізілген жобалар кейінгі түзетулер кезінде қаржыландырудан шет қалмауын қамтамасыз ету қажет. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы есептерін Қазақстан Республикасы Парла­ментінің Сенатына жолдауды ұсындық.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ҚОСАЙ