Бұл шара ұлт руханияты мен әйел-аналар бейнесіне құрмет көрсеткен тағылымды шара ретінде есте қалды. Музей төрінде өткен мереке – сахна өнеріндегі аналар рөлін, театрдағы әйел тұлғасын дәріптеуге арналды. Себебі қазақ театр өнерінің тарихында Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Хадиша Бөкеева сынды алыптармен қатар, бүгінгі ұрпаққа жол ашқан өнерлі аналар аз емес. Бұл театр – Абай, Қозы Көрпеш, Еңлік-Кебек секілді ұлы образдарды тірілткен рухани шаңырақ. Сондай-ақ ғасырлық белесте театр ұжымы елге қызмет етуді тоқтатпай, жастарды өнерге баулып келе жатқаны да айтылды.
Кешке халық әртісі, театрдың символына айналған тұлға – Асанәлі Әшімов арнайы келіп, көрермен алдында тебірене сөз сөйледі. Қазақ театрының тұтас бір дәуіріне куә болған Асанәлі ағамыз театрдағы алғашқы қадамдарын, бірге қызмет еткен әріптестерін, сахнада бірге өмір сүрген аналар бейнесін ерекше толғаныспен еске алды.
– Мен сахнада ананың шапағатын рөлдерден ғана емес, қасымда жүрген актрисалардан сезіндім. Ол кісілер тек рөл ойнаған жоқ, сахнада ана болды, өмірде де сол мейірімді шапағатты аямаған жандар еді, – деді Асанәлі Әшімов.
Шара барысында театр тарихынан сыр шертетін фото көрме көпшілік назарына ұсынылды. Сахналық костюмдер, сирек кездесетін архивтік деректер, әртістердің өмірінен үзінділер жиналған жұртты өткенге жетеледі. Сондай-ақ театр актрисаларының әйел, ана, өнер иесі ретіндегі рөлін ашатын арнайы бөлім көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Әр көрініс – өнердің, уақыттың, таланттың белгісіндей әсер қалдырды. Театрдың өткені мен бүгіні осылайша бір кеңістікте тоғысты.
Кеш соңында театр әртістері өнер көрсетіп, шағын қойылымдар арқылы көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Сахнада шынайы сезім, актерлік шеберлік, анаға деген құрмет сезіліп тұрды. «Анаға құрмет» музейі – бұл жолы тек аналарға емес, өнердің, сахнадағы аналардың, жалпы ұлт руханиятының мерейтойына айналды.