Kursiv.Media – іскерлік журналистика бағытындағы тақырыптарға терең үңіліп, күрделі процестерді көпшілікке түсінікті етіп жеткізуге маманданған кәсіби медиаплатформа.
Kursiv.Media: Оқырман арасында салмақты дүниені оқу мәдениетін қалыптастыруға күш саламыз
Фото: Бақдәулет Патық
375
оқылды

Қазақстанда экономика, қаржы секторы, мұнай сияқты күрделі тақырыптарды кәсіби әрі түсінікті етіп талдап, сараптап жазатын БАҚ-тың бірі – Kursiv.Media басылымы. Сондай-ақ Қазақстандағы іскерлік және аналитикалық бағыттағы ірі мультимедиалық платформа. Қазіргі таңда редакцияда шамамен 200-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Басылым жаңалықты жедел таратумен қатар сараптамалық мақалалар мен дерекке негізделген аналитикаға басымдық береді. 

Шеф-редактор Ақниет Төлендінің айтуынша, Kursiv.Media ұжымы – түрлі сала мамандарынан құралған кәсіби команда. 

Олардың қатарында журналистер, редакторлар, сарапшылар, дизайнерлер мен видеооператорлар және т.б. бар. Қызметкерлердің орташа жасы – шамамен 30-35 жас.

– Редакцияда 10 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар әріптестер бар. Олар кәсіби стандарттарды ұстануға, жас журналистерге бағыт-бағдар беруге үлкен үлес қосып келеді. Бізде Қазақстан журналистикасында қызмет етіп келе жатқан ардагер журналистерден бөлек, Kursiv.Media алғашқы жұмыс орнына айналған жастар да бар, – дейді Ақниет Төленді.

Kursiv.Media тек электронды басылым ғана емес, онда видео контент жасайтын YouTube арна және әлеуметтік желілерді жүргізетін SMM мамандар да бар. Бұдан бөлек, әртүрлі техникалық сала мамандары да жұмыс істейді. 

Редакцияның басты бағыты – іскерлік журналистика. Яғни, экономика, саясат және қаржы секторы бойынша бірегей материалдар әзірлейді. Бұл бағыттар кәсіби және құқықтық тұрғыдан ерекше мұқият болуды талап етеді. Шеф-редактор Ақниет Төлендінің айтуынша, тек экономика мен саясат қана емес, мысалы, мәдениет, спорт немесе заң саласында да пікір алу қиындайтын кездер болады.

– Мысалы, қазақ тілінде пікір білдіретін сарапшылардың саны аз болуы кейде кедергі келтіреді. Алайда пікір алатын адам жоқ екен деп отырмай, кез келген тілде пікір алып, оны қазақтілді оқырманға бейімдеп жазып береміз. Сонымен қатар редакцияда құқықтық сараптама мен фактчекинг бөлімі белсенді жұмыс істейді, бұл ақпараттың заң шеңберінде және дәл берілуіне септігін тигізеді, – деп нақтылады ол.

Соңғы жылдары медиасалада тың тенденциялар пайда болып, медиатұтыну форматы қарқынды өзгеріп келеді. Аудитория енді ұзақ мақалалардан гөрі, қысқа, құрылымдалған, визуалды түрде тартымды контентке басымдық береді. 

– Біз бұл үдерістерге бейімделіп, мультимедиалық контент жасауға назар аударып отырмыз. Қазір материалдарымызда видеоконтент, инфографика, интерактив элементтер жиі қолданылады. Сонымен қатар әлеуметтік желілерге арналған жеке контент формаларын әзірлеу тәжірибесі қалыптасты. Бұл – дәстүрлі журналистика мен цифрлық медиа арасындағы тепе-теңдікті табудың бір тәсілі, – деп атап өтті Ақниет Төленді.

Бүгінде Kursiv.Media-ның бөлек YouTube редакциясы бар. Олар ай сайын маңызды мәселелерді талқылап подкаст жазып, репортаж түсіреді. 

– Қазір адамдар мәтіннен гөрі видео контентке қызығушылық танытып отырғандықтан, осы бағыттағы жұмысты күшейтіп келеміз. Әлеуметтік желінің де жеке-жеке өз рөлі бар. TikTok пен Instagram-да видео контенттің қаралымы көп, Threads, Telegram мен Facebook-та көбіне ақпаратты қысқартып, түсінікті етіп жазуға тырысамыз, – дейді шеф-редактор.

Бұған қоса, редакция ұжымы аудитория қызығушылығын ескеріп, экономика мен қаржыдан бөлек, технологиялар, саяхат, қоғамдық маңызды мәселелерді жан-жақты қамтып отырады.

Бүгінгі медиада жиі талқыланатын тағы бір тақырып – жасанды интеллект. Ақниет Төлендінің айтуынша, ЖИ Kursiv.Media редакциясының жұмысына да біртіндеп ене бастаған. Мұнда ол негізінен контентті бастапқы сұрыптау, мәтіннің құрылымын оңтайландыру, дерек жинау сияқты процестерде қолданылады. 

– Алайда кәсіби журналистиканың өзегі — контексті түсіну, оқырман сұранысын болжау, дерекке жауапкершілікпен қарау сияқты адами факторларда жатыр. Сондықтан жасанды интеллект – тек құрал. Ал негізгі шешім, жауапкершілік пен көзқарас – редактор мен журналистің еншісінде қала береді, – деді ол.

Сондай-ақ Kursiv.Media үшін сенімді дереккөз мәртебесін сақтау өте маңызды. Ақниеттің айтуынша, «cенімді дереккөз» деген ұғым бүгінгі медиада аса құнды. Жылдам таратылған жаңалық қате немесе тексерілмеген болса, ол тек сенімсіздік тудырып қана қоймай, аудиториямен байланысты жоғалту қаупін де арттырады. 

– Біз ақпаратты мүмкіндігінше жедел, бірақ толықтай тексерілген күйде беруге тырысамыз. Ол үшін редакциялық процестерді автоматтандырып, платформаларға жекелей контент шығару тәжірибесін дамытып келеміз. Біз үшін жылдамдық – мақсат емес, сапалы журналистиканың құралы ғана, – дейді ол.

Шеф-редактордың пікірінше, бүгінде Kursiv.Media мектебі» де біртіндеп қалыптасып келеді. 

Kursiv.Media — экономика, қаржы және саясат сияқты салаларды кәсіби түрде жазатын аз ғана медианың бірі. Бізде қалыптасқан жұмыс әдістері, редакторлық стандарттар мен фактчекинг мәдениеті – жас журналистер үшін жақсы мектеп. Уақыт өте келе осы мектептен шыққан журналистердің қатары көбейсе, «Kursiv.Media мектебі» деген ұғымның қалыптасуы әбден мүмкін», – деді Ақниет Төленді. 

Kursiv.Media редакциясының аға тілшісі Азамат Серікхан – ақпарат айдынында өзіндік қолтаңбасы бар кәсіби журналист. Бүгінде ол Үкімет пен Парламент қабырғасындағы жаңалықтарды оқырманға уақытылы жеткізіп жүр.

– Kursiv.Media – елдегі іскерлік бағыттағы санаулы порталдардың бірі. Мұнда банк секторы, мұнай, қаржы, экономика тақырыптарын терең талдап, жазатын білікті мамандар қызмет етеді. Біз тек ақпарат таратып қана қоймай, оны жан-жақты зерделеп, сол тақырыпты барынша ашуға тырысамыз. Кеңінен талдап, сараптама жасаймыз. Бұл біздің негізгі ерекшелігіміз, – дейді Азамат.

Азамат Kursiv.Media-ға екі жыл бұрын келген. 10 жылдан астам уақыт бойы тележурналистикада қызмет еткен соң, бағытын ауыстырып, сайтта жұмыс істеуге шешім қабылдаған.

«Телеарнада жұмыс істеудің өз тәртібі бар. Бірақ сайтта жылдамдық басқа деңгейде. Мұнда жаңалықты бірінші беру, шұғыл ақпаратты дер кезінде жариялау – басты талап. Сол себепті Kursiv.Media-ға келіп, жаңа бағытта тәжірибе жинауға шешім қабылдадым», – дейді журналист.

Редакция ұжымы күн сайын нақты жоспармен жұмыс істейді. Іскерлік бағыт – порталдың өзегі. Десе де, редакция автоөндіріс, lifestyle сияқты бағыттар бойынша да оқырман сұранысын ескере отырып, әр саланы қамтуға тырысады.

«Былтыр Kursiv.Media-ның қолдауымен Қытайға барып, автозауыттардың жұмысымен танысып, көріп қайттым. Сол сапардан кейін автоөндіріс тақырыбына деген қызығушылығым күшейді. Қазір осы бағытта да жиі жазып жүрмін», – дейді Азамат Серікхан.

Kursiv.Media тек қана жаңалық таратумен шектелмейді. Азаматтың айтуынша, бұл порталдың миссиясы – оқырманның қаржылық сауатын арттыру, экономика мен саясаттағы күрделі тақырыптарды қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізу.

– Қазір оқырман жеңіл тақырыптарды көбірек оқиды. Бірақ біз оқырман арасында салмақты дүниелерді оқу мәдениетін қалыптастыруға күш салып келеміз, – дейді ол.

Азамат үшін Kursiv.Media – кәсіби орта, мықты мектеп, өз ісін жақсы білетін мамандар шоғырланған ұжым. Оның сөзінше, редакцияда жұмыс істейтін мамандардың барлығы өз саласын жетік меңгерген. Салалық терминдерді, есептер мен талдауларды сауатты жеткізу – команданың кәсіби деңгейінің көрсеткіші. 

«Қазір порталдың рейтингі де, оқырман саны да күн санап артып келеді. Бұған редакцияның SMM және PR бөлімдерінің қарқынды жұмысы да әсер етіп отыр. Яғни, бұл – сапалы контентпен қатар, материалдарды дұрыс тарату стратегиясының нәтижесі. Жалпы, Kursiv.Media – тәжірибе алмасуға, кәсіби тұрғыда дамуға мүмкіндік беретін орта», – деп түйіндеді Азамат Серікхан.

General news бөлімінің аға тілшісі Айгерім Таубай соңғы бірнеше жылда құқықтық журналистика бағытына маманданып, Қазақстандағы ірі сот процестерін кезең-кезеңімен, жүйелі түрде жазып келеді. Оның айтуынша, Kursiv.Media еліміздегі салалық журналистиканы дамытып жүрген санаулы порталдардың бірі. 

– Құқықтық журналистика – қазақтілді ақпарат кеңістігінде әлі де толық қалыптасып үлгермеген сала. Бірақ кейінгі жылдары қоғамдағы өзгерістерге байланысты бұл бағытқа деген сұраныс артып келеді. Біз осы кезеңде бұл бағытты кәсіби түрде дамытып, қоғамға түсінікті әрі сапалы контент ұсынуға тырысып жүрміз, – дейді тілші. 

Айгерім Kursiv.Media жұмыс істеген соңғы 2-3 жыл ішінде бірқатар резонансты істерді жіті бақылап, тікелей сот залынан да ақпарат таратқан. 

– Әдетте БАҚ-та сот процестері бойынша үзік-үзік ақпараттар ғана беріледі. Ал біз бұл процестерді басынан бастап соңына дейін қадағалап, әр кезеңін заң нормаларына сүйене отырып жазуға тырысамыз. Айыптау актісінен бастап, соттағы дәлелдер, тараптардың ұстанымы – бәрін назарға аламыз, – дейді ол.

Ол құқықтық журналистиканың елді елітіп алып кететін қызық тақырып емес екенін де жасырмайды. Бұл сала адам тағдырымен тығыз байланысты болғандықтан, оны жазу – үлкен жауапкершілікті талап етеді. 

– Адам сот процесіне қатыспаса, оның қалай жүретінін түсінбеуі мүмкін. Мысалы, неге бірден сотталмайды деген сияқты сұрақтар көп. Мысал үшін, Шерзат Полаттың ісінде адамдар әлеуметтік желіде «бәрі анық көрініп тұр, неге бірден соттамайды?» деп жатады. Бірақ бізде Конституция бойынша әрбір азаматтың өзін қорғауға құқығы бар. Бұл – жүйелі, заңда нақты жазылған процесс. Заң тілін халыққа түсінікті етіп жеткізуіміз қажет, ал оның мағынасын жоғалтпай, мәнін бұрмаламай жазу – басты қағидамыз, – дейді ол.

Дәурен Ерболатов Kursiv.Media SMM бөлімнің редакторы болып қызмет атқарады. Ол SMM саласына биыл ғана келген. 12 жыл бойы дәстүрлі журналистикада еңбек еткен Дәурен жаңа саладан тың серпін іздегенін айтады. Ол қазіргідей ақпарат тарату форматтары өзгеріп жатқан кезеңде әлеуметтік желі арқылы сапалы әрі жылдам ақпарат берудің маңызын ерекше атап өтті.

– SMM маман болып келгеніме көп болған жоқ. Қазір тәжірибе жинап жүрмін. Заман өзгеріп жатыр, ал дәстүрлі журналистиканың форматы біртіндеп трансформацияланып келеді. Он екі жыл бойы журналист болған соң адам бірқалыпты жұмыстан жалығады – әрине, жақсы мағынада. Осы кезде маған Kursiv.Media тарапынан ұсыныс түсті, – дейді Дәурен Ерболатов.

Оның айтуынша, көпшілік SMM мамандардың жұмысын жеңіл көреді. Алайда бұл – қате түсінік.

– Көбіне SMM мамандар әлеуметтік желіге тек жаңалық жариялап отырады деп ойлайды. Шын мәнінде, дәстүрлі журналистиканың өз тәртібі бар: материалыңызды жазып тапсырасыз, әрі қарай онша араласпайсыз. Ал SMM бөлімінде бәрін өзіңіз реттеп отырасыз – мәтін де, визуал да, тақырып та, аудитория реакциясы да SMM маманның қызметіне кіреді. Жұмыс уақыты да бірқалыпты емес, кейде уақытынан артық жұмыс істейтін кездер болады, - дейді ол.

SMM-нің жұмысы ақпаратты жариялау ғана емес. Ол – аудиторияның сеніміне ие болу, ақпаратты өңдеу мен сүзгіден өткізу, тақырыпты дәл қою, сондай-ақ көпшіліктің реакциясын да ескеру. Қоғамдағы кез келген құбылысқа дер кезінде үн қату, өзекті мәселелерді сапалы жеткізу – күнделікті міндет.

Оның айтуынша, аудитория алдындағы бедел бірсәттік қателіктен-ақ шайқалуы мүмкін. Сол себепті сенімді ақпарат тарату – тек кәсіби талап емес, редакциялық ұстаным.

Қазіргі медианарықтағы өзгерістер журналистерден жаңа машықтарды талап етеді. Дәурен Ерболатовтың тәжірибесі – дәстүрлі журналистиканың цифрлы форматқа бейімделуінің жарқын мысалы. Бүгінде SMM – қосымша емес, негізгі салаға айналып отыр. Бұл салада жұмыс істеу үшін тек техникалық білім емес, стратегиялық ойлау мен аудиторияны сезіне білу де аса маңызды.

Цифрлық журналистика заманында әлеуметтік желілерді дамытудың маңызы арта түсті.  Ал кәсіби контент пен аудиторияның сұранысы арасындағы алтын көпір – SMM маманы. Бұл салада 6 жылдан астам тәжірибесі бар Гүлбаршын Нұрхан бүгінде Kursiv.Media SMM бөлімінде жұмыс істейді. Оның айтуынша, журналистикадағы SMM дәстүрлі түсініктегі SMM-нен мүлде бөлек.

– SMM десе, көбі таргетинг, жарнама, сату деп ойлайды. Ал журналистикадағы SMM мүлде басқа бағыт. Мұнда журналист жазған ақпаратты әлеуметтік желі форматына сай өңдеп, Instagram, Telegram, Facebook сияқты әр платформаға бейімдеп, жариялаймыз. Қарапайым тілмен айтқанда, журналистика саласындағы SMM – бұл әлеуметтік желіде жұмыс істейтін журналист, – дейді ол.

Гүлбаршын Нұрханның айтуынша, Kursiv.Media – ақпараттық портал ғана емес, жаңа медиадағы трендтерді игеріп, экономика, банк, қаржы саласындағы салмақты контентті әлеуметтік желі тіліне сәтті бейімдеп жүрген санаулы БАҚ-тың бірі. Әр посттың артында үлкен редакциялық жұмыс тұрады.

– Біз үшін қарапайым жаңалықтан гөрі, салмақты, эксклюзивті, аналитикалық ақпараттарды ұсыну маңызды. Оқырманды сапалы, өзекті, авторлық контент қызықтырады. Соған сәйкес, біз үшін бастысы – авторлық материалдарды әлеуметтік желіге сапалы әрі қызықты етіп бейімдеп ұсыну, – дейді ол.

SММ саласындағы ең өзекті бағыттардың бірі – аудиторияның көңіл күйін дәл сезініп, дұрыс формат пен реттілікті таңдай білу. 

– Бүгінде жиілік емес, тұрақтылық пен сапа маңызды. Аудиторияны жалықтырып алмас үшін әр постты сапалы әрі пайдалы етіп ұсыну қажет. Сондықтан барынша қайталанбайтын, авторлық контент жасау – басты ұстанымымыз, – дейді Гүлбаршын Нұрхан.

SMM бөлімде үш адам жұмыс істейді. Олар күнделікті тақырыптарды саралап, өзара ақылдасып, қысқа уақытта сапалы контент шығаруға тырысады. Мұндағы басты қағида – жеделдік пен нақтылық. 

Команда жаңа платформаларға да бейімделіп келеді. Мысалы, кейінгі кезде танымал бола бастаған Threads желісінде де парақша ашып, белсенді жұмыс істей бастаған.

– Threads-та адамдар видеодан гөрі өз ойымен бөлісуге бейім. Мұнда ипотека, кредит, инвестиция, экономикаға қатысты тақырыптар кеңінен қозғалады. Біз осы тенденцияны ескеріп, бұл алаңда да өз контентімізді ұсынып жүрміз, – дейді Гүлбаршын.

SMM маманы Instagram мен TikTok арасындағы шекара да уақыт өткен сайын жойылып бара жатқанын айтады. Екеуінде де бейнеролик, инфографика, мәтіндік сипаттағы контенттер ұқсас форматта ұсынылады. Сондықтан бір постты екі платформаға қатар жариялау жиі кездесетін тәжірибеге айналған.

– Қазір автор әлеуметтік желідегі өз бағытын нақтылап алуы керек. Сонда ғана аудитория қалыптастырып, оны ұстап тұруға болады. Яғни, әлеуметтік желіде трендке ілесу ғана емес, өзіндік стиль мен бағытты сақтау аса маңызды, – деп атап өтті Гүлбаршын.

SMM бүгінде журналистиканың қосалқы саласы емес, ақпарат таратудағы негізгі арналардың біріне айналды. Бұл салада жұмыс істеудің басты шарты – аудиторияның сұранысын сезініп, соны кәсіби шеберлікпен ұштастыру.

Kursiv.Media – іскерлік журналистика бағытындағы тақырыптарға терең үңіліп, күрделі процестерді көпшілікке түсінікті етіп жеткізуге маманданған кәсіби медиаплатформа. Авторлық материалдарда сараптамаға басымдық беретін редакция өз оқырманына сенімді ақпарат ұсынуды мақсат тұтады. 

Бүгінде Қазақстан медианарығында терең талдауға негізделген, ресми статистиканы шынайы деректермен ұштастыра білетін контентке сұраныс артып келеді. Осы орайда, Kursiv.Media сияқты БАҚ-тың маңызы зор. Олар қоғамның салмақты әрі сапалы контент тұтынуын қамтамасыз етуде ауқымды жұмыс атқарып келеді.