Макинск қаласындағы «Макинск құс фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде улану оқиғасы қоғамның резонансын тудырды.
Макинск құс фабрикасындағы жаппай улану: полиция арнайы тергеуді бастады
Фото: istockphoto.com
199
оқылды

Хлордан уланып қалған кәсіпорын жұмысшысы Әскер Нұрбол есімді жігіт Бұланды аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне түскен еді. Қазіргі уақытта полиция, еңбек инспекциясы және санитарлық эпидемологиялық қадағалау мамандары шұғыл түрде тексеріс жүргізуде, деп хабарлайды Aikyn.kz  порталының тілшісі. 

Кәсіпорынның ресми ұсынған мәліметі бойынша, оқиға 21 маусым күні жоспарлы санитарлық өңдеуден кейін болған. Өндірістік корпустардың бірінде дезинфекциялық өңдеу жүргізген бригаданың төрт қызметкері өздерін жайсыз сезінгенін айтқан. Қатты құсып, түшкіре берген. Алдын ала мәліметтер бойынша, жұмысшылардың халының нашарлауына ғимарат ішін жуу кезінде қосылған хлор қосындысы әсер етуі ықтимал. Аудандық ауруханаға бұдан кейін тағы төрт қызметкердің хлормен улану диагнозымен түскені мәлім болды. Жұмысшылар уақытында ем қабылдағаннан кейін амбулаториялық ем елуға жолданған. Облыстық Полиция департаменті аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. 

– Алдын ала белгілі болғанындай, 24 жастағы жұмысшы корпусты жуу кезінде суға хлор қосылғанын білсе де өз бетінше респиратор маскасын шешіп тастағаны анықталды. Салдарынан ер адам улану белгілерімен ауруханаға жүгінген. Қазіргі уақытта кәсіпорынның бес бірдеу жұмысшысының дәл осындай диагнозбен ауруханаға жүгінгендері мәлім болды. Құзырлы мемлекеттік органдардың қатысуымен қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық кодекстің 156 бабының 1 тармағы «Еңбекті қорғау ережесінің бұзылуы» бойынша қылмыстық іс қозғалды,  дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен. 

Оқиға бойынша біз Ақмола облысы еңбек инспекциясының да пікір білдіруін сұрадық.  

Еңбек инспекциясы аталған факт бойынша жұмыс беруші «Макинск құс фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен хабарлама түскенін хабарлады. Сондай-ақ қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша қызметтік тергеу жұмысының басталғанын жеткізді. 

– Ақмола облысы Еңбек инспекциясы департаменті басшысының бұйрығымен мемлекеттік еңбек инспекторының төрағалығымен арнайы тергеу жүргізуге арналған комиссия тағайындалды. Суыт оқиғаға санитарлық нормалардың және жұмыс жүргізу ережесінің бұзылуы улануға себеп болғандықтан, жан-жақты және объективті тергеу жүргізу үшін комиссия құрамына Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментің өкілі де енгізілді, – дейді Ақмола облысы Еңбек инспекциясы департаменті басшысының орынбасары Уақыт Бейсембаев. 

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы