Ақмола облысы Бурабай ауылында Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысы өтті. Онда әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңның жүзеге асырылу барысы талқыланды. Жиынға Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов қатысты.
Отбасы қауіпсіздігі ана мен баладан басталады
200
оқылды

Отырысқа сонымен қатар Қоғам­дық палата мүшелері, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың де­пу­таттары, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Светлана Жақы­пова, Ақмола облысының әкімі Марат Ахмет­жанов, мүдделі министр­ліктердің жа­уапты өкілдері мен облыс әкімдерінің орын­басарлары, отбасын қолдау орталық­тары­ның басшылары мен сарапшылары қатысты.

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Парламент сессиясының басында Қоғамдық палата мүшелерімен бірге әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған түзетулерді жүзеге асыруға қатысты кездесу жоспар­лан­ғанын еске салды. Қабылданған заң­дардың жұмысын бақылау және палата сарапшылары арқылы қоғамнан кері байланыс алу үшін мұндай кездесулер алдағы уақытта тұрақты түрде өткізіледі.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заң Мемлекет басшысының тапсырмасымен осыдан тура бір жыл бұрын қабылданған болатын.

– Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы ымырасыз күрес – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың берік ұстанымы. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заң «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру­дың жарқын мысалы болды. Оған халық­аралық қоғамдастық тарапынан жоғары баға берілді. Қазірдің өзінде мұндай қыл­мыстарды азайтуда оң өзгерістер байқалып отыр. Бүгінгі кездесу оны әрі қарай күшейту қажеттілігі бар ма, жоқ па, соны түсінуге мүмкіндік береді, – деді Е.Қошанов.

 Қоғамдық палата төрағасы Айдос Са­рымның айтуынша, мәжілісмендер заң жобасына бастамашы болғанға дейін бұл тақырыпты палата мүшелері талқылап, өз ұсыныстарын берген. Олардың бір бөлігі заңға енгізілген.

 – Бүгінгі көшпелі жиын қабылданған заң нормаларының тікелей жергілікті жерде жүзеге асырылу барысымен танысу үшін өткізіліп отыр. Бізге нәтиже маңызды. Ол іс жүзінде қалай жүзеге асырылуда? Әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар азайды ма? Мемлекет оларға қандай көмек көрсетеді? Отбасын қолдау мен дағдарыс орталықтары қалай жұмыс істейді? – деді Айдос Сарым.

 Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, жыл басынан бері 46 мың отбасындағы озбыр адам әкім­шілік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 14 мың адам қамауға алынған. Яғни, әрбір үшінші адам қамауға алу түріндегі жазасын өтеген. Сондай-ақ 42 мың құрбанды қорғау нұсқамасы шығарылған. 

 – Тұрмыстық кісі өлтіру мен жарақат алу санының үштен бірі азайды. Отбасы-тұрмыстық қатынастарға байланысты қыл­мыстар да қысқарды. Оның ішінде кә­мелетке толмағандарды ұрлау – 83 па­йызға, тәрбиелік міндеттерін орындамау жағдайлары 22 пайызға төмендеді, – деді И.Лепеха.

 Сонымен қатар ІІМ вице-министрі дағдарыс орталықтарымен тығыз байланыс орнатылып, оларға 3 мыңға жуық әйел жіберілгенін атап өтті. Зорлық-зомбылық көрген 6 мыңға жуық отбасымен сауалнама жүргізілген. 148 агрессор анықталып, оның 41-і мінез-құлықты психологиялық түзеуге өз еркімен келіскен.

Бұл ретте Игорь Лепеха әлі де шешімін таппаған мәселелер барын айтты. Біріншіден, бұл – қылмыстық құқықбұзушылықтарды тергеудің күрделілігі. Зорлық-зомбылық куәгерлерсіз болғандықтан, күдікті өз кінә­сін мойындамаған жағдайда кінәсін дәлел­деу әлдеқайда қиындай түседі. Психо­логиялық көмек көрсету де күрделене тү­седі. Бірқатар өңірде тиісті денсаулық сақтау ұйымдары анықталмағандықтан, соттар оны тағайындамайды.

 Балалар құқығын қорғау жүйесін күшейту мәселесі жөнінде Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтып берді. Оның сөзінше, биыл балалардың жыныс­тық қол сұғылмаушылығын бұзу фактілері 21,3 пайызға төмендеген (2024 жылдың 

5 айында 445 жағдайдан 2025 жылдың 

5 айында 350 жағдайға дейін). Балаларға қарсы жасалған ауыр қылмыстар 8 пайызға, аса ауыр қылмыстар 19 пайызға азайған. Жыл басынан бері 111 шақырту бойынша қатыгездік пен зорлық-зомбылық көрген 537 балаға көмек көрсетілді.

 Өңір әкімі Марат Ахметжанов Ақмола облысының өзінде ауыр және аса ауыр қылмыстардың статистикасы үш есе азай­ғаны жөнінде айтты. Мұның өзі заңның нәтижелі жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Оның айтуынша, бұл жағдайға 2023 жылғы 1 шілдеден бастап әкімшілік құқықбұзу­шылықтарды тіркеудің өтініш беру тәртібінен анықтау тәртібіне көшуі себеп болған. Талдау нәтижесінде мұндай қылмыстардың 60 пайыздан астамы жәбірленушілердің полицияға хабарласудан қорқуынан кө­леңкеде қалып, кейін аса ауыр зардаптарға әкелгені анықталды. Сондай-ақ облыс әкімі тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және болдырмау бойынша ша­ралардың маңыздылығын атап өтті.

 Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлеймено­ва әлеуметтік қызмет жүйесін жаңғырту және әлеуметтік қызметкерлерді даярлау бағдарламаларын жетілдіру қажеттігіне назар ауадарды. Қазір әлеуметтік қызмет жоғары оқу орындарында оқытылып келеді. Алайда бұл мамандықтың оқу бағдарламалары көбіне зейнеткерлермен немесе әлеуметтік жағынан осал топтармен жұмыс істеуге бейімделген. Депутаттың айтуынша, за­манауи талаптарға сай әлеуметтік қызмет­керлердің жұмыс ауқымын кеңейтіп, оларды ішкі істер органдарында, прокуратурада, құқық қорғау және сот жүйесінде жұмыс істеуге бейімдеу маңызды.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров отбасы және неке институтын сақтау шараларына тоқ­талса, шақырылған отбасын қолдау орта­лықтарының басшылары өңірлердегі жағ­дай туралы ақпарат берді. Қолданыстағы тетіктерді жетілдіру бойынша пікірлер мен ұсыныстар айтылды.

Жиынды қорытындылаған Айдос Са­рым қатысушылар көтерген мәселелерді цифрландыру құралдары арқылы шешуге болатынын атап өтті. Ол цифрлық техно­логияларды отбасылар мен халықты қолдау үшін белсенді түрде пайдалану керектігіне назар аударды. Бұл бағытта уәкілетті орган­дар жұмыс істеп жатыр. Қоғамдық палата отырысының қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар дайындалып, Үкіметке жолданатын болады.

 Сондай-ақ көшпелі отырыста мұқтаж отбасылардың жағдайын бақылауға және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажетті көмекті болжауға мүмкіндік беретін Бірыңғай цифрлық әлеуметтік қызмет көр­сету платформасының жобасы таныс­тырылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Шымкент пен Қарағанды ​​облысындағы екі пилоттық жобаның нәтижелері туралы айтты.