«AMANAT» партиясының Ақтөбе облысы Байғанин аудандық филиалында «Құқықтық көмек» жобасы аясында қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Іс-шара барысында заңгерлер, адвокаттар, нотариустар және партия қызметкерлері өңір тұрғындарына заңгерлік көмек көрсетті.
Заңгерлер құқықтық көмек көрсетті
237
оқылды

Тұрғындар негізінен мұраға үйді аудару, жұмыстан заңсыз шығару, сондай-ақ алаяқтық мәселелері бойынша жүгінді. Мәселен ауыл тұрғыны Нұрбақыт Нұрәділ­қызы екі жыл бұрын алаяқтарға алданып қалыпты. Оның құқықтық сауаты жет­кіліксіз болғандықтан істі аяғына дейін жеткізбеген. 

– 2023 жылы iPhone ұялы телефонын әлеуметтік желі арқылы сатып алмақшы болып, алаяқтарға алдандым. Кейін по­лиция қызметкерлеріне жүгіндім. Алай­да әлі күнге дейін тиісті органдардан мардымды жауап алған жоқпын. Бармаған жерім жоқ. Қоғамдық қабылдауға заң­гер келетінін естіп, арнайы келдім, – дей­ді ол. 

Осы мәселені адвокат Әміржан Кушаев өз қолына алып, сотқа арыздануға көмек беретін болды. Айта кету керек, «Құқықтық көмек» партиялық жобасы бойынша жыл басынан бері адвокат, нотариус, медиатор, заңгерлердің қаты­суымен 5 қабылдау өткізілді. Қабылдау­­ға 211 азамат өтінішпен жүгініп, оның 82-сі оң шешілді.