Дәрумен алдымен дәрігерге пайдалы
Жасыратыны жоқ, ақ халаттылар халықты дәрумен «инесіне отырғызды»: бір дәріге рецепт жазса, бес витамин мен қоспаны қоса береді. Жекеменшік клиникаларда, бюджеттен қаржыландырылатын қалалық емханада дәрігердің кезегінде тұрсаңыз, қымбат киінген, әсем әшекейді аямай таққан, опа-далап жаққан бикештер сый-сияпатын көтеріп, дәрігерге кезексіз кіріп жатады.
Бұлар – медициналық препарат не биоқоспа жасайтын қаптаған компанияның өкілі, дилері. Егер ақ халатты абзал жан адал болса, оны лезде есігінен кері шығарып жібереді. Бәзбірі керісінше, сырқатын қуып шығып, есікті жауып алып, мәміленің шарттарын талқылауға кіріседі.
Кейбір дәрігер бізбен әңгімеде биоқоспаға амалсыздан кеңес беретінін мойындады. МӘМС аясында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры емханаларды қаржыландыруды күрт қысқартып тастапты, ТМККК аясында берілетін тегін дәрі де азайған. Соның салдарынан сырқаттың көпшілігіне КТ, МРТ, УДЗ зерттеуіне, не талдау-анализге бағыттама бере алмай қалған ақ халаттылар олардың көңілін аулау үшін ем-шипасы жоққа тән биологиялық қоспаларды жазып беретін көрінеді. Шын сенсе, плацебо тиімділігі болады, құлан-таза жазылып кетпегенімен, өзін жақсырақ сезінуі мүмкін.
Кәсіпкерлердің айтуынша, ББҚ (БАД) қоспалары негізінен, көрші Қытайдан қап-қабымен, тіпті тұтас теміржол вагон-цистерналарымен тасылады. Соны ал да, күрекшемен ұсақ қаптамаларға толтырып, сата бер. Нарықта оның бәріне сұраныс жоғары: еңбектеген баладан еңкейген кәріге, қарапайым адамнан – қалталыға, оқушыдан – спортшыларға дейін талмай, таңдамай жұтады.
Қазақстанда ББҚ-ларды тұтынудың кең ауқым алғаны және оны сатып алу үшін халықтың ылан-ойран қаржысын шашатыны сонша, бұл салаға енді алаяқтар үймелей бастады. Астана қаласының прокуратурасы осы аптада биологиялық белсенді қоспаларға қатысты алаяқтықпен айналысқан Call-орталықтың ұйымдастырушыларын ұстады. Ведомствоның хабарлауынша, қаскөйлер Instagram мен TikTok пайдаланушыларының клиенттік базасына қол жеткізіп, оларға үздіксіз қоңырау шалып, мазалаумен болған.
– Астана прокуратурасының үйлестіруімен, құқық қорғау органдары зардап шегушілерге жаппай телефон соғумен шұғылданған заңсыз байланыс орталығының қызметін тоқтатты. Орталық «зире-тминь» майы түріндегі биологиялық белсенді қоспа өткізген. Оны алушының автомобиль «ұтып» алғаны туралы жалған ақпарат таратқан. Операторлар көлікті жеңіп алғанын хабарлап, азаматтарды алдаған. Олардан машинаны елге әкелу үшін оны мемлекеттік тіркеуге және кедендік бажын төлеуге қажет деген желеумен 150 мыңнан 300 мың теңгеге дейін талап еткен, – деп мәлімдеді қалалық прокуратура.
Жедел-іздеу іс-шаралары барысында 14 тұлғаның қылмысқа қатыстылығы әшкереленді. Арасында директоры, заңгері, сату бөлімінің басшысы, операторлар бар. Алайда қылмыстық схеманың тек екі ұйымдастырушысы табылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 32 ноутбук, 10 ұялы телефон тәркіленді. Қылмыстық іс сотқа бағытталды. Айыбы дәлелденсе, қылмыскерлер он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Елордалық прокуратура қандай да бір затты сатып алғанда абай болуға және әлеуметтік желідегі күмәнді ұтыстарға сенбеуге шақырды.
Пайда қайда болса, блогер сонда...
Кәсіпкерлік туралы «Упал, поднялся» блогының авторы Вячеслав Рюминнің айтуынша, қазір дәрумен, аминоқышқылдар, минералдар, басқа ББҚ-ларды ерінбегеннің бәрі жасай береді.
–ББҚ-лардың пайдасы шамалы екенін, оның ауруды емдемейтінін естімеген адам жоқ шығар. Бірақ дәрігер кеңесімен не онсыз бәрібір сатып алады. Елде 20 млн адам болса, оның әрқайсысы ББҚ сатушының әлеуетті клиенті. ББҚ-лар мол табысқа кенелтеді. Табыс қайда болса, блогер сонда. Бүгінде белгілі блогерлер биоқоспа өндірісін жолға қойып, атау-брендін өзі ілгерілетеді. Түрлі ролик түсіреді. Тамақ ішіп отырып, өзінің сол брендтегі ББҚ-ны ішетінін айтып, мақтайды, баршасына соны ұсынады. «Мынау бір балық майын ішіп едім, арқа ауруынан арылдым!» деп өтірікті шындай етеді. Сөйтіп, Қытайдан тапсырыс беріп алғызған 500 теңгелік ұнтағын «табынушыларына» 10-20 мың теңгеден сатады, – деді Рюмин.
Осы арқылы біріншіден, өзіне риясыз сенген жұртты алдап, қалтасын қағады, өзі шылқып байиды. Екіншіден, олардың бойындағы аурудың ушығуына септеседі. Себебі өзінің сүйікті блогері сияқты «сыйқырлы капсулалар» көмегімен-ақ айығып кетеріне сенген сырқат дәрігерге баруды қояды. Болмаса, әрі кетсе, «Олимпке» кіріп, қан, зәр тапсырумен шектеледі. Талдау қорытындысы ағзасында кейбір витаминнің жетіспейтінін көрсетсе, дереу дәріханадан сол дәрумендер кешенін алуға жүгіреді. Шын мәнінде, белгілі бір дәрумендердің жетіспеуі қатерлі ісіктен хабар беруі ықтимал.
«D витамині жетіспейтін адам жас өледі», – дейтін блогерлер бар. Rocky Mountain Cancer Centers онкологиялық клиникасы мамандарының түсіндіруінше, адамдар витаминнің аздығына емес, ең алдымен, D дәрумені сияқты кез келген қоректендіруші қоспаны шектен тыс тұтынбауға бас қатырғаны жөн. Басы артық дәрумен уға айналады (токсик-эффект). D витаминінің шектен тыс көлемі кальций деңгейін арттырып, кальцинозға – бүйрек, жүрек немесе өкпе сияқты жұмсақ тіндерде кальций тұзының қалың қабатының түзілуіне, гиперкальцемияға соқтыруы мүмкін. Сондықтан витаминге қатысты кез келген сұрақ пен күдік туындаса, дәрігерге жүгініңіз.
Биологиялық белсенді қоспа өндіретін кәсіпкер Павел Мамаев ірілеу компаниялардың әлеужелі, маркетплейстар арқылы ББҚ сатудан айына жүздеген миллион қаражат табатынын жасырмады. Мұның сыртында өндірушілерге дәріхана желілерінің иелері де шығады.
– Дәріханалар кейде өндірушімен бірлесіп, ортақ бренд ойлап табады. Бұл схема көбірек табыс әкеледі. Дәріхананың қожайыны келіп, қапталған өнімге өзінің маркасын басуға тапсырыс береді. Содан соң оны өз дәріханасы арқылы бірнеше есе қымбатқа сатады. Дәрігер науқасты нақты бір фирманың ББҚ-сын ал деп жіберсе, дәріханашы оны басқа, өзіне қажетті витаминді алуға көндіреді. Рецептідегі брендке қарағанда мұның әлдеқайда арзан, ал тиімділігі бірдей екенін айтады. Клиент арзан аналогын тапқанына мәз, – деді кәсіпкер.
Оның айтуынша, дәрі-дәрмектер мемлекеттік тіркеуге алынады. Онсыз ел ішінде сатуға тыйым салынады. Оған дейін медикамент алдымен жануарларға, кейін адамдарға клиникалық сынақтардан өтеді, адам ағзасына зияны, нақты бір ауруды емдеу тиімділігі тексеріледі. Қорытындылары халықаралық ғылыми журналдарда жарияланып, ғылыми медициналық қауымдастықтың талқысына түскені маңызды. Халықаралық тіркеуден өтуі, GMP стандарттарына сай болуы керек.
Биоқоспаларда мұның бірде-бірі жоқ. Клиникалық ешқандай сынақтан өтпейді, ешқандай ауруды емдемейді. Сондықтан оның қаптамасында қарсы көрсетілімдері жөнінде, жанама әсерлері туралы да еш ақпарат болмайды. «Дәрі болып табылмайды!», «дәрілік әсері жоқ» деген сияқты ескертулерді ашық жазып қояды.
ББҚ – аминоқышқыл, витамин немесе минералдар сияқты нақты бір заттың қайнар көзі ғана. Мысалы, «Кетоналда» оның буын ауруларына, ревматоидты артритке, теріс спондилоартритке қарсы, ауырсыну сезімдерін басуға және басқа жағдайда пайдаланылатыны жазылған. Ал ББҚ-лар ауруды емдемейді. «Балық майы» А және D дәрумендерінен, эйкозапентаен қышқылынан, полиқанықпаған май қышқылдарынан тұруы мүмкін. Бітті, басқа ақпарат бермейді. Бұлардың не жағдайда қажет екенін, не үшін ішу керектігін өз білім-біліктілігіне, ар-ұятына, ой-ниетіне қарай дәрігердің өзі ойлап табады.
Сынақ саланы түзете ме?
Сол себепті ББҚ-ларды тіркеу жеңіл. Олар тамақ өнімдері қатарында сатылады. Яғни, оның денсаулыққа тиімділігі тексерілмейді, тек денсаулыққа мейлінше қауіпсіз болса жеткілікті.
–ББҚ өндірісі кез келген адамға қолжетімді. Құрғақ ұнтақты асүйде капсулаларға толтыруға болады. Немесе калибровкалы таблетка прессі арқылы өз қолыңызбен таблетка басып шығара аласыз. Таблетка прессі механикалық және автоматты болып бөлінеді. Тіпті, мармелад жасауға болады. Бұл бизнесті бастау үшін күрекше және дәлдігі жоғары таразы қажет. Ол ингредиенттерді өлшеу үшін керек. Брендіңіздің атауы жазылған қаптамаға, банкіге не блистерге жеке тапсырыс бересіз. Бізде 2 қаптайтын желі тұр, әрқайсысы 18 млн теңгеге алынған. Дайын өнімді маркетплейстар арқылы да, базар мен сауда орындарында да сатуға болады, – деді П.Мамаев.
Спорттық тамақтану және саламатты тамақтану (ПП) дүкендері де қуана-қуана алатын көрінеді. Бизнесмен мемлекеттің ББҚ нарығын реттеуге талпыныс жасап жатқанын қаперге салды. СЭС мамандары, төтеншеліктер, салықшылар, басқасы тексеруі мүмкін. Әйткенмен, биоқоспалар ары қарай да жай ғана қоспа болып қалады, адам денсаулығына тиімділігі белгісіз.
Осы орайда ел Үкіметі биологиялық белсенді қоспаларға қатысты сынағын бастады. Оның аясында ББҚ-ны цифрлық таңбалау және қадағалау бойынша пилоттық жоба іске асырылады. Таңбалау бойынша Бірыңғай оператордың мәліметі бойынша пилоттық жоба кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Денсаумин санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Азық-түлік емес тауарларға арналған техникалық регламенттерді бақылау басқармасының басшысы Әйгерім Садубаева сала кәсіпкерлерімен кездесуде оның өнім сапасын арттыратынын айтпады. Таңбалау – контрафактімен, контрабандамен күрес үшін ғана керек.
–ББҚ-ларды таңбалау бойынша пилоттық жоба – елдегі бәсекелестікті сауықтыру және тауарлардың көлеңкелі айналымымен күрес үшін қажет, ол – осы бағыттағы мемлекеттің кезекті қадамы! Пилоттық жобаға қатысатын бизнес таңбалауды өз өндірісінде енгізеді, оның кемшіліктерін түсінеді, жетілдіру, түзету бойынша ұсыныстар енгізе алады. Оның ұсыныстары нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу барысында мемлекеттік орган тарапынан міндетті түрде ескерілетін болады», – деді Ә.Садубаева.
Әзірге пилоттық жобаға қатысуға ББҚ жасайтын он шақты ұйым тілек білдірді. Tanba тауарларды таңбалау және қадағалау Бірыңғай операторының басқарушы директоры Алмат Исмаилов пилоттық жобаға қатысу үдерісі кез келген кезеңде қолжетімді әрі толықтай тегін екенін атап өтті. Жолай қосыламын деушілерге есігі ашық. Қалай болғанда, ББҚ-ларды таңбалау жағдайды көп өзгертпейді. Таңбалау арқасында биоқоспа «емге зәруге – тиімді дәруге» айнала алмайды. Ендеше оларды ішу-ішпеу жөнінде дәрігер маманмен кеңесе отырып, өзіңізге шешім қабылдауға тура келеді.
Елдос Сенбай