Полиция күні мен Мемлекеттік қызметші күніне орай өткен құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде Мемлекет басшысы негізгі міндеттерді атап көрсетті. Президент заң мен тәртіпті нығайту, қылмыстың алдын алу, жемқорлықпен күрес, есірткі мен интернет-алаяқтықтың жолын кесу сияқты бағыттарды қамтып, нақты тапсырмалар жүктеді. Полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мейрамдарымен құттықтаған Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет екенін атап өтті.
«Сіздер заң мен тәртіпті сақтауға және азаматтардың құқығын қорғауға зор үлес қосып жүрсіздер. Қазір дүниежүзі алмағайып, бұлыңғыр, яғни өте күрделі кезеңді бастан өткеруде. Осындай құбылмалы уақытта қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету – айрықша маңызды міндет. Сол себепті бүгін біз алғаш рет осындай құраммен жиналып отырмыз. Құқық қорғау жүйесіндегі барлық жауапты құрылымдар жұмыла жұмыс істеуі қажет», – деді Президент.
Елімізде «Заң мен тәртіптің» қатаң сақталуына қоғам өкілдерінің қосар үлесі де орасан зор. Аталмыш жиынға орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары, депутаттар, сарапшылар және белсенді азаматтар қатысты. Күштік құрылымдарды жаңғырту ісінде жаңа буынның атқаратын рөлі ерекше екенін атап өткен Мемлекет басшысы басқосуға академиялардың курсанттары да арнайы шақырылғанын сөз етті.
Атқарылған жұмыс аз емес
«Трансұлттық қылмыстық топтармен күресу үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту өте маңызды. Осы жерде бүгін шетелдік полиция атташелері отыр. Құқық қорғау органдарымен жүргізіп жатқан халықаралық ынтымақтастық жұмысы үшін сіздерге ерекше ризашылығымды білдіремін. Соңғы жылдары елімізде барлық салада ауқымды реформалар жасалып жатыр. Мемлекеттің саяси жүйесі мен экономикалық құрылымы түбегейлі жаңғыруда. Ел ішінде жоғары құқықтық мәдениет қалыптасып келеді. Азаматтық жауапкершілік идеологиясы берік орныға бастады. Бұл – біздің стратегиялық бағдарымызға тән аса маңызды басымдық. Мемлекет құқық қорғау жүйесін жетілдіруге және барлық салада заң мен тәртіп орнатуға баса мән береді. Осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткіздік. 2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылық саны шамамен екі есе азайды. Соның ішінде қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық деңгейі 4 есе төмендеді, ал кісі өлтіруге қатысты қылмыстар 30 пайызға кеміді. Қоғамдық орындардағы қылмыс саны 80 пайызға азайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ ол өз сөзінде маңызды міндеттің бірі – отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес және әйелдер мен балаларды қорғау мәселесіне тоқталды. Қазір бұл бағытта заңнамалық, институционалдық тұрғыдан батыл қадамдар жасалуда. Соның нәтижесінде орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны жыл басынан бері 30 пайызға төмендеді. Жалпы, соңғы 5 жылда әйелдерге қатысты құқық бұзушы-лықтар екі есе азайған.
«Ең бастысы, қазір қоғамдық сана түбегейлі өзгеріп жатыр. Азаматтарымыздың бойында отбасындағы қатігездік пен озбырлыққа мүлдем төзбеушілік қасиеті қалыптасуда. Зардап шеккендерге қол ұшын беретін, ал құқық бұзушыларды жазғыратын қайырымды қоғам орнығып келеді. Елімізде «Қазақстан балалары» атты арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Құжатта өскелең ұрпақтың мүддесін қорғауға арналған маңызды тетіктер ұсынылмақ», – деді Мемлекет басшысы.
Жиында айтылған мәселенің бірі нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы атқарылып жатқан кешенді жұмыстар болды. Өйткені биылдың өзінде 83 есірткі зертханасы жойылып, айналымнан алынған есірткі заттарының көлемі 84 пайызға ұлғайған. Есірткі өндіргені үшін берілетін жаза қатаңдатылды. Тіпті, өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Бірақ бұл саладағы жұмыс әлі де толығымен біткен жоқ, түйткілдер жеткілікті, шешілмеген мәселелер еліміздің қауіпсіздігіне, тұрақтылығына сын-қатер төндіруде. Бүкіл қоғамды алаңдатып отырған ең қауіпті үрдіс: жастар нашақорлыққа үйір бола бастады. Бұл – үлкен қатер, оны жасырмауымыз керек», – деді Президент.
Сонымен қатар ол Қазақстанда кірісті жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестің халықаралық озық стандарттарға сай тиімді жүйесі қалыптасқанын мәлімдеді. 2019 жылдан бері ЖІӨ-дегі көлеңкелі экономиканың үлесі 23 пайыздан 16 пайызға дейін төмендеген.
«Бірақ әлі жоғары деңгей сақталып отыр. Мемлекет жауапкершілігі мол әрі адал кәсіпкерлерді қорғап, қолдау білдіреді. Менің арнайы тапсырмам бойынша Бас прокуратура жалпы сомасы 34 триллион теңге болатын шетелдіктердің қатысы бар жүздеген инфрақұрылымдық жобаға құқықтық тұрғыдан көмек көрсетіп келеді. Алайда отандық бизнесті негізсіз қылмыстық қудалау мәселесі толық шешімін тапқан жоқ», – дей келе ол Бас прокуратураға бұл жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Соңғы уақытта жемқорлыққа қарсы күресу үшін нақты, жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Мысалы, Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен сот арқылы жемқорлардан алынған қаражат мектептер салуға жұмсалуда. Атап айтқанда, үш жыл ішінде 89 мектептің құрылысына 150 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, бүгінде 61 мектеп пайдалануға берілді. Дегенмен Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайда жемқорлыққа қарсы күресті тиімді жүргізу үшін жаңа тәсілдер қажеттігін баса айтты. Осылайша, қонақжайлық индустриясының әлеуетін мақсатты түрде нығайтып, туризмді дамытуға және шетелдік қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беріледі. Нәтижесінде, қазірдің өзінде Қазақстанға келген әрбір туриске әуежайдан қауіпсіздік жадынамасымен бірге мобильді байланыс пен базалық интернет пакеті бар жаңа сим-карта ұсынылады.
Қылмыстың алдын алу – маңызды міндет
«Жалпы, халықтың құқықтық мәдениетін көтеруге жан-жақты қараған жөн. Бүгін мен «Заң және тәртіп» апталығын жариялауды ұйғардым. Осы апта қоғамда заң мен тәртіпті насихаттау аптасы болмақ. Алдағы жеті күн құқықтық мәдениетті нығайтуға, сондай-ақ құқық қорғау органдарының абырой-беделін арттыруға арналуы керек. Алайда бұл бір реттік акция емес. «Заң және тәртіп» апталығына азаматтардың құқықтық сана-сезімін көтеретін маңызды, жүйелі шара ретінде қараған жөн. Екінші. Құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту қажет. Қылмыс оған қолайлы жағдай жасаған жерде өршиді. Қылмыстың және заңға қайшы әрекеттердің салдарымен ғана күресуге болмайды. Қылмысқа түрткі болатын себептерді алдын ала анықтап, жойып отыру қажет. Менің тапсырмаммен «Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленіп, Мәжілістің қарауына берілді. Жаңа заң аталған саладағы мемлекеттік саясатты біріздендіріп, профилактикалық шаралармен қамтылатын тұлғалардың санатын кеңейтеді. Мұндай заң сөзсіз керек. Сондықтан мейлінше тез қабылдау қажет. Парламент депутаттарынан заң жобасын жылдың соңына дейін қарап, қабылдауды сұраймын. Заңнамалық өзгерістермен қатар, ұйымдық құрылымды да жаңғырту қажет. Ішкі істер министрлігі жүйесінде профилактикалық жұмыстарды үйлестіретін дербес бөлімше құратын уақыт келді», – деді Президент.
Сондай-ақ ол құқық қорғау органдарының тиімділігін бағалау жүйесіне де өзгеріс қажеттігін айтты. Онда құқықбұзушылықты ескерту бағытындағы жұмыс нәтижесі есепке алынуға тиіс. Қылмысқа көбінесе тұрмысы нашар отбасыдан шыққан адамдар барады. Алдын алу шараларын жүзеге асырғанда дәл осы санатқа айрықша назар аударған жөн. Бұл ретте әлеуметтік қорғау органдары мен жергілікті билік маңызды рөл атқарады.
«Көптеген құқықбұзушылық ұқсас жағдайда, бірдей факторлардың әсерінен болады. Тиісті деңгейде талдау жасалса, оны дер кезінде ауыздықтауға болады. Басқаша айтқанда, қылмыс қаупін болжау және оған қарсы іс-қимыл жүйесін қайта қарау керек. Ол үшін Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Аталған ведомство жай ғана есеп сақтайтын орын емес, қоғамдық қауіпсіздік саласындағы қауіп-қатерді анықтайтын және ескертумен айналысатын орталық болуға тиіс», – деген Мемлекет басшысы әрі қарай бұл бағыттағы жұмыстарға жасанды интеллект пен «үлкен дерекқор» мүмкіндіктерін жұмылдыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар көп ұзамай іске қосылатын суперкомпьютерді де осы мақсатта пайдалануға болатынын жеткізді.
Саладағы соны өзгерістер
Президент айтқандай, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына цифрлық технологиялар мен басқа да озық шешімдерді енгізуді жалғастыру керек. Мұнда салалық министрлік негізгі рөл атқарады. Сол себепті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс үдерісін барынша цифрландыруды тапсырды. Бұл тиімділікті арттырып, жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Жасанды интеллект технологиялары құқық қолдану тәжірибесін стандарттауға көмектеседі. Нәтижесінде, бірдей қылмыстық әрекет мүлде әртүрлі бағаланатын және азаматтарды қылмыстық процеске негізсіз тартатын жағдайды болдырмауға мүмкіндік береді.
«Жыл басынан бері Президент Әкімшілігіне дәл осындай, яғни сотқа дейінгі іс жүргізу мәселесі бойынша үш мың шағым келіп түсті. Сондықтан цифрлық технологияның мүмкіндігін тиімді пайдалану қажет. Мысалы, қазір елімізде іске қосылған «Заң мен тәртіп» платформасын Электронды үкімет пен танымал банк қосымшалары арқылы қолдануға болады. Осы цифрлық платформаның арқасында азаматтарымыз полицияға тікелей және жедел түрде хабарлама жолдай алады. Осылайша, кез келген құқықбұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыруға ықпал етеді.
Ақтөбе облысына сапарым кезінде Жедел басқару орталығында болдым. Орталықта жасанды интеллектінің көмегімен қаладағы ахуалға тәулік бойы бейнебақылау жүргізіледі. Полиция қызметінің тиімділігін арттыратын осындай орталықтарды еліміздің барлық қаласы мен ауданында ашу қажет. Әкімдер бұл жұмысқа белсенді түрде кірісуге тиіс. Бұдан бөлек, «Қауіпсіз қала» ұлттық платформасын іске қосу керек. Бұл – қаладағы бейнебақылау құралдары енді адамның бет-жүзін анықтап, оның жүріс-тұрысына талдау жасап, көшедегі көлікті де есепке алады деген сөз. Мұндай озық технологиялар түрлі заңсыздықтың алдын алуға мүмкіндік береді, сол арқылы қоғамдық тәртіпті нығайта түседі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиында сөз болған тағы бір маңызды жайт интернет және телефон алаяқтығының алдын алу мәселесі болды. Қылмыстың бұл түрі бүкіл әлемде белең алғаны белгілі. Көбіне мұндай іске тыңғылықты ұйымдасқан қылмыстық топтар барады. Олар шетелден әрекет ететіндіктен, тергеу амалдарын қиындатады.
«Сондықтан бұл ретте алдын алу шараларының мәні зор. Былтыр Ұлттық банк жанынан заманауи антифрод-орталық ашылды. Олар күмән тудырған операцияларды анықтап, бұғаттап отырады. Сонымен қатар өздеріне тиесілі инфрақұрылымды пайдалана отырып жасалған алаяқтық үшін банктер мен ұялы байланыс операторларына да жауапкершілік белгілеп жатырмыз. Азаматтарымыздың жеке мәліметтерінің сенімді жерде сақталуын қамтамасыз ету өте маңызды. Алаяқтар ақшаны жылыстататын немесе сыртқа шығаратын құйтырқы айлаларына адамдарды алдап түсіреді. Соңғы бір жарым жылда 50 мыңнан астам адам осындай жағдайға душар болды. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі – жастар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен бірге осындай шоттарды алдын ала анықтап, бұғаттайтын тиімді жүйені жолға қойғаны жөн. Аталған мәселенің бір ұшы бақылаусыз сим-карта айналымына келіп тіреледі. Тек биылдың өзінде сим-карталарды басқа біреудің атына рәсімдеген 100 мыңға жуық факті анықталды. Нөмірлерді түрлі қылмыстық мақсатқа пайдаланады», – деген Мемлекет басшысы Үкіметке уәкілетті органдармен бірлесе сим-карталарды сату тәртібін реттеуді тапсырды.
Ізгіліктің бастауы – қайырымды қоғам
Үшіншіден, Президент қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіру, жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігіне тоқталды. Биыл Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толады. Осыған орай, құқық қорғау құрылымдары, депутаттар мен құқық қорғаушылар сотталған азаматтарға рақымшылық жасау туралы бастама көтерді.
«Парламент тиісті заңды қарады, мен бұл заңға қол қойдым. Осы ізгі шараның арқасында жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды. Соның екі мыңнан астамы бостандыққа шығады. Қалғандарының жаза мерзімі қысқарады. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандар ғана рақымшылыққа ілінеді. Ең алдымен, әлеуметтік жағынан осал топқа жататын адамдарға, яғни баласы бар әйелдерге, егде адамдарға, кәмелет жасына толмағандарға және осы санаттағы басқа да азаматтарға кешірім беріледі. Мұны жаза басқан жандарға жасалған нақты көмек, олардың қоғамға қайта оралуына жағдай жасау деп түсіну қажет. Әл-Фарабидің сөзімен айтсақ, бұл – шын мәнінде қайырымды елге тән сипат», – деді ол.
Мәселен, кейбір елде жазасын өтеушілер «қамау мерзімін қысқартуға» мүмкіндік беретін шараларды қолдана алады. Абақтыда ескерту алмаған, жаңа білім игерген, спорттық-мәдени шараларға қатысқан адамдарға осындай жеңілдік беріледі. Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, осы мәселені мұқият пысықтауы қажет. Шетелдің озық тәжірибесін зерттеген жөн. Бұл жұмысқа отандық сарапшыларды да тарту қажет.
Тәртіп сақшыларын қорғайтын кешенді шара
Төртіншіден, жиында құқық қорғау органдарының жұмысына сервистік модель қағидаттарын кеңінен енгізіп, кадрлық әлеуетін күшейту қажеттігі сөз болды. Атап айтқанда, учаскелік инспекторлардың әлеуетін одан әрі нығайту қажеттігі айтылды. Себебі олар іс жүзінде мемлекет мен қоғам арасындағы басты дәнекер саналады. Әсіресе, бұл ауылдық жерде анық байқалады.
«Өйткені жергілікті тұрғындар үшін учаскелік инспектор – қорғаушы, құқықтық кеңесші, тіпті, әділдік сұрап жүгінетін соңғы инстанция. Менің ойымша, ауылдағы учаскелік инспекторларға шен берген кезде жеңілдік жасап, яғни бір жылдық еңбек өтілін 1,5 жыл деп есептеу қажет. Ауылдағы учаскелік инспекторларды баспанамен қамтып, материалдық-техникалық базасын нығайту керек. Өңір әкімдері осы мәселеге мұқият назар аударғаны дұрыс. Учаскелік полицияны жаңғыртумен қатар патрульдік бекеттер қызметінің жұмысын қайта қарау қажет. Патруль қызметкерлері азаматтармен жұмыс барысында әдеп сақтап, кәсібилік танытқаны жөн. Өз кезегінде азаматтар да полицияның заңды талабына бағынуға міндетті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінде мемлекет қоғам қауіпсіздігі мен елдегі заң үстемдігін қамтамасыз ететін жандарды жан-жақты қолдауға әрқашан айрықша мән береді. Мәселен, Президент тапсырмасына сәйкес биылдан бастап күштік құрылымдар еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшті. Бұл тәсіл, ең алдымен, аудан деңгейіндегі қызметкерлердің жалақысын көтеруге мүмкіндік берді. Мәселен, үш жылдық тәжірибесі бар полиция жедел уәкілінің еңбекақысы 60 пайызға өсті. Осылайша, тәртіп сақшыларын құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғау үшін кешенді шаралар қабылдануда.
«Ведомстволық жоғары оқу орындары курсанттарына жағдай жасап, ынталандыру маңызды. Олар – біздің күштік құрылымдардың болашағы. Оқуда үздік нәтиже көрсеткен және үлгілі тәртібімен ерекшеленген академия түлектеріне бірден «аға лейтенант» шенін беру қажет деп санаймын. Сондай-ақ оларға бос жұмыс орындарынан өзі қалаған қызмет түрін таңдауына мүмкіндік берілуі керек. Үкімет заңға енгізілетін өзгерістерді әзірлесін», – деген Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарында үздіксіз әрі мінсіз қызмет атқарғандарға «құрметті қызметкер» атағы берілетінін атап өтті.
Алайда ол кейбір құрылымдарда бұл жоғары атақ басшыларға ғана бұйыратынын да тілге тиек етті. Президенттің айтуынша, қатардағы қарапайым қызметкерлер арасында ұзақ жылдар бойы кәсіби борышын адал атқарып жүрген лайықты кандидаттар жеткілікті. Сондықтан қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттырып, моральдық рухын күшейту маңызды.
«Былтыр Президент Әкімшілігінің бастамасымен құқық қорғау органдарының кадрлық құрамын цифрлық бағалау жүйесі енгізілді. Бұл объективті дербес рейтинг қалыптастыруға мүмкіндік берді. Құқық қорғау органдарының басшыларына қызметкердің лауазымын жоғарылатқанда және көтермелегенде негізінен цифрлық бағалауға сүйенуді тапсырамын. Тағайындаулар біреуге бүйрегі бұратын субъективті шешімге емес, лайықты еңбекке, нақты көрсеткіштер мен кәсіби жетістіктерге негізделуге тиіс. Әйтсе де, Ли Куан Ю айтқандай, ішкі түйсікке де иек артқан жөн. Әрбір офицер адал қызметінің лайықты бағаланатынына сенімді болуы керек.
Жалпы, бүгінгі айқындалған бағыттар құқықтық тәртіп пен заңдылықты сақтаудың жаңа моделін қалыптастыруды көздейді. Институттық реформалар мен технологиялық жаңашылдықтарды ұштастыра отырып, құқық қорғау органдарын одан әрі жаңғырта беруіміз керек. Мен бір апта ішінде құқық қорғау органдарындағы олқылықтардың барлығы көрсетілетін материал дайындау жөнінде тапсырма бердім. Мұнда қызметке де байланысты кемшіліктер бар. Сондықтан біз бүгін ол туралы егжей-тегжейлі айтпаймыз. Дегенмен мәселенің шет жағасы қозғалды. Бір апта ішінде құжат барлық құқық қорғау органына жіберіледі. Одан кейін біз жабық форматта жиын өткізіп, жұмыс барысын талқылаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ержүрек сақшылардың ерлігі – көпке үлгі
Сонымен қатар ол еліміздегі ірі қалалармен қатар, шалғай елді мекендердегі қоғамдық қауіпсіздік – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасы екенін жеткізді. Осындай тұрақтылық пен тыныштықтың артында Заң мен тәртіп үшін жасалған ерен ерлік бар. Халқымыз құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ерлігін бағалайды, мақтан тұтады, әрқашанда қолдайды.
«Жақында күштік құрылымдарымыз Алматы облысында ірі есірткі зертханасын жойды. Маңғыстау облысында трансұлттық деңгейдегі ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Соның нәтижесінде есірткі бизнесіне мықты тосқауыл қойылды. Арнайы операцияларға қатысқан мамандар жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сіздердің күнделікті жұмыстарыңыз қауіп-қатерге толы. Өкінішке қарай, Тәуелсіздік жылдарында 842 азамат қызметтік міндетін орындау кезінде қазаға ұшырады, 4,5 мың адам жарақат алды. Бүгін біз қаза болған ерлеріміздің жақындарына марапат тапсырамыз. Ержүрек сақшылардың ерлігі халыққа жанқиярлықпен қызмет етудің үлгісі ретінде жұртымыздың жадында сақталуға тиіс. Осы орайда, мен мекемелік наградаларға қызмет бабында қаза болған қаһармандардың есімін беру мәселесін қарастыруды ұсынамын», – деген Мемлекет басшысы көшелер мен құқық қорғау мекемелерін батырлардың атымен атау жөн екенін еске салды.
Әрине, мұндай тәжірибе елімізде бұрыннан бар. Лаңкесті ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың есімі Тараздағы орталық көшелердің біріне берілді. Сондай-ақ қаладағы оқу-жаттығу полигоны да батырдың атымен аталған. Таяуда оның өмірі мен ерлігі туралы «Капитан Байтасов» атты көркем фильм көрермен назарына ұсынылмақ. Өрт сөндіру кезінде опат болған Асқар Забикулин де елдің есінде. Астанадағы Өрт сөндіру бөліміне және сол бөлім орналасқан көшеге оның есімі берілді. Бұл азаматтарды нағыз бейбіт күннің батырлары деуге болады. Олар ақтық демі қалғанша антқа адал болды, қызметтік парызын өтеу жолында өз өмірлерін құрбан етті.
«Елге және заңға қызмет етуге бел буған әрбір азамат адамгершілік пен әділдік құндылықтарын басшылыққа алады. Қылмысқа қарсы күресті қастерлі парыз деп санайды. Мұндай қасиеттер адамға, ең алдымен, отбасындағы тәрбие арқылы беріледі. Құқық қорғау саласында ата-анасының жолын қуып, отбасы дәстүрін жалғастырып жүрген қызметкерлер аз емес. Қазір біз үш атадан бері тәртіп сақшысы болған Зайнулиндер әулетінің өкілдерін марапаттаймыз. Мен бүгін барша құқық қорғау жүйесінің ардагерлеріне зор алғыс айтамын. Сіздердің мінсіз қызметтеріңіз – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге», – деп сөзін жалғады Президент.
Жалпы, заң мен тәртіп ұғымы көшедегі тазалық пен қауіпсіздік сияқты қарапайым нәрседен басталады. Жергілікті билік, бизнес және қоғам белсенділері ортақ мүдде жолында күш біріктіріп жұмыс істесе, қоғамдағы заң мен тәртіп те нығая түседі. Қасым-Жомарт Тоқаев қазір Ақмола облысында «Зиялы қауым» жобасы жүзеге асырылып жатқанын айта келе, ауыл әкімдері, ақсақалдар және шаруа қожалықтарының басшылары бірлесіп, учаскелік инспекторларға қолғабыс етіп жатқанын жеткізді. Жергілікті азаматтардың осындай үлгілі ісіне қолдау көрсету керек. Бұл – азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі.
«Сондай-ақ бүгін мен бес жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген бірқатар ауылдың ақсақалдарын марапаттаймын. Құқық қорғау органдарының көп жұмысы сырт көзге көріне бермейді. Жедел қызметкерлер, тергеушілер, прокурорлар, криминалистер, патруль қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен басқа да құрылым қызметкерлері күн сайын ел тыныштығын қас қақпай күзетуде. Ешқандай қауіп-қатерге қарамастан, Отан үшін жасап жатқан адал қызметтеріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Мен Сіздерге сенемін! Әрқайсысыңыз мықты маман, отаншыл әрі адал азамат деген атқа лайықсыздар. Әрине, құқық қорғау мекемелерінің жұмысында ешқандай қателік немесе жетіспеушілік жоқ деп айтуға болмайды. Бірақ қара бұлтты төндірудің де қажеті жоқ. Бәріміз бір ел, бір халық болып Қазақстанымыз үшін қызмет етіп, табанды жұмыс істеуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ ұлттық парыз, азаматтық борыш. Қазақстан қауіпсіз, заң мен тәртіпке бағынатын ел болуы керек», – деді ол.
Жиынды қорытындылай келе, мемлекет басшысы Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесіне бір аптаның ішінде Құқық қорғау органдарының жұмысы туралы арнайы талдау дайындауды тапсырды.
«Бұл – өте маңызды жұмыс, оны жалғастыру қажет. Түптеп келгенде, біздің басты бағдарымыз – айқын. Бұл – заң мен тәртіп қағидаты. Қызметтеріңізге табыс тілеймін!», – дей келе Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт заманның батырына айналған сала қызметкерлері мен олардың туыстарын марапаттады.
Атап айтқанда, суға батып бара жатқан адамды құтқарамын деп қызмет барысында ерлікпен қаза тапқан Атырау қаласының жол-патруль полициясы батальонының қызметкері Шалқар Ақымғалиев III дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған. Ержүрек ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиелеген Шалқардың анасы Ләззат Мұқановаға Алғыс жарияланды.
Қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметінің жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Забикулиннің жұбайы Анель Забикулинаға Алғыс жарияланды.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде ерлік жасап, соның салдарынан өз бетімен қозғалу мүмкіндігінен айрылған Алматы қаласы Полиция департаментінің Жол полициясы батальоны командирінің орынбасары Әнуар Байтұрсыновқа демеу болып, адалдық, табандылық танытқан жары Гүлжан Байтұрсыноваға Алғыс жарияланды.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді атсалысып, көпке үлгі көрсеткені үшін Ақмола облысы Атбасар ауданы Шуйское ауылының ақсақалы Еркебай Байжігітовке Алғыс жарияланды.
2022 жылдан бері бірде-бір қылмыс тіркелмеген Жамбыл облысы Шу ауданы Балуан Шолақ ауылының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Есенгелді Текебаевқа қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысқаны үшін Алғыс жарияланды.
Жамбыл облысындағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп келе жатқан полициядағы құрметті әулеттердің бірі – Зайнулиндер отбасына абыройлы қызмет атқарып, қоғамдық тәртіпті нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Алғыс жарияланды. Әулеттің жалпы еңбек өтілі – 63 жыл.
2013 жылдан бері 500-ден аса күрделі істі ашқан Алматы қаласы Полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция майоры Жанна Шешмухановаға кәсібилігі мен адалдығы үшін Алғыс жарияланды.
Сондай-ақ кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Полиция күніне арналған концертті тамашалады. Концертте кәсіби міндетін орындау кезінде қаза болған құқық қорғау органдарының қызметкерлерін еске алған реквием көпшіліктің көңілін қозғады.
Дайындаған Кәмила ДҮЙСЕН