Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда депутаттар маңызды заңдар топтамасын қарады.
Жаңа салық кодексіне түзетулер енгізуді ұсынды
206
оқылды

Сенаторлар алдымен, жаңа Салық ко­дексін және оған ілеспе «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, талқылады. Бұл заңдар Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында белгілеп берген міндеттерді іске асыру мақсатымен әзірленген және қолайлы бизнес-орта мен инвестициялық ахуал қалыптастыруға ба­ғыт­талған. Олар салық төлеушілерге ел аумағындағы экономикалық қызметті жүргізу жағдайларының тұрақтылығы мен айқындылығына негізделген өз қызметін анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев жаңа Салық кодексінің тағы бір басымдығы салық төлеушілермен қарым-қатынастардың сервистік моделіне көшу екенін айтты. Инвесторларды ынталандырудың қосымша шаралары және табиғи ресурстарға салық салу тиімділігін арттыру бойынша жаңа нормалар көзделген. Құжатта арнайы салық режимдері мен салықтық жеңілдіктер де оңтайландырылған.

Сенаторлар заңдарда қарастырылған нормаларды концептуалды тұрғыдан қолдап, Кодекске бірқатар түзету енгізуді ұсынды.

«Палата жаңа Салық кодексін қарау барысында оның жекелеген ережелерін мемлекеттің, шағын және орта бизнестің, сондай-ақ қоғамның мүддесін ескере отырып, қайта қарауды ұсынды. Сол арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерді, шағын және орта кәсіпкерлік, қор нарығы субъектілерін және экономиканың басқа да салаларын қолдау көзделген. Алдағы уақытта бүгін қаралған жаңа Салық кодексі Президентіміздің бастамасымен жүргізіліп жатқан реформаларды табысты іске асыруға, ұлттық экономиканы серпінді және тұрақты дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Талқылау нәтижесінде Сенат жекелеген баптардың жаңа редакциясын ескере отырып, Салық кодексін және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды Мәжіліске қайтарды.

Палата отырысында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Ко­дексіне (Салық кодексі) және оны қол­данысқа енгізу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қаралды. Сенаторлар құжатты жекелеген баптарға қатысты ұсыныстардың жаңа редакциясымен Мәжіліске қайтарды. Енгізілген түзетулердің негізгі мақсаты салық саясатын және салық салудың жекелеген тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ жеке тұлғалардың табыстары мен мүліктерін жалпыға бірдей декларациялау жүйесін оңтайландыру екенін айта кеткен абзал.

Сенат депутаттары күн тәртібіне шығарылған «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қарап, мақұлдады. Заңдағы маңызды түзетулердің бірі – көппәтерлі үй мүлкінің меншік иелері бірлестігінің төрағасы мен кондоминиум объектісін басқару субъектісі үшін кондоминиум объектісін басқару жөніндегі ай сайынғы және жылдық есептерді ұсыну мерзімдерін бұзғаны үшін жеке жауаптылық енгізу болды. Бұдан басқа, айыппұлдар үйді басқаруды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаға қолданылады деген ескертпе көзделген.