Әдеби орта Әубәкір, ал журналистер Әбіш деп білетін талантты ақын Әбубәкір Смайыловтың өзінен бұрын өлеңдерімен таныстым. Қазір қайдам, тоқсаныншы жылдардың ашқұрсақ студенті дүңгіршектен газет сатып алатын. Ол «Өркеннің» өркен жайып, «Жас Алаштың» дүркіреп, «Халық кеңесінің» күркіреп тұрған кезі еді. Нөмір сайын әлгі газеттердің айқара бетіне топтама өлеңдер шығып жатады.
Жырмен тыныстаған жүрек
412
оқылды

Жаңылыспасам, сол тұстағы Қазақ­стан халық депутаттарының органы «Халық кеңесі» газеті болар, Әбіш аға­ның «Баспана туралы балладасы» жарық көрді. Студенттік шағынан өзіндік үнім­ен даралана білген ақынның бұл поэ­масы әлеуметтік әділетсіздікті мәселе қылып көтерген дүние болды. Қоғамды дүр сіл­кінт­ті. Кешегі 86-дағы Желтоқсан ыз­ғары­нан кейін қаламды бұлай сілтеу, әй қайдам, екінің бірінің қолынан келе қой­мас-ау. Онда мына шумақтарды қайыра бір еске алып көрейікші:

Көшіп жүрмін...

Бабам да көшпенді еді, 

Көк шалғында – ауылда өскен мені

Көңіл-дөнен ап келді астанаға, 

Көп нәрсені бірақ ол ескермеді.

 

Ауып келген кешегі халық тойды, 

Ауылдағы ел шаршады бағып қойды.

Көшпендінің ұрпағы Әбубәкір,

Көше-көше көшеде қалып қойды, – деп сол тұстағы қоғамның асқынған жарасын тіліп-тіліп түседі. Бұл – жүрек­те­гі тілсіз мұң. Заман шындығы еді. Кей-кей­де екінші шумақтың бірінші тармағын біреулердің есіне жиі-жиі салып тұрғың келеді... 

Газеттің сол нөмірі 17 жатақханада қол­дан қолға өтіп, соңында қолды боп кет­кен. Шіркін, қазір кітапханадағы га­зет тігіндісін қайта бір парақтап көрер ме еді? Әй, сонда есіңе көп нәрсе түсер-ау... 

Әбубәкір Смайылов – жас күнінен аузы дуалы ақын-жазушылардың жақсы бағасын алған ақын. Талғамы биік Ақ­се­леу Сейдімбектің өзі 1990 жылғы күнделі­гіне: «Жыр дариясы айдынынан Әбубәкір Смайылов керген ақ желкен мойын бұр­­ғыза­ды. Тәңірім желін оңы­нан тұғыза көргей! Тамырын тереңнен тартқан те­геурін ден қойғызады. Енді мына азапты өмірдің азабына кіжінуші ғана болып қалмай, ақ пен қараны айы­ра отырып, сол өмірге үкім айта алатын зерде биігіне көтерілсе ғой...», – деп түртіп қойыпты.

Фариза апай «Қазақ әдебиеті» газетін­де жарияланған ақын өлеңдеріне жазған алғысөзінде: «...Мен Әбубәкірдің қыжы­лы мен қышқыл мұңы көп өлеңдері оқыр­манды елдік намыс пен жусанның иісіндей ұлттық болмыспен қоректен­діреді деп ойлаймын және оның ақындық болашағына үмітпен қараймын», – деп баға беріпті. 

Ірілердің үмітін ақтағысы келген ақын 1992 жылы үзеңгі қағысып, шылбыр үзіспей қатар келе жатқан өзінен бірер жас үлкен, тіс қаққан замандастарымен дүбірлі додаға бірге түскен. Үміт алдамап­ты. Аламанда топ жарып, «Дарын» мем­ле­кеттік жастар сыйлығының тұңғыш лауреаты атанды. 

Кейіннен «Азия» газетінде істеп жүр­ді. «Азия» демекші, Маралтайдың өлең­дерін газеттің айқара бетіне басатын да осы – Әбіш аға. Ол жөнінде өзі: «Каби­нет­к­е бұрқырата өлең оқып, шашы – бұй­ра, мінезі – тарпаң талант келді. Ол – Маралтай болатын», – дейді. Та­лант­ты талант таниды десек те, бөлек дарын иесін дер кезінде бағалау – қиын іс. Әбекең – ол жағынан мәтіби.

Әбекеңмен аға мен іні боп, жақыныр­ақ араласуым 1998 жылдың көктемінде басталды. Ол жайлы Әбіш ағаның өзі менің алғашқы өлең кітабыма жазған ал­ғы­сөзінде: «Бірде «Қазақстан сарбазы» газетінің редакциясына бір бұйрабас бала келді. Мұның аты – Мұхарбек екен. Бұл да ақын, бірақ мінезі Маралтайдікіндей «буралықтан» ада көрінді», – деп еске алады. 

Әбекең осы газетте жұмыс істейді екен. Жұмыс істейді деген аты болмаса, орнында отырмайды. Үнемі іссапарда. Бі­рде тәжік-ауған шекарасынан хабар таратса, енді бірде мұхиттың арғы жағы­нан сұлу мұрты жылт ете қалады. Сол жыл­дың күзінде Әбіш аға Қорғаныс ми­нис­тр­лігінің баспасөз қызметіне жұмыс ауыстырып, ол кісінің орны – офицер лауазымына мен тағайындалдым.

Елімізде Әбубәкір Смайыловтың табаны тимеген полигон мен әскери бөлім жоқ болар. Қазақстан Қарулы күштерінің шежіресін жазуға қосқан үлесі өлшеусіз. Бірнеше жыл «Хабар-Әскер» әскери-патриоттық бағдарлама­сының авторы әрі жүргізушісі болды. Жо­ғарыда айтқан тәжік-ауған сапарынан туған өлеңдері бір төбе. Ол топтамасы кезін­де әдеби басылымдарда жариялан­ды. 

Әбекең кейінгі жылдары Қорғаныс министрлігінің орталық аппаратында түрлі әскери лауазымдар атқарды. Аға офицерден бастап, департамент бастығы­на дейін көтерілді. Сөйтіп, арада қаламды қаруға айырбастаған бірнеше жыл өтті. Әйтсе де, Әбекең әскерде босқа жүрмепті. Оқырман аз жазса да саз жазатын ақын­ның «Жүрек­тегі ақынның жазбалары», «Соңғы солдат» атты өлең кітаптарымен қауышты. 

Екеуіміз де жиырма жылдай уақыты­мызды бұйрықпен шідерлеп тастайтын әскери салаға арнадық. Жанында жүріп, ақын ағамның қамқорлығын көп көрдім, шапағаты тиді. Ақылын тыңда­дым. Ерке­ле­сем де, шеңберден шыққан кезім жоқ. Бір кезде өзінің табаны тиген мұхиттың арғы жағына оқуға жіберді. Еуропаның бірнеше елінде өткен семинар-курстар­дың тізіміне де бізді қосты.

Әбіш аға саяқ жүрді (Әлі де солай сияқ­ты). Көп ортада өзеуреп көзге де түсе бер­ме­ді. «Жыр жазғаным болмаса тиіп-қа­шып, Ұлылармен жүрмедім иықтасып» деп оны өзі де «мойындайды». Ал мына бір өлеңіндегі ақынның ішкі толқынысы қо­ғам тынысымен үйлесім тауып жатқан­дай.

Он сегіз миллион қазақ

Қазақстан – ортақ үй, ортақ Отан

Он сегіз миллион отырмыз алқа-қотан...

Қоныс тепті небір ұлт жеріме кеп,

Ешбіріне демедім еліңе кет.

Олар – төрде, ал өзім босағада

Менікі ме осынау мемлекет!?

 

Қарайтұғын қалған жоқ еліме бет,

Көз аларта көрмеші жеріме тек.

Мемлекеттік тілді ешкім менсінбейді,

Менікі ме осынау мемлекет!?

 

Ұйытқи соғып заманның желі кенет,

Ел басына күн туса мені демеп,

Тұрасың ба қасымда мекендесім:

«Менікі, – деп – осынау мемлекет!?»

 

Бәрі бекер беркініп Ту алмасаң,

Менімен бір қайғырып, қуанбасаң.

Мекендеген осы елді әрбір адам

«Мен – қазақпын!» дейтін күн 

туар қашан!?

Әбекеңнің бір қасиеті – өлеңсүйер оқыр­­манды шөліркетіп, сағындырып барып, баспасөзде сирек көрінетін ақын. Содан болар, халық оның өлеңдерін із­деп жүріп оқиды. Араға біраз үзіліс салып барып, өткен жылы ақынның «Құс жол­ын­да біреу жүр жоқ қараған атты» жыр жинағы мемлекеттік тапсырыспен жар­ық көрді. Азаматтық поэзия мен нәзік ли­риканы үйлестіре білген ақынның бұл жина­­ғына соңғы жылдары жазылған өлеңдері енген.

Өлең тілі қарапайым әрі түсінікті, сондықтан оқырманға жақын. Оқыр­ман­ды ойлантуға, сана-сезімді оятуға, ұлт болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Әбіш аға поэзия­сының ерек­шелігі – оның эстетика­лық құндылы­ғын­да ғана емес, манадан бері біз әңгіме­леп отырған әлеуметтік мәнін­де жатыр.

Ақынның поэзиядағы азаматтық үні арқылы әр қазақ ұлт алдындағы өз жауап­кершілігін сезініп, қоғам дамуына үлес қосса деген ақжал арманыңды оятады. Лайым, солай болғай!

Кітапқа енген өлеңдердің бәрінің атын атап, түсін түстеу шарт емес десек те, «Тақ дегенің тайғанақ...», «Түсік», «Кет­пенде кеткен кек», «Қаңғыған оқ», «Ор­ден құмар отандасқа», «Қазақ жа­с­тары­на» сынды өлеңдерінің тақырыбы делебеңді қоздырары даусыз. Олай болса, оқуға тұрарлық кітапқа сіздің де қолыңыз тезірек жетсін, қадірлі оқыр­ман!

Бүгінде ақын Әбубәкір Смайылов – екі майданда қалам тартып жүрген қа­лам­гер. Оның алғашқысы ақындығы екені айтпаса да түсінікті. Соңғы жыл­дары ол Джейн Остин, Эрих Ремарк, Джек Лондон сияқты әлем классик­тері­нің шығармаларын қазақ тіліне аудар­ды. Қазір испан жазушысы Хавьер Мороның «Үміт сапары» романын тәржі­малап жа­тыр. Өткен жылы осы аударма саласын­дағы еңбегі үшін халық­ара­лық «Алаш» әдеби сыйлығын иеленді.

Бір қызығы, Әбекең әлеуметтік желі­ден де оқшау жүреді. Ақын өлеңдерін Facebook-те тек курстас достары Арман Сқа­былұлы мен Серік Аббас-Шахтың парақшасынан оқуға болады. 

«Терең өзен үнсіз ағады» деген, Әбе­кең­нің әдебиетке айқайламай-ақ қыз­мет етіп келе жатқанына еш таңғалуға бол­май­ды. Кеуде ұрып, көкірек керу оған жат. Әйтпесе, «Жүректегі ақынның жаз­ба­л­ары» кітабының алғашқы бетіне:

«Мен ақын емеспін. Абай айтпақшы, «өлеңге таласым» да жоқ. Бірақ әр адам­ның жүрегінде бір ақын өмір сүреді деген әдемі аңызға имандай сенемін.

Менің де жүрегімде бір ақын өмір сүру­ші еді, соның саңқылдаған дауысы көп­тен бері естілмей кетті, қайда жүр екен?..» деп жазар ма еді?

Әбекең – жаны жазуды жақсы көретін ақын. Олай болса, қаламгердің кемеліне келген шағында оқырманға ұсынар дү­ние­сі аз болмас дейміз.

 

Мұхарбек ЖӘКЕЙҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі