Айтуынша, “Amanat” партиясының ұйымдастыруымен өткен “Дәрігер Talks” форумына 600-ден астам дәрігер, медбике, ғылым және білім саласының өкілдері қатысқан.
Дәрігер — бұл жай ғана маман емес, ол — адам өмірінің сақшысы. Біз адамдардың ең қиын сәттерінде жанында боламыз, үміт сыйлаймыз, сенім ұялатамыз. Дәрігерге деген сенім — қоғамның денсаулығы мен тұрақтылығының кепілі. Соңғы жылдары дәрігерлердің беделі артып, халықтың ықыласы мен құрметі көбейіп келе жатқаны қуантады.
Бедел тек атақпен өлшенбейді, ол — күнделікті адал еңбекпен, науқасқа деген шынайы жанашырлықпен қалыптасады. Сондықтан біз өз мамандығымыздың мәртебесіне сай болуға тырысамыз.
Десе де, кездесу барысында төмендегі мәселелер кеңінен талқыланды:
• Ауылдық жерлердегі кадр тапшылығы. Бұл мәселені шешу мақсатында мемлекет тарапынан қолдау шаралары іске қосылды. Атап айтқанда, ауылға барып жұмыс істеп жатқан 700-ге жуық медицина қызметкеріне 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 9 миллион теңге) көтерме жәрдемақы берілді.
• Медицина қызметкерлерінің біліктілігін көтеру. Енді дәрігерлер мен медбикелер біліктілік деңгейін тест тапсырмай-ақ, автоматты түрде алуға мүмкіндік алады. Бұл тәжірибелі мамандардың уақытын үнемдеп, жұмысқа көбірек көңіл бөлуіне сеп болады.
• Дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге НДС енгізуге қарсы бастама. Партия бұл қадамның халыққа ауыр салмақ түсіретінін айтып, қарсы шықты.
• Кәсіби жауапкершілікке байланысты сақтандыру. Егер дәрігер кәсіби қызметінде қателік жіберсе, сол үшін шығындар оның жеке қаражатынан емес, арнайы мемлекеттік сақтандыру қоры есебінен өтелетін болады.
• Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі. Дәрігерлерге қарсы күш қолдану, қорлау немесе шабуыл жасау фактілері үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілмек. Бұл медицина саласындағы мамандарды қорғауға бағытталған нақты қадам.
Шарада нақты мысалдар келтіріліп, өмірден алынған оқиғалар айтылды. Мәселен, Қызылордадан келген эндокринолог өз тәжірибесіндегі күрделі жағдайлармен бөлісті. Сондай-ақ, шалғай ауылда тұрып, науқасқа көмектесу үшін тасыған суды кешіп өткен фельдшердің ерлігі айтылды. Бұл форум дәрігерлердің дауысын билікке тікелей жеткізуге мүмкіндік берген ашық әрі нәтижелі алаң болды, - дейді дәрігер Марат Саршаев.