Voice of Turan фестивалі – жай ғана мәдени шара емес, бұл – халықтар арасындағы өзара түсіністік пен жұмсақ күштің құралы. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген әртістердің қазақ әнін терең құрметпен орындауы – біздің мәдениеттің әмбебаптығын, біріктіруші күшке ие екенін айғақтайды. Мұндай жобалар Қазақстанды – бай мұрасы бар, болашаққа сеніммен қарайтын ел ретінде көрсететініне шын жүректен сенеміз», – деді Voice of Turan – 2025 фестивалінің бас продюсері Мейіржан Алиякбаров.
Қазақ әнінің бұл кешіне төрт құрлықтан 17 елдің орындаушысы қатысты. Атап айтсақ, Португалия, Италия, Болгария, Оңтүстік Африка, Куба, Индонезия және басқа мемлекеттен келген қатысушылар қазақ тілінде ән айтып, вокалдық шеберліктерін ғана емес, қазақ мәдениетіне деген құрмет көрсетті. Оның арасында қатысушының көбісі қазақ тіліндегі әнді алғаш орындауы еді. Соған қарамастан Сәкен Майғазиев, әншілер Маржан Арапбаева, Мархаба Сәби және Мейіржан Алиякбаров сынды қазылар алқасы барлық қатысушының өнерін жоғары бағалады.
Гран-при бойынша 1-орын – Аннис Батиста (Куба); 2-орын – Паула Кондор (Эквадор), 3-орын: Илария Феррари (Сан-Марино) және 3-орынды Анисса Анастасия Аю (Индонезия) иеленді. Ал Түркістан облысы әкімдігінің арнайы жүлдесін «Қазақ әнінің ең үздік аранжировкасы» үшін Аймен Габбиш (Тунис) алса, «Көрермен көзайымы» арнайы жүлдесін — Гүлбусе Сендуран (Түркия) алды. Тами Мбата (Оңтүстік Африка), Мария Жуау Матуш (Португалия), Алмас Хусаинов (Татарстан), Сайзана Сюрүн (Тыва) және Урмат Токомбаев (Қырғызстан) секілді номинат атанды.
– Бұл жерден тек марапат емес, жүрегіме қонған Қазақстанды әкетіп барамын. Қазақ әні – мен үшін жаңалық, ашылу, шынайы рухани тәжірибе болды. Тек жаттап алған сөздерді айтқан жоқпын. Мен сіздердің музыкаңызды жаныммен сезіндім. Қазылар алқасына сенімі үшін, ұйымдастырушыларға ұмытылмас сәттер үшін, ал қазақстандықтарға шексіз жылулықтары үшін мың алғыс! Мен сіздердің мәдениеттеріңіздің бір бөлшегіне айналғаныма мақтанамын. Өзіммен бірге ән алып кетіп барамын!, – деді Гран-при иегері Винченцо Кантиелло (Италия).
Алты жыл ішінде фестиваль шын мәнінде халықаралық ауқымға шығып, түрлі елдің өнерпаздары 200-ден астам қазақ әні мен отандық композитордың шығармаларын орындап, қазақ музыкасын әлем сахналарына алып шықты.
Оған қоса, фестиваль Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның «Түркістан» атты концерттік бағдарламасымен ашылды. Осы күні шетелдік қонақтар «Саялы Сарыағаш» ансамблінің иммерсивті этно-шоуын тамашалап, ұлттық киімдер киіп көріп, қазақтың музыкалық аспаптарымен танысты.
– Роза Рымбаеваның әндерінде өстім – ол мен үшін әрқашан музыканың тазалығы мен қуатының символы болды. Түркістанда оны тірідей тыңдау – өмірімдегі ұмытылмас сәт. Сол кеште мен қазақ әні – тек әуен емес, халықтың жан-дүниесінің бір бөлшегі екенін түсіндім. Бұл рух маған өте жақын болды», – деді Тыва Республикасынан келген қатысушы Сайзанна Сюрүн, Тыва Республикасынан келген қатысушы.
Екінші күні дуэт кеші өтті: 17 елдің қатысушылары қазақ әндерін Қазақстанның танымал әртістерімен бірге орындады. Бұл – халықтар арасындағы музыкалық үнқатыс пен мәдени бірліктің айқын көрінісі болды.