Қазақстанда дәрігерлердің тапшылығы 20%-ға қысқарды.
254 дәрігер жалпы сомасы 2,1 миллиард теңгеден астам төлем алды
Фото: gov.kz
197
оқылды

2024 жылы Мемлекет басшысы медицина және фармацевтика қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Бұл мамандыққа деген сенімділікті және оның беделін арттырудың негізгі қадамы болды.

Медицина қызметкерлерін, әсіресе ауылдық елді мекендерге тарту және бекіту үшін мемлекеттік қолдау шараларының кешені іске асырылуда:

* әлеуметтік кепілдіктер беру;

* тұрғын үй жағдайын жақсарту;

* материалдық ынталандыру.

Осы шаралардың нәтижесінде, 2024 жылдың қорытындысы бойынша дәрігерлердің тапшылығы 3 986 бірлікті құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 20%-ға аз. Орташа медициналық персонал бойынша тапшылық 4 230,75 бірлікті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға төмендеді.

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, барлық ведомстволық мекемелерді қоса алғанда, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесінде шамамен 275 мың медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде:

* 83 мыңнан астам дәрігер;

* 191 мыңға жуық орта медициналық маман.

ОКҚ брифингінде Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша:

«Соңғы үш жылда біз медицина кадрлары санының өсуі бойынша тұрақты оң динамиканы байқап отырмыз: дәрігерлер саны 2%-ға, ал орта медицина қызметкерлері 0,5% өсті. Бүгінде Қазақстанда медициналық кадрлармен қамтамасыз ету ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткіштерінен асып түседі, бұл іске асырылып жатқан кадр саясатының тиімділігін растайды».

Заңның негізгі ережелері және іске асырылатын шаралар: 2024 жылдың қазан айынан бастап 186 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтыған кәсіби жауапкершілікті сақтандыру жүйесі енгізілді.

Ауылға 5 жыл және одан да көп мерзімге жұмысқа шығатын тапшы мамандықтардың дәрігерлеріне 100 ЕТЖ (8,5 млн теңге) мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді. Қазірдің өзінде 254 дәрігер жалпы сомасы 2,1 млрд теңгеден астам төлем алды. Денсаулық сақтау министрлігі кадрлық әлеуетті нығайтуға, медицина қызметкерлерін қорғауға және бүкіл денсаулық сақтау жүйесін орнықты дамытуға бағытталған кешенді реформаларды іске асыруды жалғастырады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.