Прокуратура органдары активтерді қайтару және оларды заңды экономикалық айналымға тарту бойынша жүйелі әрі дәйекті жұмыстарын жалғастыруда. Осы ретте елордада қайтарылған активтер есебінен Қ.Мұңайтпасов атындағы жаңа заманауи стадионның құрылысы жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл әлеуметтік нысанды 2026 жылдың ІІ тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.
Құрылыс аяқталғаннан кейін стадион аумағында футболды дамытуға басымдық беретін мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебі орналастырылады.
Мектеп 8 бен 18 жас аралығындағы 750 балаға есептелген.
«Жас спортшыларға жаттығу және жарыс процесіне қажетті барлық жағдайлар жасалады: жасанды жабыны бар заманауи футбол алаңы, киім ауыстыратын бөлмелер, жаттықтырушылар бөлмесі, медицина кабинеті және көрермендерге арналған трибуналар қарастырылады», – делінген хабарламада.
Аталған нысан спорттық даярлық сапасын арттыруға, жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға және болашақ кәсіби футболшыларды тәрбиелеуге бағытталған.
Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуы прокуратура органдарының ерекше бақылауында.