Президент журналистер қауымын Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен құттықтап, ұлттық медиа – халықтың үні, ал журналист жасампаздық жаршысы екенін атап өтті.
Ақпарат әлемінің темірқазығы
222
оқылды

– Сіздер мемлекет саясатын елге түсіндіріп, қоғам мен биліктің арасында көпір болып келесіздер. Елімізде жасалып жатқан реформалардың мән-мағынасын жұртшылыққа жеткізіп жүрсіздер. Бұл – өте маңызды, күрделі, ерекше жұмыс. Әрбір адамның қолынан келмейді. Мен бүгін бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары мемлекетімізде ауқымды өзгерістер жасалуда, маңызды бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Осыдан 3 жыл бұрын жалпыұлттық референдум арқылы Конституциямызды жаңғырттық. Мемлекеттің бүкіл саяси жүйесін өзгертетін тарихи қадамдар жасадық. Елімізде «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түсті. Өкілді биліктің құзыреті күшейді, атқарушы биліктің жауапкершілігі артты. Конституцияға сәйкес билік тармақтары түгел жаңғыртылды. Ауыл және аудан әкімдері тікелей сайлана бастады. Билікке саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатыр. Азаматтарымыз мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдау ісіне белсене араласатын болды. Қоғамда пікір алуандығы орнықты, яғни өз ойын заңға сәйкес айта алатын, көкірегі ояу, өркениетті қоғам орнығуда. Халқымыздың мүлде жаңа саяси болмысы қалыптасты. Заң мен тәртіп тұжырымдамасы қоғамымыздың сана-сезімінің ажырамас бөлігіне айналып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде озық ойлы ұлт болу қажет екенін, көш бастайтын елдер қатарында болуымыз керек екеніне тоқталды. «Бір ел болып, жұдырықтай жұмылсақ, бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Осы ортақ жұмысқа журналистер қауымы да зор үлес қосып жүр. Сіздерді реформаның қозғаушы күші деп айтуға болады. Түптеп келгенде, билік те, баспасөз де ел игілігіне қызмет етеді. Еліміздің мақсаты – биік, бағдары – айқын. Бұл – Әділетті, Қауіпсіз, Өркениетті және Таза Қазақстанды құру», – деді. 

Мемлекет басшысы қазір арқаны кеңге салатын уақыт емес екенін айта келе, әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық ахуал шиеленісе түскеніне тоқталды.

– Жаһандық қауіпсіздік жүйесі түбегейлі өзгеріп жатыр. Алпауыт елдердің текетіресі ушығып, кейбір аймақта қарулы қақтығыстар өршіп барады. Әлемдік аренада күрделі, бізге беймәлім, терең түсінуді қажет ететін үдерістер орын алуда. Негізінде, халықаралық құқыққа қатысты ұғымдар араласып кетті. Күштінің құқы дәріптеле бастады. Ғаламдық цифрлық трансформация бүкіл адамзатқа бұрын-соңды болмаған қиындықтар әкеледі. Әлем жаңа дәуірге қадам басты. Мұнда жасанды интеллект технологиялары мемлекеттің табысты дамуының басты факторына айналады. Алдағы іргелі өзгерістердің ауқымын білген жөн, – деді.

 Президенттің айтуынша, алмағайып, бұлыңғыр заманда, ең алдымен, ел бірлігін сақтап, басты байлығымыз – тұрақтылық пен тыныштықты бағалау қажет.

– Осы орайда, журналистерге айрықша сенім мен зор жауапкершілік жүктеледі. Міржақып Дулатов «Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті» деген. Шын мәнінде, сөз – аса қуатты қару. Бірауыз сөз араз елді тату қылады, тату елді араз етеді. Сондықтан сөз құдіретін терең түсініп, оның салмағын сезіне білу қажет. Қазіргі ақпарат тасқынында сенімді дерек, дәйекті талдау ұсынудың мән-мағынасы арта түсті. Журналистің ағартушылық миссиясы алдыңғы қатарға шықты. Кез келген ақпаратты мұқият елеп-екшеп, жұртқа дұрыс жол көрсету өте маңызды. Бұл ретте, сіздерді ақпарат әлемінің темірқазығы деуге болады. Мен журналистеріміздің әр мәліметті ұлт мүддесі тұрғысынан саралай аларына сенемін. Өйткені өзім көп оқимын, сіздер жазған мақалалармен, ой-пікірлермен таныспын. Қазір журналистеріміз түрлі салада жұмыс істеп жүр. Қаламгер әрі қайраткер азаматтарымыз аз емес. Ақпарат саласының өкілдері Парламент пен мәслихаттарда табысты еңбек етуде. Сондай-ақ жергілікті және орталық атқару органдарында қызмет етіп жүрген азаматтар бар. Бұл журналистің бесаспап мамандық иесі екенін анық көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы жыл сайынғы дәстүрге сай журналистерге Президент сыйлығы мен гранттарын тапсырып, алғысын жариялады. Сонымен қатар медиа саласының өкілдерін мемлекеттік наградамен марапаттады.

Марапатталғандар қатарында әріптестеріміз де бар: «Айқын-Литер» ЖШС директоры, медиасаланың майталманы Талғат Қырықбаев Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығына ие болса, Aiqyn газетінің бас редакторы Амангелді Құрметұлы «Құрмет» орденін иемденді.