«AMANAT» партиясы агросекторға құйылатын инвестиция көлемін арттыруды және қайта өңдеу саласын дамытуды көздейді.
Агросектордың мәселесі талқыланды
180
оқылды

Отандық аграрлық сектор өз инвести­циялық тартымдылығын дәлелдеді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы аграрлық сектордың мәселелері жөніндегі Республикалық кеңес отырысында Мәжіліс депутаты, Кеңес төрағасы Нұржан Әшім­бетов мәлімдеді. Жиында агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобалар, оларды қаржыландыру мен жүзеге асыру тетіктері, сондай-ақ өңдеу және өндіріс үлесін арттыру жолдары талқыланды.

Сөз басында Нұржан Әшімбетов бұл диалог – жай ғана статистикалық мәлімет алмасу емес, басымдықтарды бағамдап, саланың дамуына жүйелі серпін беруге бағытталған мүмкіндік екенін атап өтті.

«Аграрлық сектор өз инвестициялық тартымдылығын дәлелдегенін көріп отырмыз. Енді жүзеге асырылған әрбір жобаның – мейлі ол жылыжай, сүт ферма­сы немесе май сығатын зауыт болсын, толық қуатта жұмыс істеп, тұрақты нәтиже беруіне қол жеткізу қажет», – деді Кеңес төрағасы.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Халықаралық ынтымақтастық және инвестиция тарту департаменті дирек­торының орынбасары Нұрлан Серікжанның мәліметі бойынша, 2024 жылы жалпы құны 409 млрд теңгені құрайтын 311 жоба жоспарланды. Бұл жобалар аясында 4 мың жұмыс орнын құру көзделді. Осы­лайша, 280 млрд теңге сомасына 286 жоба жүзеге асырылды (68%). Олардың қата­рында: «Кронос Павлодар» сүт фермасы, «Алель» инкубаторы, «IL-TOV» және «Аруана-2010» кәсіпорындары, Түркі­с­тандағы банан жылыжайы, «ОРЦ Ақтау» логистикалық қоймасы және Қостанайдағы «Милх» ірімшік зауыты бар.

2025 жылы алғашқы төрт айда компа­ниялардың негізгі капиталына 211 миллиард теңге қаражат құйылды. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 117 пайызға көп. 2027 жылға дейін 23 мың жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 3,3 триллион теңгені құрайтын 677 ин­вестициялық жобаны жүзеге асыру жос­парлануда. Бүгінде 25 миллиард теңге сомасына 25 жоба пайдалануға берілді. Биылғы бастамалар қатарында – құны 42 миллиард теңгені құрайтын «ЭКО-мә­дениет» жылыжай кешені, инвестиция көлемі 26 миллиард теңгені құрайтын «Алтай Май» май зауыты, «Алтын Дала Мақта» компаниясы жүзеге асыратын 30 мың гектар алқапты тамшылатып суару жүйесі, «Примакус» құс фабрикасы, «Қазфилтек» жүн өңдеу зауыты және «Қаз Крахмал» жүгеріні терең өңдеу жобасы бар.

Нұржан Әшімбетов бюджет қаражатын уақытылы бекіту қажет екенін атап өтті. Инвестициялық төлқұжаттарды түзету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Оның айтуынша, «Ақтоғай Агро» компа­ниясының картоп чипсілерін өндіру жо­басы дайындығы мен маңызына қара­мастан, «көлемі жағынан жеткіліксіз» деген желеумен қабылданбай қалды, ал аз ауқымды бастамалар неғұрлым икемді критерийлер негізінде енгізілді. Осыған байланысты жобаларды іріктеу мен түзетудің бірыңғай әрі ашық тәсілін әзірлеу ұсынылды.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Аяпбергенов үш жыл ішінде агроөнер­кәсіптік кешенді қаржыландыру көлемі 77%-ға, яғни 464 млрд теңгеден 822 млрд теңгеге дейін өскенін мәлімдеді. Несие портфелі 1,7 трлн теңгені құрап, 76 мың қарыз алушы мен ауыл шаруашылығы өндірушілерінің 26%-ын қамтыды. 2025 жылы көктемде 465 млрд теңге қаржылан­дырылып, 7,5 млн гектар жер қамтылды.

Ол үш негізгі бағдарламаны ұсынды. Олардың қатарында «Кеңдала», «Агро­бизнес» және жастарға шағын несие беруді көздейтін «Іскер» бағдарламалары бар. Қайта өңдеушілерге арналған жылдық  мөлшерлемесі 5%-ды құрайтын бағдарлама жұмыс істеуде. Басты шарт – шикізатты жергілікті өнім өндірушілерден сатып алу. Сонымен қатар 12,6% жылдық мөл­шер­лемемен 15 млрд теңгеге дейін субсидия­сыз несие алу мүмкіндігі бар. Мұнда сүт шаруашылығы, жылыжай, мал азығын өндіру және суару жобаларына басымдық беріледі.

Жаңа бағдарлама шеңберінде 192 млрд теңге сомасына 53 инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталды. Оның 121 млрд теңгесі қарыз қаражаты есебінен қаржы­ландырылады деп жоспарлануда. Алайда оның жүзеге асырылуы «Бәйтерек» холдингі тарапынан қаржыландыруға және 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджеттің мақұлдануына тікелей бай­ланысты. Қаражат әлі бөлінген жоқ. Бұл өз кезегінде пул қатысушыларының алаң­даушылығын туғызуда. Қатысушылар аталған мәселенің маусым айының соңына дейін шешілетініне сенім білдірді.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Владимир Ли АӨК-те және өңдеу өнеркәсібінде жүзеге асырылып жатқан қаржы құралдары туралы ақпаратпен бөлісті. Оның айтуынша, банктің несиелік лимиті шамамен 7 млрд теңгені құрайды. «ҚДБ» АҚ мен АНК арасындағы жа­уап­кершілікті бөлу жұмысы бекітілді: АНК 15 млрд теңгеге дейінгі, ал ҚДБ осы сома­дан артық жобаларды сүйемелдейді. Айналым қаражатын қоса алғанда, экс­порттық қаржыландыру көлемі 1 млрд тең­геден басталады.