Мемлекет басшысы XI «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынын ашты.
Қуатты армия – тәуелсіздік тірегі
184
оқылды

Президент – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қол­басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев XI халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиы­ны­ның ашылу рәсіміне қатысты.

Биыл Қазақстан, Әзер­бай­жан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің әскери-патриоттық қозға­лы­с­та­рына мүше 800-ге жуық жастың басын қосқан іс-шара Ақтөбе об­лысында ұйымдастырылып отыр. Слет қос атаулы датаға – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына жә­не қазақ халқының батыр қы­зы Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына арналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев бар­ша қатысушыларды «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиы­ны­ның ашылуымен құттықтап, бұл жас өрендеріміздің рухын шың­дайтын өте маңызды іс-шара екеніне назар аударды.

– Биыл «Айбын» жиыны қа­зақ­тың қайсар қызы, Кеңес Ода­ғының Батыры Әлия Мол­да­ғұлова­ның туғанына 100 жыл толуына арналып отыр. Ержүрек мерген қыздың ерлігі халқы­мыз­дың және достас елдердің та­ри­хына алтын әріппен жазылған. Қа­зақтың қаршадай қызы со­ғыс­қа аттанып, бірден қан май­дан­ның ортасына түсті. Ол сұрапыл шай­қастарда теңдессіз ерлік пен Отан алдындағы парызға адал­дық үлгісін көрсетті. Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Бұл – біздің ел­дерімізге ортақ тарихи мереке. Ұлы Жеңіс күнін атап өту – ба­тыр бабалардың рухына тағзым ету, олардың ерлігін жадымызда жаңғырту деген сөз. Қазақстан үшін мұның мән-мағынасы ай­рық­ша. Халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты, азаттық пен әділ­дік үшін аянбай күресті. Қа­зақ­станнан 1 миллион 200 мың азамат майданға аттанды, оның тең жартысы ерлікпен қаза тап­ты. Мыңдаған адам далада, зауыт­тар мен фабрикаларда еңбек етіп, май­данға азық-түлік, қару-жа­рақ және оқ-дәрі жіберді. Біз даңқ­ты ерлеріміз бен тыл еңбек­кер­лерін ешқашан ұмытпаймыз, олар­дың есімін мәңгі есте сақ­тай­мыз. Батырларымыз жер-жаһан­дағы бейбітшілік пен ты­ныш­тық үшін аса ауыр сы­нақ­тар­ды еңсерді, – деді Мемлекет бас­шысы.

Президенттің айтуынша, қа­зіргі құбылмалы, бұлыңғыр за­ман­да біз осы тарихи ақиқатқа адал болуымыз керек, зұлмат со­ғыстың қасіретті сабағын ұмыт­­пауы­мыз қажет.

– Жастар бейбіт заманның қа­дірін түсінуге тиіс. Жыл өткен сайын жаһандық шиеленістер өр­шіп, мемлекеттер арасында қақ­тығыстар жиілегенін көріп отыр­сыздар. Қазіргі аса күрделі уа­қытта елдеріміз арасындағы тү­сіністік, өзара сенім мен ке­лі­сім өте маңызды рөл атқарады. Бү­гінгі жарыстар біздің шет­ел­дермен көпжақты байланыс­та­ры­мызды кеңейтуге үлес қосады, – де­ді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әскер қа­­тарында болу абыройлы мін­дет екенін атап өтіп, еліміз өс­ке­лең ұрпақтың әскери-патриот­тық тәрбиесіне баса мән береті­нін жеткізді.

– Қуатты Армия – тәуелсіздік ті­регі, қарқынды даму кепілі. Бү­гін сапта тұрған сарбаздар – на­ғыз отаншыл, батыл, мықты аза­маттар. Қазақстан Армия­сы­ның келешегі сіздердің қолда­рыңыз­да! Әділетті және Қауіпсіз Қа­зақстанды құратын да – Сіз­дер. Мен Жоғарғы Бас қолбасшы ре­тінде еліміздің білімді, адал, озық жастарына сенемін! Алдағы күндері сіздердің қаншалықты күш­ті әрі епті екендеріңіз сы­на­лады. Әскери қызметтің қандай бо­латынын сезініп, заманауи ар­мияның озық тех­нология­ларымен таны­сасыздар. Нағыз жауынгер табанды еңбек, қатаң тәртіп пен жауапкершілік қана жеңіске жеткізетінін біледі. Так­тикалық ойындар кезінде сіз­дерге батылдық пен шешім­тал­дық қажет болады. Командамен ұйымдаса әрекет ету, бір-біріңе кө­мектесу талап етіледі. Бүгін осы жиында Қазақстанның на­мы­сын «Жас сарбаз» әскери-пат­риоттық қозғалысының ең үз­дік мүшелері қорғайды. Жас­та­рымыз жарысқа лайықты дең­гей­де қатысып қана қоймай, өз­дерін осы елдің қонақжай әрі кең­пейіл иесі ретінде көрсете­ті­ніне сенімдімін. Осы жиыннан жа­ңа дағды үйреніп, адал дос тауып, керемет әсермен оралу­ла­рыңызға тілектеспін. Бар­шаңыз­ға сәттілік тілеймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын аясында балалар мен жа­сөспірімдер «Айбын дарыны» ин­телектуалдық ойынына,  Smart Sarbaz технологиялық кон­курсына және «Айбын» жұл­дызы шығармашылық сайысына қатысады. Пневматикалық мыл­тықтан ату, Калашников авто­ма­тын шашып, қайта жинаудан жа­рысады. Сондай-ақ бағдар­ла­мада спорттық сайыстар, «Күші­міз бірлікте» әскери-тактикалық ойыны бар. Кешқұрым жастар алау басында патриоттық әндер орындайды.

Ресми ашылу салтанатынан кейін Мемлекет басшысына Қор­ғаныс министрі, авиация ге­нерал-лейтенанты Дәурен Қо­санов FPV-дрон операторларын даярлайтын инновациялық оқу-жаттығу кешені мен ұшқыштарға арналған заманауи жаттығу си­муляторларын таныстырды.

Одан кейін Президент Smart sarbaz жас робот техниктері үйірмесінің жұмысымен таныс­ты. Сондай-ақ балалардың «Жас сар­баз» әскери-патриоттық үр­ме­лі аспаптар оркестерінің орын­­дауындағы музыкалық шы­ғар­ма­ны тыңдады.