Биылғы жылға толықтай талдау жүргізген Ақмола облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы аңшылық шаруашылықтар мен қорықтардағы ахуалдың жай-жапсарын баян етті.
Браконьерлікпен кім күреседі?
499
оқылды

 Ведомствоның мәліметінше, аймақта жалпы аң аулайтын жерлердің аумағы 12 миллион 343 мың гектардан астам алып аумақты қамтыған. Оның ішінде, 12 миллион 114 мың гектарында 161 аңшылық шаруашылықтары орын тепкен. Жалпы, 10 миллион 278 мың гектар алқапта орналасқан орманды аймақтарда 139 аңшылық шаруашылықтары нақтылы түрде қызметтерін жүзеге асырып отыр. Олар 82 заңды және жеке тұлғалардың меншігіне алыныпты.

Дегенмен аңшылық шаруашылықтармен әлі күнге игерілмеген жерлердің де көлемі аса үлкен аумақты алып жатқан болып шықты. Ведомствоның ұсынған деректеріне жүгінсек, қазір облыс аумағында резервтік қордағы 22 бекітілмеген аң аулайтын жерде жалпы көлемі 1 миллион 836 мың гектар алқап бар екені анық­талған.  Жалпы облыс бойынша 1,8 мил­лион гектардан астам жер ешкімге берілмей мемлекеттік резервке қойылғаны мәлім болды. 

Киіктер саны көбейген

Соңғы жылдары қазақтың сайын даласын еркін кезетін ерке жануар –киіктердің саны күрт азайып экологтар дабыл қаққан еді. Де­ген­мен соңғы бірнеше жыл ішінде ғана кері­сінше киік­тердің саны бұрынғыдан қарағанда еселеп өсе бастаған. Сала мамандары өңірде киіктер саны­ның бұрнағы жылдармен салыс­тырғанда айтар­лықтай артқанымен, аң-құсқа браконьер­лік ша­буыл деректерінің де күн санап көбейіп кеткенін алға тартады. Облы­стық орман шаруа­шылығы және жануарлар әлемі аумақтық инс­пекциясының дерегінше, биыл облыс аумағында киіктердің болжамды жалпы саны 100-105 мың басқа дейін жетіп жығылған.

– Биылғы сәуір айында ұшақпен киік­тердің санын әуекеңістігінде есептеу кезінде 21 647 киік көзге шалынды. Жалпы, өңірде 23 мау­сымдағы жағдай бойынша шамамен киік­тердің саны 100 мыңнан асып 105 мыңға жуық­тап қалғаны белгілі болып отыр.  Қазір аңшы­лық шаруашылықтары заң аясында қайта тір­кеу­ден өтіп жатыр. Жыл басынан бері бір­неше аңшылық шаруашылықтар жаңа иелеріне он жыл мерзімге қайта бекітіліп берілді. Атап айтқанда, «Степное» аңшылық шаруашылығы «Фламинго-НС» ЖШС-на, «Дударай» аңшы­лық шаруашылығы «Алтын-Қасқыр» ЖШС-на, «Атбасарское» аңшылық шаруашылығы «Ас­та­на қаласы және Ақмола облысы аңшы­лары мен балықшылары қоғамы» қоғамдық бірлестігіне он жыл мерзімге қайта бекітілді, – дейді Ақмола облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция­сының басшысы Лашынтай Дүйсенов. 

Сала мамандары киік санының өсімін табиғатты қорғау жұмыстары мен аңшылыққа шектеу қоюдың оң нәтижесі деп бағалайтынын жасырмады. Өйткені сайын даланың еркін жануары – киіктер бірінші кезекте экожүйенің тепе-теңдігінің маңызды буыны екені айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ киіктер Қазақстанның символына айналған айрықша жануарлардың бірі болып саналады. 

Заңды белден басқандар жауапсыз қалмады

Тәртіп пен талап қатал болғанымен заңды өрескел түрде бұзып, аң аулағандар Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес әкімшілік жазаға да тартылған. Ведомствоның мәліметін­ше, тек жыл басынан бері ғана 13 әкімшілік материал жасалып, жалпы сомасы 137 020 тең­ге сомасына айыппұл салынған. Қазірге дейін барлық айыппұл толығымен өндірілген. Ведомство дерегінше, әкімшілік құқықбұзушы­лық­тар бойынша мемлекетке келтірілген шы­ғынның жалпы көлемі 176 940 теңгені құраған.

– Жалпы жыл басынан бері инспекция қызметкерлері жануарлар дүниесі саласындағы заңнамалардың сақталуына қатысты 228 мәрте рейд шараларын ұйымдастырды. Жүргізілген нақты жедел әрекеттердің нәтижесінде 176 мың 940 теңге айыппұл өндіріліп алынды. Құ­қықбұзушылықтардың арасында заңсыз аң аулау, рұқсатсыз жануарларды ұстау, тіркел­меген тасбақаларды заңсыз сақтау сияқты факті­лер анықталды, – дейді ведомство басшысы. 

Аумақтық инспекция әкімшілік құқық­бұзушылықтармен қатар аймақта браконьер­лермен қылмыстық істердің де азаймай кері­сінше көбейіп кеткенін мәлім етті. Тек жыл басы­нан бері ғана облыс аумағында алты бір­дей қылмыстық іс қозғалған болып шықты. Бра­конь­ерлікпен айналысқандардың кейбірі бас бостандығынан айырылса, енді біреулері миллиондап айыппұл төлеген. Мәселен, Зе­рен­ді ауданында үш бас елік атып алған үш жігіт ауыл­ға жеткізбек болған жерінен қолға түскен. Тергеу барысында олардың бірі осыған дейін сотталған адам болып шықты. Бұл іске Көкшетау мемлекеттік ұлттық паркі зардап шегуші ретінде танылып, заңсыз аң аулағандар­дан 2,9 миллион теңге сомасында өтемақы өндірілген. 

Сондай-ақ Сарыарқа ауданында техника­лық қызмет көрсету стансасында заңсыз ұстал­ғ­ан арыстанның аланы табылып, бұл оқи­ға  әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп үлкен қоғамдық резонанс тудырған. Астана қа­ласы Сарыарқа аудандық полиция басқарма­сымен тіркелген қылмыстық іс бойынша күдік­тілер анықталып, қазір оларға қатысты тергеу амал­дары жалғасып жатыр. 

Табиғаттың «тағдыры» – әрбір азаматтың қолында

Өңірде жануарлар әлемін қорғау және қамқорлық көрсету бағытында жұмыстар жүйе­лі түрде жүргізіліп келеді. Бұл орайда тек мем­ле­кеттік органдар мен инспекторлардың ғана күшімен табиғатты толықтай қорғау мүмкін еместігі айқын сезіліп тұр. 

P.S. Әрбір адам табиғаттың бір бөлшегі болғандықтан бұл мәселе де жалпы қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін естен шығармаған жөн. Киіктердің көбеюі – экологиялық жағынан дұрыс бағытта келе жатқанымыздың айқын көрінісі. Дегенмен олардың егін алқаптарын таптап кетуі сияқты өзекті мәселелер тағы бар. Сондықтан табиғаттың да залал шекпей, егіншілердің де астықсыз қалмауына ықпал ететіндей шараның жасалғаны жөн. Әрбір аңға оқ ату, жануарларды рұқсатсыз ұстаудың баршамызға ортақ – табиғатқа қарсы қылмыс екенін ұмытпасақ екен. Өйткені бүгінгі жануарлар әлемі мен қоршаған орта ертеңгі ұрпақтың өмірі мен болашағы үшін аса маңызды... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы