Түркістан облысының қоғамдық-саяси дамуында соңғы жылдары айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Облыста ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын басқару бағытындағы жұмыстар өңірдің жалпы қоғамдық-саяси дамуымен де тығыз байланысты.
Тұрақты даму тұғыры
220
оқылды

 Соңғы жылдары облыста жүйелі басқару, ашықтық пен тиімді диалог принциптері орнығы әкімп, қоғамдық-саяси өмірде айтарлықтай ілгерілеу байқалуда. Бұл халықтың мәселесіне жедел ден қою, стратегиялық бастамаларды жүзеге асыруда үлкен рөл атқаруда. Облыс әкімдігі мен жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы мамандардың бірлескен жұмысы ел Президенті қойған міндеттерге сай, Түркістанды тұрақты әрі дамыған өңірге айналдыру жолындағы нақты қадамдардың көрінісі саналады.

Түркістан облысында биылғы егіс науқаны бұрынғы жылдармен салыстыр­ғанда ауқымды түрде жүргізілуде. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұраш­бековт­ің мәліметінше, 2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 890 мың гек­тар­ға орналастырылған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 17 мың гектарға артық. Мұндай өсім, ең алдымен, өңірдегі егістікті әртараптандырудың нәтижесі екені атап өтілді.

Атап айтқанда, мақта алқабы 35 мың гектарға, дәнді дақылдар 11 мың гектарға, майлы дақылдар 2,4 мың гектарға ұлғай­ған. Ал керісінше, бақша өнімдері мен мал азықтық дақылдарының көлемі тиі­сін­ше 9 және 10 мың гектарға қысқартыл­ған. Егістік жерлердің ішінде 552 мың гектары суармалы алқаптар.

Вегетациялық маусым дәстүрлі дең­гейде басталғанымен, табиғи климат жағ­дайларына байланысты облыста ағын су тапшылығы туындау қаупі жоғары. Облыстың жылдық су қажеттілігі 

4,8 млрд текше метр болса, нақты жеткізілім көлемі оның 70 пайызына, яғни 3,4 млрд м³-ке жуық деңгейде болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде бірқатар қиындықтарға алып келуі ықтимал.

Ағын судың негізгі көздері ретінде Сырдария, Арыс, Келес өзендері мен Қаратау бөктеріндегі су арналары санала­ды. Биылғы жылы ауа райының аса құр­ғақ, жауын-шашынсыз өтуі – бұл су көз­дерінің толыққанды жұмыс істеуіне әсер етіп отыр.

Су тапшылығына жол бермеу мақсат­ын­да облыс әкімдігі тарапынан нақты қадамдар жасалуда. Ағын су шаруаларға кезекпен, келісілген кесте бойынша берілу­де. Әр аудан мен ауыл округтеріндегі шаруашылықтардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, су реттеу жұмыстары ұйымдастырылған.

Ағын суды тиімді басқару және шы­ғын­ды азайту бағытында су қоймаларын салу жобалары қолға алынуда. Қазірдің өзінде «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймаларының құрылысы бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Олардың қатар­ын­дағы «Бәйдібек ата» су қоймасының жалпы сыйымдылығы – 68 млн м³. Құ­рылысқа республикалық, облыстық және Ұлттық қор есебінен 7,3 млрд теңге бөлініп, биылғы жылы қосымша 3 млрд теңге қарастырылған. Жобаның толық аяқталуы 2026 жылға дейін жоспарланып отыр.

Ал сыйымдылығы 45 млн м³ болатын «Боралдай» су қоймасына қатысты жоба-сметалық құжаттамалар дайындалып, 2025 жылдың соңына қарай мемлекеттік сараптама қорытындысы алынбақ. Бұл жоба Ислам даму банкінің қаржылан­дыруы­мен жүзеге аспақ. Жоба іске асқан­да, облыстың негізгі су қоймасы санала­тын «Бөгенге» қосымша 113 млн м³ ағын су тарту мүмкіндігі туындайды.

«Басты талап су үнемдеу», – дейді Нұрбол Әбсаттарұлы баспасөз өкілдері­мен кездесу барысында. Климаттың жылынуы мен су ресурстарының азаюы­на байланысты су үнемдеу технологиялар­ын енгізу – уақыт талабы. Түркістан облы­­сында 2025 жылы су үнемдеу техно­ло­гия­лары 59 мың гектарға енгізіледі деп жоспарланған. Бүгінде бұл көрсеткіштің 46 мың гектары нақты жүзеге асқан: 7 мың гектарға тамшылатып суару, 7 мың гектарға жаңбырлатып суару және 32 мың гектарға қытайлық «Лихуа» жүйе­сі ендірілген.

Сонымен қатар суару инфрақұры­лымын жаңғырту мақсатында бірқатар халықаралық жоба атқарылуда. Ис­лам даму банкі мен басқа да қаржы ұйым­дарының көмегімен су арналары жөн­деліп, тиімділігі арттырылуда.

«Облыстағы 25 су қоймасы, 1 су рет­тегіш және 269 канал (жалпы ұзындығы 4265 шақырым) күрделі жөндеуден өтеді. Бұл өз кезегінде су инфрақұрылым­дары­ның тозу деңгейін 76 пайыздан 50 пай­ызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Жөнделген жүйелер арқылы 400 мың гектарға дейінгі суармалы жерлерге су жеткізу мүмкіндігі жақсарып, нәтиже­сінде жыл сайын 200 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілмек» , – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Облыстың жылдық су пайдалану лимитінің 63 пайызы көрші елдердің – Өзбекстан мен Қырғызстанның аумағын­дағы су көздерінен келеді. Сол себепті транс­шекаралық өзендердің суын тиімді әрі әділетті бөлу – маңызды стратегиялық мәселе. Қазір «Достық» каналы арқылы Жетісай мен Мақтаарал аудандарына 28,6 м³/сек су келуде. Бұл өткен жылғы көлем­мен салыстырғанда 10 м³/сек-ке кем. Сондай-ақ «Зах», «Ханым», «Үлкен Келес» арналары арқылы Сарыағаш, Келес, Қазығұрт аудандары 48,6 м³/сек су алуда. Бұл да былтырғы жылғы кезең­мен салыстырғанда азайған.

Брифингте «Шардара» су қоймасы­ның алаңдатарлық жағдайдада екені ай­тыл­ды. Қазір қоймада 2,3 млрд м³ су бар – бұл былтырғы көрсеткіштен    45 пайызға аз. Су келуі де баяулаған: 2024 жылы 137 м³/сек болған болса, биыл 124 м³/сек. Осыған орай, Қазақстан мен Өз­бекстан арасында жасалған келісімдер­ге сәйкес, Сырдария арқылы орташа есеп­пен 150 м³/сек су босату мәселесі ше­шімін тапқан. 

Су тапшылығы мәселесі тек Түркістан өңірінің ғана емес, бүкіл елдің, тіпті жа­һан­дық деңгейдегі проблемаға айналуда. Облыс басшылығы бұл күрделі мәселені шешу үшін нақты жобалар мен жүйелі жұмыстарды қолға алған. Алдағы жыл­дары су үнемдеу технологиялары мен жаңа су қоймалары ауыл шаруашылы­ғы­ның тұрақты дамуының негізіне айнал­мақ.

Назгүл НАЗАРБЕК, Түркістан облысы