«Бүкіл қоғамды алаңдатып отырған ең қауіпті үрдіс: жастар нашақорлыққа үйір бола бастады. Бұл – үлкен қатер, оны жасырмауымыз керек», – деді Президент.
Жаңа ғасырда есірткінің түрі ғана емес, бет-бейнесі де өзгерді. Бұрын көбіне героин мен марихуана таралса, қазір олардың орнын спайс, тұз, мефедрон сияқты синтетикалық заттар басты. Бұл заттардың қауіптілігі өте жоғары. Олар өте улы. Тіпті, аз ғана мөлшерінің өзі миға ауыр зақым келтіріп, адамның жүйке жүйесін бұзады. Қолданған адамда паранойя, галлюцинация, ашушаңдық сияқты белгілер байқалады. Ең қорқыныштысы – кей жағдайда бір рет қолданудың өзі тәуелділікке әкелуі мүмкін.
Синтетикалық есірткілерді дайындау үшін үлкен зауыт қажет емес. Оларды кез келген жертөледе немесе жалдамалы пәтерде дайындауға болады. Көп жағдайда синтетикалық есірткі заңмен тыйым салынған заттар тізімінде болмайды. Сондықтан олардың таралуы мен қолданылуын құқық қорғау органдары кеш анықтап жатады. Ал сату интернет арқылы жүретіндіктен, жастар үшін бұрын-соңды болмаған қолжетімділікке ие.
Қазақстанда бұл проблеманың әсіресе жастар мен жасөспірімдер арасындағы өзектілігі арта түсті. Себебі дәл осы әлеуметтік топ есірткі сатушылардың басты нысанасына айналған. Бұл мақалада жастар арасындағы есірткі саудасының қазіргі ахуалы, цифрлық кеңістіктегі таралу тетіктері мен құқық қорғау органдарының осы бағыттағы іс-шаралары сараптап көрсек...
Ішкі істер министрлігінің «Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі төрағаның орынбасары Қуандық Жәнібекұлының айтуынша, есірткі саудасының цифрлық кеңістіктегі таралуы жыл өткен сайын күрделене түскен.
«Соңғы жылдары синтетикалық есірткілер – спайс, тұз, мефедрон секілді заттардың жастар арасында қарқынды таралып жатқанын байқау қиын емес. Олар табиғи есірткіге қарағанда әлдеқайда арзан, көлемі шағын әрі тарату тәсілі өте агрессивті.
2025 жылдың алғашқы бес айының өзінде елімізде 3 320 есірткіге қатысты қылмыс тіркелді. Оның ішінде 991 сату дерегі анықталды, 165 жағдай аса ірі көлемде сақтау фактісі ретінде тіркелді. Жалпы көлемі 4 080 келі есірткі тәркіленді, оның ішінде 476 келісі – синтетикалық препараттар. Сонымен қатар 95 нарколаборатория жойылды, оның 9-ы синтетика өндірумен айналысқан. Бұл – проблема ауқымының барған сайын кеңейіп келе жатқанын көрсетеді», – деді Қ.Жәнібекұлы.
Бұл статистика тек сандар жиынтығы емес – бұл жастар өмірін талқандаудың төте жолы. Бүгінде дәстүрлі көше арқылы есірткі сату сиреп, оның орнын толығымен цифрлық жүйе басты. Telegram мессенджері, даркнеттегі форумдар мен криптовалюта төлемдері арқылы есірткі саудасы ешқандай тікелей байланыссыз жүзеге асады.
Алдымен сатып алушы арнайы анонимді ботқа жазылады. Сол жерде әртүрлі есірткі түрлері мен бағалары көрсетіледі. Қажетті затты таңдап алады да, төлемді криптовалюта немесе электронды әмиян арқылы жүргізеді. Төлем сәтті аяқталған соң, сатушы (немесе «закладчик») есірткі жасырылған жердің координаттарын жібереді. Сатып алушы сол мекенжайға барып, затты алып кетеді. Осылайша, сатушы мен сатып алушы бір-бірімен кездеспейді. Барлығы интернет арқылы жасырын түрде атқарылады. Бұл жүйеде де қарапайым маркетингтік стратегиялар қолданылады. Яғни, пікірлер, рейтинг жүйесі, жеңілдіктер – тұтынушы сенімін арттыру үшін барлық құрал қарастырылған.
Ең күрделі әрі қауіпті мәселе – жастардың өзі есірткі тұтынушыдан, есірткі таратушыға айналуы. «Закладчик» – бұл есірткіні белгіленген орындарға жасырын қалдырушы. Мұндай рөлге көбіне жұмыссыз жастар немесе оңай табысқа қызығатын студенттер тартылып жатады. Әлеуметтік желілерде «курьер», «логист», «жеке көмекші» деген атпен ұсынылатын жұмыс жарнамалары көбіне осы желімен байланысты болады.
Ал құқық қорғау органдары «закладчиктерді» оңай тұзаққа түсіреді. Себебі олар есірткіні физикалық түрде белгілі бір жерге апарып, жасырып, қылмыс орнында тікелей әрекет етеді. Қалалық бейнебақылау камералары, GPS белгілері және кей жағдайларда дрондар арқылы олардың қозғалысы бақыланады. Сонымен қатар «закладчиктер» – тарату желісіндегі ең әлсіз әрі тез ауыстырылатын буын. Ұйымдастырушылар оларды оңай құрбан етіп, орнына жаңасын табады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде есірткіге қатысты бірнеше баптар қарастырылған. Нақтырақ айтсақ, 440-бапқа сәйкес, қоғамдық орында есірткі қолданған адамға айыппұл салынады немесе ол 10 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін. Ал егер есірткі адамда сақталған болса, бұл 296-баппен қаралып, айыппұл салу немесе бас бостандығын шектеу жазасы қолданылады. Ең ауыр жаза – есірткіні сату немесе тарату жағдайларында беріледі. Мұндай әрекеттер 297-баппен қаралып, 5 жылдан 15 жылға дейінгі түрме жазасына, ал ауырлататын жағдайларда өмір бойына бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін. Жасөспірімдерге қатысты жаза жеңілдетілуі мүмкін, бірақ бұл қылмыстың салмағын жеңілдетпейді.
Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысымен күресте «алдын алу – басты мақсат, жазалау – соңғы амал» деген қағиданы ұстануда. Сонымен қатар есірткі саудасына қарсы күрес шеңберінде цифрлық іздерді сараптау, камералар желісін қолдану, кинологиялық топтар мен кибербөлімдердің жұмысын күшейтуде. Ең басты жаңалықтың бірі – жасанды интеллектті қолдану. Ол Telegram, форумдар мен даркнеттегі күмәнді әрекеттерді автоматты түрде анықтауға көмектеседі. Бұл – күдікті әрекеттерді ертерек байқап, оған дер кезінде жауап беру мүмкіндігін арттырады.
ІІМ киберқылмыспен күресетін бөлімшелердің де жұмысын күшейтіп, осы саладағы мамандарды арнайы оқытып жатыр. Бұл – заманауи қауіптерге төтеп беру үшін қажет. Сондай-ақ халықаралық деңгейде де ынтымақтастық артып келеді. Қазақстан Интерполмен, Ресей, Өзбекстан, Қытай секілді көрші елдермен бірлесіп операциялар жүргізуде. Мұндай серіктестік трансшекаралық есірткі тасымалын бақылауға мүмкіндік береді
Құқық қорғау органдары тұрақты түрде рейдтер жүргізіп, күдікті тұлғалармен профилактикалық әңгімелер өткізеді. Жастармен жұмыс істейтін түрлі мемлекеттік құрылымдармен бірлесе отырып, кеңауқымды алдын алу шараларын іске асырып келеді. Бұған қоса, интернет кеңістігінде де түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бейнероликтер мен ақпараттық парақшалар арқылы жастарға әсер ету көзделген. ІІМ жанынан кеңесші топтар құрылып, оларға қоғам қайраткерлері, спортшылар, блогерлер тартылуда. Олар жастармен тікелей офлайн және онлайн кездесулер өткізеді. Осы шаралар ІІМ-нің есірткі саудасымен күресте тек салдарына емес, себептеріне де әсер етуге ұмтылып отырғанын көрсетеді. Яғни, қылмысты болдырмай тұрып алдын алу – басты мақсат.
Қазір есірткі таратушылар да, олармен күресетін құқық қорғаушылар да интернетті тиімді пайдаланып отыр. Бірақ бұл күресте нәтижеге жету үшін барлық тараптар – ата-аналар, мектеп, мемлекет және қоғам бірлесе әрекет етуі керек.
Ақбота Мұхтар, ЕҰУ-дың 2-курс студенті