Мәжілістегі VIII шақырылымының III сессиясында атқарылған жұмыс кеше «AMANAT» партиясы фракциясының жиынында қорытындыланды. Депутаттар «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдар­ламасының жүзеге асырылу барысын, сондай-ақ халық қалаулыларының сайлаушылармен кездесу мақсатындағы өңірлерге алдағы сапарына дайындық мәселелерін талқылады.
«AMANAT» партиясы  62 заңға бастамашылық етті
183
оқылды

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төр­ағасы Ерлан Қошанов атап өт­кен­дей, өткен сессияда фракция мүшелері 62 заңға бастамашы­лық етті. VIII шақырылымда заң жобаларына барлығы 5 300-ден астам өзгертулер мен түзетулер енгізілді. Мәжілістің жалпы оты­р­ыс­тарында 626 депутаттық сауал жолданды. Бұдан бөлек, бюджет­ті әрбір бекіту кезінде депутаттар өңірлерде инфра­құры­лымдық жобаларды жүзеге асыру үшін 1,5 триллион теңгеге дейін түзетулер енгізілуіне қол жеткізді. Осылай­ша, нақты сай­лауалды уәделер қаржымен қам­тамасыз етілуде.

«AMANAT» партиясы Әділ­ет­ті Қазақстанды құру жолын­дағы реформаларды жүйелі жүзеге асыруда. Осы үшін біз Мем­лекет басшысының баста­ма­­ларына заңнамалық қолдау көрсетіп келеміз. Оның барлығы экономика өсімін қамтамасыз етуге және қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағыт­тал­ған. Жалпы, Мәжілісте қабыл­дан­ған әрбір заң «AMANAT» фракциясы депут­аттарының белсенді атсалы­суымен әзірленді деуге бола­ды», – деді ол.

Мәжіліс Спикері депутаттар заң шығару жұмысы барысында мемлекеттің халық алдындағы әлеу­меттік міндеттемелерін ор­ын­дауына, оның ішінде ауыл­дар­ды ауызсумен қамтамасыз ету, әлеуметтік медициналық сақ­­тан­дыру жүйесін реформалау, тұрғын үй қатынасын жетілдіруге баса назар аударғанын атап өтті. Бұған қоса, жаңадан Бюджет, Су және Салық кодекстері қабыл­данды.

Ерлан Қошанов азаматтар­дың нақты мәселелерін шешуге ба­ғыт­­талған партиялық жоба­лар­ды жүзеге асыруға ерекше назар аудар­ды. Атап айтқанда, «Жер аманаты» комиссиясы 12,5 мил­лион гектар жерді мемлекет мен­шігіне қайтарды. Қарыз қамы­тын киген 500 мыңнан астам адамға «Қарызсыз қоғам» жобасы ая­сын­да көмек көрсетіл­ді. Мемле­кет басшысының тап­сырмасы бойынша, бұл жоба жалпыұлттық сипатқа ие болды. 2000-ға жуық әкім «Әкімдер мектебі» арнайы жобасы аясын­да оқудан өтті. Пар­тияның осы және өзге де бастамалары қо­ғамда кең қолдау тапты. Партия Төрағасы атап өткендей, депутаттар мұның бәрін аза­мат­тарға белсенді түрде түсіндіруге тиіс.

Мәжілістегі «AMANAT» пар­тиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Павел Казанцев былтыр партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жол картасы пункт­тері­нің үштен екісі орындал­ғанын атап өтті. Мәселен, аза­мат­тық қызметшілердің же­ке­­ле­­ген санат­тарының жала­қысы 20%-ға өсті, медианалық табыс­тан ке­дей­лік шегін анықтау үшін жаңа есептеу жүйесі енгізілді, Қара­ғанды облысында кеншілер мен металлургтер үшін жеңіл­дік­пен берілетін ипоте­каның ар­найы бағдарламасы іске қосыл­ды, Батыс Қазақстан облы­сын­дағы 70 шалғай елді мекенге интернет тартылды және т.б.

Мәжіліс Спикері фракция деп­ут­аттарына шекара маңын­дағы аудандарды, саяжай кооп­еративтерін дамыту мәсе­лелері бойынша заң жобаларын әзірлеу жұмысын жеделдетуді тапсырды. Олар келесі сессияда Мәжіліске енгізіледі.

Сонымен қатар ауылдық аумақтарды кешенді дамытуға, ауылдық жерлердегі білім беру, денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуға және инклюзивті ортаны қамтамасыз етуге бағыт­талған Baquatty audan пилоттық жобасының тәжірибесін бір­қатар ауданда тарату жос­пар­лануда. Сондай-ақ депутат­тар жастар жұмыссыздығы мәселе­сін шешу бойынша жеке жоба әзірлеуге ниетті. Бұл – әсіресе Жұмысшы мамандық­тары жылы өте өзекті.

Жиын соңында Мәжіліс Спикері өңірлерге алдағы сапар кезінде депутаттарға жүктелетін бірқатар міндетті айқындады. Сапар барысында депутаттар өндірістік және әлеуметтік ны­сан­дарды аралап, еңбек ұжым­дарымен кездеседі. Сондай-ақ азаматтардың жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізеді. Шалғайдағы елді мекендерге ерекше назар аударылады. Халық қалаулылары жаңадан қабылданған заңдардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін және олардың жергілікті жерде тұрғындар сұранысына қанша­лықты жауап беретінін зерттейді. Сондай-ақ депутаттар жаңадан қабылданған заңдар туралы айтып, азаматтар көтерген ма­ңыз­ды мәселелермен танысады. Болашақта депутаттар сапар барысында жиналған барлық ақпаратты заң шығару жұмысы кезінде пайдаланады.