Жиында «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының өңірде орындалу барысы мен Жамбыл облысындағы елді мекендерді газдандыру жұмысы қаралды. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов баяндама жасады.
Басқарма басшысының мәліметінше, облыс аумағында жалпы ұзындығы 7,4 мың шақырым болатын газ құбырлары бар. 357 елді мекеннің 274-і бүгінде табиғи газбен қамтылған. Атап айтқанда, Тараз қаласы мен Байзақ ауданы 100% газдандырылса, Меркі, Жамбыл, Т.Рысқұлов және Жуалы аудандарының көрсеткіші 97%-дан жоғары. Талас – 84,5%, Шу – 78%, Сарысу – 4,6% деңгейінде. Мойынқұм ауданында газдандыру жұмысы 2024 жылы басталды.
Жалпы, облысты 100% газбен қамту 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 2024 жылы 10,5 млрд теңгеге 38 елді мекенге газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін тағы 3 елді мекенге көгілдір отын жеткізу жоспарланған.
Кеңес мүшелері Сарысу мен Мойынқұм ауданындағы газдандыру қарқынына алаңдаушылық білдіріп, нақты сұрақтар қойды. Басқарма тарапынан бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны және алдағы жылдары кезең-кезеңімен шешілетіні айтылды.