Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күні қарсаңында Сенатта журналистер арасындағы «Парасат» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Іс-шара барысында палата Спикері Мәулен Әшімбаев медиа өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жүлделерін салтанатты түрде тапсырды.
«Парасат» байқауы қорытындыланды
191
оқылды

Сенат Төрағасы байқау лау­реаттарын құттықтай келе, қо­ғамдық пікір қалыптастыру және ұлтты ортақ мүддеге ұйыстыру жо­лында бұқаралық ақпарат құ­ралдары маңызды рөл атқара­тынын айтты. Сондай-ақ ол жур­­налистер мемлекет пен аза­маттар арасындағы алтын көпір, әлеу­меттік ахуалдың барометрі екеніне назар аударды. Шын мәнінде, БАҚ өкілдері елде бо­лып жатқан өзгерістердің мәнін халыққа жет­кізіп, әртүрлі көз­қарасты көр­сетеді. Мәулен Әшім­баев өз сөзінде елдің әлеу­меттік-эко­номикалық және саяси бағдары­ның басым ба­ғыттарына тоқталып, кездесуге қатысушыларға әділетті, қауіпсіз, таза және қуатты Қазақ­станды құруға қосып келе жатқан бел­сенді үлестері үшін алғыс айтты.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде кешенді реформалар іске асырылып жа­тыр. Олар эко­номика­ны әртарап­тан­дыру, өмір сүру сапасын жақ­сарту және азамат­тардың әл-ауқатын арт­тыруды көздейді. Сапалы бі­ліммен және меди­циналық қыз­метпен қамтама­сыз ету мәсе­ле­леріне баса мән берілуде. Аза­маттардың елімізде болып жатқан өзгерістер жөнінде толық және объективті ақпарат алуы сіздерге тікелей бай­ла­нысты. Сондықтан журналис­тердің қыз­меті қашанда құрметке лайық. Осы ретте журналистердің пар­ламенттік пулының жұ­мы­сына да ерекше тоқталғым келеді. Сіздер Сенаттың Мемлекет бас­шысының рефор­маларын заң­намалық тұр­ғыдан қамтамасыз етуге арнал­ған қыз­метін дәйекті және жедел на­сихат­тап, қабыл­данған заңдар­дың мәнін түсін­діріп, әділетті, қауіпсіз, таза және қуатты Қазақстан құруға елеу­лі үлес қосып келе­сіздер», – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар Мәулен Әшім­баев палата жұмысының қо­рытын­дысына назар аударып, сенаторлардың өңірлерде өткіз­ген көшпелі отырыстарынан хабар тарату арқылы қоғамды толған­дырған өзекті мәселелерді оң шешу ісінде БАҚ-тың ықпалы зор екенін тілге тиек етті. Депу­таттық сауал­дарды, тұрақты ко­митет­тердің қыз­метін және қара­латын заңдарды уақ­ытылы әрі объек­тивті жариялау­дың маңыз­ды екені де сөз болды.

Жалпы, биыл Сенат ұйым­дастырған «Парасат» байқауына 100-ден астам жұмыс келіп түсті. Авторлардың қатарында теле­арналардың, баспасөздің, ақпа­рат порталдарының және өзге де отандық медианың журналистері бар.

Үздік телевизиялық материал: Азамат Нұғыманов (Qazaqstan телеарнасы), Ботагөз Базарбаева («24KZ» телеарнасы), Анна Абрамова («КТК» телеарнасы).

Мерзімді баспасөздегі үздік материал: Гүлнәр Жолжанова (Egemen Qazaqstan газеті), Гүл­жиған Тұрсынова («Жетісу» об­лыстық газеті), Раушангүл Нұр­шаева («Литер» газеті).

Интернет-басылымдағы үздік жарияланым: Жанар Сердалина (BestNews.kz ақпарат агенттігі), Надежда Алишпаева (Tengrinews.kz ақпарат агенттігі).

Әлеуметтік желілердегі үздік жазба: Ержан Жаубай – журналист. 

Жылдың арнайы сыйлығы – «Үздік аналитикалық материал»: Ақбөпе Тәңірберген және «Еура­зия Бірінші арнасы» телеарнасы «Заң мен Ел» бағдарламасының ұжымы; ҚР Президенті Теле­радио­кешені Jibek Joly теле­арна­сының ұжымы.

«Парламенттік журналис­тиканы дамытуға қосқан үлесі үшін»: Советхан Жағиев (Qazaq­stan телеарнасының видео­опера­торы).