Аталған іс-шара «Бозоқ – Өңірлерде» акциясы аясында өтті.
Бозоқ қорық-музейінде «Қымызмұрындық» фестивалі өтті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
316
оқылды

«Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы – халқымыздың көне дәстүрлерінің бірі. Мұнда «Қымызмұрындық» мейрамына арналған республикалық этнофестиваль ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Фестивальге жетекші отандық және шетелдік ғалымдар, этнографтар, өнер қайраткерлері қатысты. Бағдарламада этнографиялық қойылымдар, қымыз ашыту рәсімі мен ұлттық тағамдардан дәм тату, қолөнер шеберлерінің жұмыстары қойылған көрмелер мен таныстырылымдар ұйымдастырылып, этно-ансамбльдер мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. 

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 2018 жылы «Қымызмұрындық» дәстүрі ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енді. Бұл – халқымыздың өмір салты, дүниетанымы табиғатпен үндес екенінің айғағы. 

Аталған іс-шара «Бозоқ – Өңірлерде» акциясы аясында өтті. Фестиваль Бозоқ Ұлттық археологиялық паркінің құрылу туралы тарихи-мәдени жобаны кеңінен насихаттау, сондай-ақ Еуразия далалық өркениеттерінің материалдық емес мұрасын сақтау мен қайта жаңғырту мақсатында ұйымдастырылды. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлттық дәстүрлерді сақтау – бұл тек мәдени құндылық қана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру мен рухани сабақтастықты нығайтудың негізі. 

2021-2023 жылдар аралығында «Бозоқ» музей-қорығы дала этнографиясы бойынша ауқымды ғылыми-зерттеу экспедицияларын жүргізіп, нәтижесінде «Еуразия даласының қымыз мерекесі: лейтмотив, жады және сәйкестік» атты ғылыми жинақ жарық көрді. Сонымен қатар «Қымызмұрындық» мерекесі ресми түрде бекітілді.   

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.