Алдын ала мәлімет бойынша, көтеру кезінде лифт жабдығының жұмысы бұзылған.
"Ол лифтіге велосипедпен кірген": Атырауда 11 жастағы бала лифт шахтасына құлап кетті
istockphoto.com
618
оқылды

Оқиға Атыраудың "Береке" шағынауданында болған. 11 жастағы бала лифт шахтасына құлап кеткен, деп хабарлайды Аikyn.kz сайты. 

11 жастағы бала лифтіге велосипедпен кіруге тырысқан. Алайда кенеттен лифт есігі жабылып қалды. Содан бала сыртта, ал велосипед белбеу мен кабинаның арасында қалып қалған. 

Лифт көтеріле бастағанда, бала велосипедті жібермей қойған. Сөйтіп, онымен бірге еденнен көтерілген. Сол сәтте қолы талып, оны жібере салған. Сөйтіп, шахта ішіне құлап кеткен.

Көрер жарығы бар екен, бала дін аман қалған. Оны ауруханаға жеткізіп, медициналық көмек көрсетілген. Ол ешқандай ауыр жарақат алмаған. 

Қазір бұл іс жайында тексеру жұмысы тағайындалды.

Артынан Атырау әкімдігінің түсініктемесі жарияланған. Олардың мәліметінше, көтеру кезінде лифт жабдықтарының жұмысы бұзылған.

"2025 жылғы 27 маусымда Атырау қаласында  "Береке" шағынауданы, 23-үй мекенжайындағы көппәтерлі тұрғын үйдің лифтті пайдалану кезінде жасөспірімнің қатысуымен оқиға тіркелді. Алдын ала мәліметтер бойынша, көтеру кезінде лифт жабдықтарының жұмысы бұзылған. Зардап шеккендер жоқ, ешкім медициналық көмекке жүгінген жоқ",  делінген хабарламада.

Лифтке қызмет көрсететін мердігер  "КаспийЛифт" ЖШС. Лифт тұрғындардың үлестік меншігінде. Әкімдік қазір лифтіні қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету үшін кезектен тыс техникалық тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.