Тексеру барысында қала тұрғынының отбасылық және тұрмыстық кикілжіңнің әсерінен ауыр өмірлік жағдайға душар болғаны анықталды.
Түркістанда полицейлер жас жігіттің өмірін сақтап қалды
Фото: polisia.kz
748
оқылды

Түркістан стансасындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері үйлесімді әрі жедел әрекет етіп, қайғылы жағдайдың алдын алып, жаяу жүргіншілер көпірінен секірмек болған жас жігіттің өмірін сақтап қалды,  деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға осы жылдың 26 маусымында болды. Түркістан стансасындағы желілік полиция бөлімшесінің патрульдік қызметінде жүрген полиция кіші сержанты Айдарбек Нұрсұлтан теміржолдардың үстінен өтетін аспалы көпірдің қоршауынан секіруге әрекет еткен азаматты байқаған. Бір сәт те ұттырмай, полиция қызметкері жедел әрекет етіп, азаматтың қолынан ұстап, әңгімелесіп, оны ұстап тұруға тырысып, көмек келгенше уақытты созуға тырысты.

Көлік полицейлерінің үйлесімді және жедел әрекеттерінің, сондай-ақ Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің арнайы өрт сөндіру техникасымен бірге атқарған жұмыстары нәтижесінде азамат көпірден аман-есен түсіріліп, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды.

Тексеру барысында, қала тұрғынының отбасылық және тұрмыстық кикілжіңнің әсерінен ауыр өмірлік жағдайға душар болғаны анықталды. Оған қажетті моральдық-психологиялық көмек көрсетілді.